Жағажайды жайлы етуде

Мау 4, 2026

Жаздың аптап ыстығында адамдар өзен-көл жағасынан сая іздейді. Мұндайда сақтық үшін тұрғындардың жабдықталған орындарда шомылуы қажет. Сондықтан, қала-аудан әкімдіктері арнайы жағажай алаңдарын реттеп, жаз мезгіліне жайлы етуде.

Железин ауданының орталығында жағажайды дайындау жұмыстары басталып кетті. Железинка ауылдық округінің әкімі Қанат Айсақовтың айтуынша, қазіргі таңда жағажайға орнатылатын шатыр, күнге қыздырынуға жататын орындар құрастырылуда.

– Өзен суының тартылып, жағажайдың кепкенін күтіп отырмыз. Әдетте, су маусым айының 10-ына қарай  толық тартылады. Бүгінде жағажайды реттеп, қажетімен жабдықтайтын мердігер анықталды. Тендерді «Ынталы жүрек» мүгедектердің қоғамдық бірлестігі жеңіп алды. Жылда жағаны су шайып кетеді. Сондықтан жаңа маусымға қайтадан құм төгіп, реттейміз. Одан бөлек, қажетті жуынатын, киім ауыстыратын орындарды сырлап, жөндейміз. Биыл олардың біразы жаңадан орнатылады, – дейді Қанат Жұмабайұлы.

Абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Жаңадан 6 орындық орнатылады. Күн көзіне жатып, қыздырынатын қосымша 6 жаңа ағаш орын қарастырылады. 2 жуынатын орын, дәретхана қойылады. Балалардың қауіпсіз шомылуы үшін арнайы аймақ қоршалып, ұйымдастырылады. Сонымен қатар, құтқарушылардың жоғарыдан айналаны бақылауы үшін биыл бірінші рет мұнарасы орнатылмақ.

Г.ТҮГЕЛБАЙ.

ЖЕЛЕЗИН АУДАНЫ