Сұрапыл соғыс миллиондаған тағдырды өзгертіп, талай баланы ерте есейтті. Солардың бірі –
17 жасында майданға аттанып, Қиыр Шығыстағы ұрыстарға қатысқан Николай Ступка.
Павлодар қаласының тұрғыны, соғыс ардагері Николай Ступканың өмір жолы тұтас бір дәуірдің айнасы іспетті. Ол 1927 жылы 7 мамырда Украина жеріндегі Харьков облысының Алексеев ауданында дүниеге келген. Балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіп, небары 5-сыныпты аяқтаған тұста сұрапыл соғыс басталады. 1944 жылы 17 жасында Қызыл Армия қатарына шақырылып, майдан даласына аттанады. Жас жауынгер Қиыр шығыстағы ұрыстарға қатысып, Квантун армиясының бөлімдеріне қарсы шайқастарда ерлік көрсетеді.
Ел басына күн туған шақта Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, 1950 жылы туған жеріне аман-есен оралады. Соғыстан кейінгі жылдары еңбекке араласып, 1951 жылы Харьков жиһаз комбинатында ағаш кесу цехында жұмыс істеп, кейін өрт сөндіру басқармасына ауысады. Ал 1955 жылы Павлодар қала-сына қоныс аударып, «Пром-строй» мекемесінде шебер болып еңбек етеді. 1957–1971 жылдары автоколоннада аға шебер, ал 1972 жылдан бастап №1 автоколоннада механик қызметін атқарды. 1983-1987 жылдары 5-разрядты слесарьлар бригадасының бригадирі болған.
Николай Ступканың майдандағы ерлігі мен еңбегі еленіп, ол «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен, сондай-ақ ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған.
Нұрайым Қалыбек.
