Ұлағатты ұстазға құрмет

Мау 4, 2026

Май ауданы Қаратерек ауылындағы орта мектепте заманауи үлгіде жабдықталған жаңа география кабинеті ашылды.

Аталмыш бөлмеге Ұлы Отан соғысының ардагері, саналы ғұмырының 58 жылын ұстаздық қызметке арнаған педагог Әбдікәрім Қабаевтың есімі берілді.

Қаратерек мектебінің негізін қалаушылардың бірі болған Әбдікәрім Қабаев ұзақ жыл бойы география пәнінің мұғалімі, мектеп директоры, оқу ісінің меңгерушісі және аудандық білім бөлімінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Ұлағатты ұстаздың туғанына 101 жыл толуына орай ұйымдастырылған аталмыш шара соңғы қоңырау мерекесімен тұспа-тұс келіп, жаңартылған география кабинетінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Мектеп директоры Ләйлә Қайсинаның айтуынша, кабинетті ашудағы басты мақсат – ұстаздың өнегелі еңбек жолын жас ұрпаққа таныту және оның білім саласына сіңірген еңбегін ұлықтау.

– Әбдікәрім Қабаев — осы мектептің іргетасын қалауға атсалысқан азамат-тардың бірі. Мектеп ғимаратын оқушылармен бірге тұрғызуға да еңбек сіңірген. Сондықтан өскелең ұрпақ ол кісінің еңбегін біліп өссін деген ниетпен кабинетке есімі берілді. География кабинеті бүгінгі заман талабына сай жабдықталды. Мұнда оқушыларға қажетті стендтер, глобустар және түрлі оқу құралдары орналастырылған, – деді мектеп басшысы.

Айта кету керек, жаңа кабинетті жабдықтауға бастамашы болып, қолдау көрсеткен – Әбдікәрім Қабаевтың ұрпақтары.


А.БОРАНБАЕВА.

МАЙ АУДАНЫ