Соңғы бір-екі айда облыс әкімімен аудандарды аралап, шаруалардың жұмысымен танысуға мүмкіндік туды. Ірі шаруашылықтардың иелігіндегі заманауи, құны қымбат су жаңа техниканы көріп таң қалыстық. Ал ұсақ шаруашылықтар әлі күнге дейін кеңес заманындағы техниканы тізгіндеп жүр.

 

Облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожиновтың айтуынша, қос шаруашылықтағы айырмашылық 50 жылды құрайды. «Елу жылда ел жаңа» демекші, кейбір шаруашылықтар әлі күнге дейін техникаларын жаңарта алмай отыр. Жаңартқысы келеді-ақ. Ішінде тоңазытқышы, желдеткіші, магнитофоны бар тракторға кім мінгісі келмейді? Әкімдіктегілер «өздері ниетті емес, әйтпесе түрлі мем-лекеттік бағдарламалар бар» деп өздеріне шаң жуытқысы жоқ. Шын мәнінде, енді кәсібін дөңгелетіп жатқан шаруаларға техника алу оңайға соқпайды. Көп жағдайда талаптарға сәйкес келмей жатады. Кепілге қоятын қымбат мүлік болмаған соң бұрынғы техникасымен әрекет етуге мәжбүр. Бүгінде нарықтағы трактордың бағасы – кемі 7-8 миллион теңге, комбайн 15-30 миллион теңге аралығында екенін ескерсек, шаруасын енді ғана дөңгелетіп жатқан азаматтарға лизингтің көмегі көп. Ең бастысы, кепілдік затың болса жеткілікті. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Павлодар облысы филиалы өкілдерінің мәліметінше, «Агротехника» бағдарламасы бойынша техникалар 14 пайыздық мөлшерлемемен үлестіріледі. Оның 10 пайызы субсидияланады. Демек, шаруалар техниканы небары 4 пайызбен сатып алады. Бір артықшылығы, шаруалар бағдарлама шеңберінде бөлінген қаражатқа қол жеткізгеннен кейін нарықтан бастапқы белгіленген бағадағыдан арзан техниканы тауып ала алады. Яғни, біраз ақшасы қалтасында қалады. Сондай-ақ, несие берешегін жылдың кез келген уақытында бөліп-бөліп қайтаруға мүмкіндігі бар. Май ауданының ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және ветеринария бөлімінің мәліметінше, соңғы бір-екі жылда жергілікті шаруалар 70-ке жуық техника сатып алған. Биыл да өтініш бергендер аз емес. Десе де, кейбір кезде кепілдік зат пен алғашқы жарнаны төлеу жағы қолбайлау болатынын жасырмайды. Павлодарлық шаруалардың қолындағы техникалардың ескі екенін ауыл шаруашылығы басқар-масындағылар да жиі айтып жүр. Атап айтсақ, бүгінде облыс бойынша тракторлардың 88 пайызы, комбайнның 78 пайызы ескі. Көбі 15 жылдан бері қолданыста жүр. Көктемгі дала жұмыстары кезінде, жиын-терім кезеңінде техникаң сыр берсе, орта жолда опық жеп қалуың әбден мүмкін. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының маманы Қанат Ибраевтың мәліметінше, 1985 жылы бір тракторға 92 гектардан келсе, 2018 жылы жүктеме 132 гектарға дейін өскен. Комбайнның жүктемесі де осы аралықта 131-ден 521-ге артқан. Яғни, жыл сайын егіс алқабы артқанменен, техника паркінің әлеуетін арттыру жағы бәсеңдеп тұр. Еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес, алдағы жылдары еңбек өнімділігін екі есеге арттыру көзделген. Межеге қол жеткізудің бірден-бір жолы — техника паркінің жаңартылуы екені сөзсіз.

О.АХМАДИЯ.