Кейде қарапайым ғана сүйек шебердің қолына түскенде ерекше өнер туындысына айналады. Ал сол өнердің қыр-сырын жас ұрпаққа үйретіп, ұлттық мұраны жаңғыртып жүрген жандардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Солардың бірі – Баянауыл ауданындағы Қ.Кемеңгеров атындағы орта мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Есенкелді Бәкеев.
Ұстаздық жолда 20 жылдан астам уақыт табанды еңбек етіп келе жатқан Есенкелді Жұмагелдіұлы ұлттық қолөнерді дәріптеуге де үлес қосып жүрген шебер. Ол соңғы 10 жыл көлемінде қазақ халқының көне кәсіптерінің бірі – сүйек өңдеу өнерімен айналысып келеді. Бүгінде ол өзінің негізгі педагогикалық қызметімен қатар «Балалар шығармашылық үйі» филиалы жанындағы «Сырлы сүйек» үйірмесін жүргізіп, жас ұрпаққа ұлттық мұраның қыр-сырын үйретуде.
Үйірмеге қатысатын 39 оқушы сүйек өңдеу өнерінің ерекшеліктерін меңгеріп, табиғи материалдан түрлі бұйым жасауды үйреніп жүр. Олар сүйектен ожау, тұрмыстық заттар, сәндік бұйымдар мен әртүрлі мүсін дайындайды. Кейбір оқушылар жануарлар мен құстардың бейнесін шебер сомдаса, енді біреулері өздерінің қиялынан туған тың туындыларды дүниеге әкеледі. Мұндай жұмыстар балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытып қана қоймай, олардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырып, тарихи танымын кеңейтеді.
Есенкелді Жұмагелдіұлы сабақ барысында дәстүрлі өнерді заман талабына сай технологиялармен үйлестіруге ерекше мән береді. Оқушылар арнайы құралдардың көмегімен дайын бұйымдарға гравировка жасап, қазақтың ұлттық ою-өрнектерін жаңа үлгіде безендіреді. Бұл балалардың қолөнерге деген қызығушылығын арттырып, олардың заманауи көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді.
Шебердің айтуынша, сүйек – табиғи әрі ерекше материал. Оны өңдеу барысында бала тек қолөнер жасауды емес, еңбекқорлықты, төзімділікті, ұқыптылықты және табиғатты құрметтеуді де үйренеді. Әрбір бұйым үлкен еңбектің, шыдамдылық пен ізденістің нәтижесінде пайда болады. Сондықтан көне өнерді бүгінгі ұрпаққа қызықты әрі түсінікті түрде жеткізу аса маңызды.
– Сүйекті өңдеудің әдістері, жолдары бар. Қажетті сүйекті 3-4 сағат қайнатып, әбден тазартып аламыз, тазарған сүйекті ас содасына салып, 2-3 сағат қайнатамыз. Судан алып, жақсылап кептіріп, кепкен сүйекке сурет-сызба жұмысын жүргіземіз. Сол арнайы сызылған сызба бойынша кесіп-тесіп өңдеу жұмысы атқарылады. Материалдың сапасы да маңызды рөл атқарады. Семіз малдың сүйегі берік әрі өңдеуге қолайлы болса, арық малдың сүйегі нәзік келіп, тез сынғыш болады, – дейді шебер.
Ауылдық жерде тұратындықтан, Есенкелді Жұмагелдіұлы қажетті шикізатты оңай табады. Әсіресе соғым маусымында жиналған жауырын, жілік сүйектері мен түрлі мүйіз кейін шебердің қолында әсем өнер туындыларына айналады. Оның әрбір жұмысы ұлттық нақышымен, өзіндік ерекшелігімен және жоғары шеберлігімен құнды.
Алайда шебер дайындаған бұйымдарын саудаға шығармайды. Ол өз туындыларын жақындарына, әріптестеріне және өнерді бағалайтын жандарға сыйға тартып, ұлттық мәдениетті насихаттауды басты мақсат санайды. Өйткені ол үшін бұл кәсіп — табыс табудың көзі емес, халқымыздың рухани мұрасын сақтап, келесі ұрпаққа жеткізудің маңызды жолы.
«Әр оқушы – ұлттық өнердің болашақ жалғастырушысы» деген қағиданы ұстанған ұстаздың еңбегі — көпшілікке үлгі. Осындай жанашыр азаматтардың арқасында ата-бабадан қалған асыл мұра ұмытылмай, жаңа заманмен үндесіп, қайта жаңғырып келеді. Есенкелді Жұмагелдіұлы секілді ұстаздардың еңбегі ұлттық құндылықтарды сақтап қана қоймай, оларды болашақ ұрпақтың санасына сіңіруге зор ықпал етеді.
Айдана БОРАНБАЕВА.
