Бүгінгі таңда өңірдегі шаруалар шабындық маусымының бір күнін шашау шығармай жұмысқа мығым кіріскен. Қыстаққа мал азығының мол қорын дайындау — қазір басты міндет. Ала жаздайғы аптап ыстық аз-ақ күнде шегініп, тамылжыған тамыз да күздің кешкі салқынын сездіре бастады. Сонымен, күз де келеді. Бұл енді «балапанды санайтын уақыт». Не шаруа тындырылды? Ауыл тірлігі не болып жатыр? Қыр астындағы қысқа әзірліктің шамасы қандай? Осы сұрақтар төңірегінде әңгімеміз өрбімек.
Биылғы жаз мезгілі жылдағыдан өзгеше болып тұр. Көктемгі жауын-шашынның аз болуы, су тапшылығы, аптап ыстық пен өкпек желге байланысты өңірдегі егістік алқаптар мен шабындықтарда шөптің өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. Бұндай жағдайда шөп тапшылығының алдын алып, сапалы әрі құнарлы мал азығын өндіру басты мәселеге айналады. Шілденің ортасынан бастап шабындыққа шалғы салған шаруа атаулы әл-ауқатынша мал азығымен қамдануда. Алайда шөп шығымына көңіл толмайды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 тамызға дейін облыс бойынша шөп шабатындар 518,2 мың гектар алқапты қамтыды. Бұл ірі қара мал азығын жинауға болатын барлық алқаптардың 31,6 пайызын құрайды. Өткен жылы 14 тамыздағы жағдай бойынша 894 мың гектардан астам шөп шабылған болатын-ды. Демек, мал шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз ету үшін шұғыл шараларды қолға алу қажеттігі күннен-күнге айқындалуда. Сондай-ақ, ресми мәліметтерге сүйенсек, қазір өңірде бір жарым мыңнан астам шабындық жұмыс істеп тұр. Алайда, соңғы аптадағы жауын-шашынды ауа райы бірқатар аудандарда шөп шабу жұмыстарын бәсеңдеткені анық. Қалай десек те, облысымызда қандай да бір себептермен төтенше жағдайдың енгізілуіне әкеліп соқтырмаған қуаңшылықтың да өз заңдылығы бар. Сонымен қатар, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, осы апта басына қарай шаруалар өз қыстауларына 210,6 мың тонна шөп дайындап үлгерді. Облыстағы жалпы өнім гектарына 4,1 центнерді құрайды. Десе де, кейбір далалық аймақтарда бұл көрсеткіш гектарына 3,7 центнерге дейін қысқаруы да мүмкін. Мәселен, Шарбақты ауданында соңғы уақытта шөп өнімділігі гектарына 3,9 центнерден аспайды. Жалпы, Шарбақты ауданында ғана емес, Тереңкөл ауданында да осындай жағдай. Жауын-шашынның аздығы із-түссіз кетпеді. Мойындауымыз керек, облыста пішендеме жинау науқаны да көңіл көншітпейді. Қазіргі уақытта облыс бойынша осы құнды жемнің 27,9 мың тоннасы пішендік траншеяларға салынды. Оның 21 мың тоннасы Успен ауданына тиесілі. Бұл ретте аталмыш ауданның пішендеме жинауда көшбасшы болып табылатынын атап өту керек. Жақында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин және Павлодар облысы әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов жұмыс сапарымен Успен ауданына барып, мал азығын дайындау барысымен танысты. Аманғали Бейсенбайұлы мен Серік Барлыбайұлы ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесіп, егіс алаңдарын аралады. Аудан әкімі Нұрболат Мақашевтің айтуынша, Вице-министрмен шаруа-лардың кездесуінде ең маңызды мәселелер талқыланды. Оның ішінде құрғақшылықтан зардап шеккен аграршылар қаржы институттары алдындағы міндеттемелерді ұзарту, субсидиялау, дизель отыны бағасын төмендету және басқа да өзекті мәселелер көтерілді. Успен аудандық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің мәліметінше, осы жылы ауданда мал азығын дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі уақытта шаруалар гектарынан шамамен 3,9 центнерден шөп алуда. Шөп шабу науқаны басталысымен аудандағы барлық округтегі шаруагерлер өздеріне тиесілі жерлерін белгілеп, маусым айының ортасынан шабындыққа шалғы түсірді. Міне, бір айдан астам уақытын шабындық жерлерде өткізген шаруалардың көбі биылғы шөп былтырғыға қарағанда әлдеқайда сұйық деп уәж айтуда. Мұның бәрі қуаңшылықтың кесірі деп кесіп айтады. Әрине, қысқы шыңылтыр аяз бен жапалақтай жауған қалың қардың жауатын мезгілі жақындап келе жатқаны кез келген шаруа көңіліне алаң мен күдік әкелері сөзсіз. Мысалы, «Мерей» ШҚ басшысы Мұхтар Бақтапсыновтың айтуынша, алты айлық қазымыр қысқа мал азығын дайындау — қашанда күрделі, маңызды мәселе. Мал азығы — жем мен шөптің сапасы — шаруаға қосалқы жүк. Сүрлем мен пішен дайындау технологиясының заманауи мүмкіндіктерін толық игере алмай, шаруа оңбайды.
— Биыл көктемде де, жазда да жауын-шашын аз болды. Мұның зардабын енді тартып отырмыз. Жылда шабатын жерімнен малыма жетер 50-60 тіркеме шөп қамдап алатын едім. Биыл жартысы ғана шықты. Өнім мүлде жоқ. Бірақ біз қыстың қамын жазда ойлаған халықпыз ғой. Мал шаруашылығын егін шаруашылығынсыз елестету қиын. Жаз бойы 2000 тонна және былтырдан қалған 500 тонна барлығы 2500 тонна ірі сабақты мал азығын дайындап отырмыз. Бұған қоса 3500 тонна сүрлеміміз бар. Оны дайындау технологиясы көк балғынды дер кезінде жинап, жауып, бастыру біраз еңбекті талап етеді. Алайда, сүрлем бар жерде сүт бар. Яғни, мал үшін пайдасы мол әрі таптырмас азық саналады. Жем болмаса малдан мол өнім алу өте қиын. Соңғы кезде жем бағасының қымбаттауы қалтаға біраз салмақ салуда, — дейді шаруа.
А.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.