Бүгінде экология ұғымы табиғатты қорғаумен ғана шектелмей, тұрақты даму, ресурстарды тиімді пайдалану, энергия үнемдеу және экологиялық мәдениетті қалыптастыру секілді маңызды бағыттарды қамтиды. Экология саласына келу жолы әр маманда әртүрлі қалыптасады.
Кейбіреулер бұл бағытты кәсіби білім арқылы таңдаса, енді біреулер өндірістік және жобалық жұмыстар барысында экологиялық мәселелердің маңызын терең түсінеді. Осындай тәжірибе арқылы қалыптасқан мамандардың бірі – Думан Тоқашев.
Ол еңбек жолында суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарын салу жобаларына қатысып, су ресурстарын тиімді пайдалану, экологиялық талаптарды сақтау және рұқсат беру рәсімдерімен айналысты. Кейін «Тұрғын үй су электр станциясы» жобасын жүзеге асыру барысында жаңартылатын энергия көздерінің әлеуетін зерттеп, олардың тұрақты даму үшін маңызын зерттеген.
– Экология тек мемлекеттік органдардың немесе өндіріс орындарының жауапкершілігі емес. Бұл — әрбір азаматтың, кәсіпкердің және ұйымның ортақ міндеті. Табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану, энергия тиімділігін арттыру, қалдықтарды азайту және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениеті қоғамның барлық деңгейінде қалыптасуы қажет. Павлодар облысының өндірістік әлеуеті жоғары. Сондықтан өңірдің болашағы өндірісті сақтай отырып, оны экологиялық тұрғыдан барынша тиімді әрі заманауи деңгейге көтерумен тікелей байланысты деп есептеймін, – дейді «Байтақ» жасылдар партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Думан Тоқашев.
Думан Оразмұхамметұлы соңғы алты жылда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын цифрландыру бағы-тындағы кәсіпкерлік қызметпен айналысып келеді. Бұл салада енгізіліп жатқан автоматтандыру жүйелері арқылы су, жылу және электр энергиясын үнемдеуге, ресурстарды басқарудың тиімділігін арттыруға және еңбек өнімділігін көтеруге мүмкіндік алуда. Мұндай бастамалар да қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып саналады.
Таза экология мен тұрақты даму тек бүгінгі күннің емес, келешек ұрпақтың да жарқын болашағының кепілі.
Сара ӘБДОЛ.
