Жастарға жаңа мүмкіндік бар

Мау 18, 2026

Биыл 25 маусым күні елімізде колледждерге құжат қабылдау науқаны басталады. Бұл – мыңдаған жас үшін болашақ мамандығын таңдап, кәсіби білім алуға жол ашатын маңызды сәт. Осы кезеңде талапкерлер нені білуі тиіс? Қандай жаңа мамандықтар ашылады? Колледж жастарын кейін жұмыспен қамту мәселесі қалай шешілмек? Аталған сұрақтарға облыстық білім беру басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Сыздықов Жаслан Масғұтұлы жауап береді.

– Жаслан Масғұтұлы, биыл аймақ бойынша неше колледж құжат қабылдайды және жаңадан ашылатын мамандықтар бар ма?

– Алдағы жаңа оқу жылында облыстағы 42 техникалық және кәсіптік білім беру мекемесінің барлығы студенттерді қабылдайтын болады. Атап айтқанда, 28 мемлекеттік және 14 жекеменшік колледжде қабылдау комиссиялары өз жұмысын бастайды. Мамандықтар тізімі оқу орындарының мүмкіндіктері мен материалдық базасына қарай бөлінеді. Жуырда ғана, яғни 28 мамырдан 10 маусымға дейінгі аралықта колледждер арасында мемлекеттік тапсырысты орналастыру конкурсы өткізілді. Жалпы, 2026-2027 оқу жылына облыс бойынша 6 300 бюджеттік орын жоспарланған.

Атап өтерлігі, осы оқу жылында нарық сұранысына сай 3 жаңа мамандық ашылады деп күтілуде. Соларға тоқталар болсақ, «Қашықтықтан басқарылатын пилотталатын авиациялық жүйе» (07161100),  «Нан пісіру, макарон және кондитерлік өндіріс» (07210300), «Ветеринария қолданбалы бакалавры» (08410100) сынды мамандықтар қосылмақ.

– Облысымызда қандай мамандықтарға сұраныс жоғары және грант бөлу кезінде еңбек нарығының сұранысы қаншалықты ескеріледі?

– Аймақтағы кадрлық теңге-рімсіздікті жою мақсатында мемлекеттік тапсырыс гуманитарлық-сервистік бағыттан техникалық-өндірістік салаға ауысты деп айтуға болады. Қазіргі таңда жоғары сұранысқа ие мамандықтардың қатарында инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары көш бастап тұр. Жалпы, бюджеттік орындардың 52,94 пайызы осы бағыттарға тиесілі екенін атап өткен жөн. Нарықта дәнекерлеушілер, токарьлар, электромонтерлер, техниктер мен ауыл шаруашылығы мамандары тапшы. Сонымен қатар, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру, медицина, ветеринария мамандықтарына да сұраныс жоғары болып тұр.

Әрине, мамандықтарды бөлу кезінде еңбек нарығының сұранысы ескеріледі, есепке алынады. Мемлекеттік тапсырыс «Атамекен» ҰКП-ның 2026–2028 жылдарға арналған талдауы мен өңірдегі ірі кәсіпорындардың тікелей өтінімдері негізінде жасалған болатын. Мәселен, облысымызға алдағы 5 жылда жалпы қажеттілік 35 494 адамды құраса, тек ағымдағы 2026 жылдың өзінде кәсіпорындар мен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан 9 819 маманға нақты сұраныс түсіп отыр.

– Колледжге оқуға түскісі келетін талапкерлер нені білуі тиіс? Яғни, қандай құжаттар жинайды? Онлайн тапсыруға бола ма? Қабылдау комиссиясының жұмысы қашан аяқталады?

– Негізі, барлық ақпарат облыстық білім беру басқарма-сының ресми сайтында жарияланған. 25 маусымнан бастап аймақтағы
42 колледжде қабылдау комис-сиялары жұмыс істейді. Жұмысшы мамандықтарға құжат қабылдау мерзімі 25 тамызға дейін жалғасады. Талапкерлер құжаттарын келіп тапсыруларына да немесе өңірлік білім беру порталдары арқылы онлайн берулеріне де болады.

Ал нақты қандай құжат жинау қажет десеңіз, әдеттегідей қабылдау туралы өтініш, аттестат немесе диплом, 3х4 см көлеміндегі 4 дана фотосурет, №075-У нысанындағы медициналық анықтама және флюорографиялық зерттеудің қорытындысын (суретімен бірге) тапсыру керек. Сондай-ақ, сәйкестендіру үшін міндетті түрде жеке басын куәландыратын құжат болуы тиіс.

– Колледж тәмамдаған студенттердің жұмысқа орналасу көрсеткіші қалай?

– Облыстағы колледж түлектерінің мамандық бойынша жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары деңгейде деп айтуға болады. Яғни, оң динамика байқалады. Өткен жылдың қорытындысына келер болсақ, мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуын аяқтаған 5 356 түлектің 3 342-сі (62,4 пайыз) өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Ал ағымдағы жылғы алдын ала болжамды көрсеткіш айтарлықтай өсіп, 65 пайыздан асады деп күтілуде. Бұл таңдалған дайындық бағыттарының дұрыстығын және өңірдегі өндіріс орындарының түлектерге деген жоғары сұранысының нақты дәлелі екені сөзсіз.

– Ақпаратыңызға рақмет!

Нұржайна ШОДЫР.