Пластикалық ота: сұлулық па, әлде қауіп пе?

Мау 25, 2026

Елімізде қазіргі уақытта  сұлулық индустриясында пластикалық отаның асығы алшысынан түсіп тұр. Сала мамандарының айтуынша, 2025-2026 жылдары жиі жасалатын оталардың қатарында блефаропластика, ринопластика, липосакция, маммопластика және абдоминопластика бар. Алайда сұлулыққа ұмтылыстың екінші қыры да жоқ емес. Күткен нәтижеге қол жеткізе алмай, денсаулығына зиян келтірген жандар да жиі кездеседі. Сондықтан пластикалық хирургия қоғамда қызу пікірталас туғызған тақырыптардың біріне айналып отыр. Сонымен, пластикалық отаға деген қызығушылықтың артуына не әсер етті? Оның адам денсаулығы мен қоғамға ықпалы қандай? Осы мәселені біз де «Алаңның» талқысына салып көрдік.

Еркін НҰРҒАЛИЕВ, «Poliklinika №1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің хирургия бөлімшесінің меңгерушісі:

– Жалпы, медицинада реконструктивті хирургия деген үлкен бағыт бар. Оның негізгі міндеті – жарақаттардың, түрлі аурудың немесе туа біткен ақаулардың салдарынан зақымданған ағзалардың қызметі мен табиғи пішінін қалпына келтіру. Бұл сала адамның сыртқы келбетін түзетумен ғана шектелмейді. Бастысы – науқастың қалыпты өмір сүруіне мүмкіндік беріп, қозғалу, сөйлеу, тыныс алу сияқты маңызды функцияларды қайта қалпына келтіруге ықпал ету.

Уақыт өте келе осы саладан пластикалық хирургия бағыты қалыптасып, бүгінде оған қызығушылық танытатын адамдардың қатары артты. Дегенмен, менің бұл салаға қатысты көзқарасым түбегейлі қарсы. Себебі егер ешқандай жарақат, ақау немесе дерт болмаса, мұндай ота жасаудың еш қажеті жоқ. Керісінше, салауатты өмір салтына мән берілген жөн деп есептеймін. Мәселен, тұрақты түрде спортпен айналысу, дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерден арылу – денсаулықты нығайтудың ғана емес, сыртқы келбетті жақсартудың да табиғи жолы.

Қазіргі қоғамда адамдар жылдам нәтиже іздеп, хирургиялық араласуға жиі жүгінеді. Алайда кез келген ота белгілі бір тәуекелмен байланысты екенін ұмытпау керек. Сондықтан адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, ағзаның табиғи мүмкіндіктерін барынша пайдаланғаны әлдеқайда тиімді деп есептеймін.

 

Салтанат ШӘМКЕНОВА, кәсіпкер:

– Пластикалық отаны толықтай қолдаймын. Себебі әр адамның өз денесі мен сыртқы келбеті туралы шешім қабылдауға құқығы бар деп есептеймін. Егер адам айнаға қарағанда өзін жайсыз сезінсе, белгілі бір ерекшелігіне байланысты ұялатын болса немесе сырт келбетін өзгертуді қаласа, оған ешкімнің тыйым салуға қақысы жоқ.

Қоғамда пластикалық отаға қатысты әлі де стереотиптер көп. Кейбір адамдар оны еркелік немесе артықшылық деп қабылдайды. Алайда адамның ішкі жай-күйі мен өзіне деген сенімі көбіне сыртқы келбетпен де байланысты болады. Өзін тартымды әрі сенімді сезінген адам жұмыста да, қоғамда да, жеке өмірінде де белсендірек болады.

Қазіргі медицина қарқынды дамып келеді. Білікті мамандар мен заманауи технологиялардың арқасында көптеген операция қауіпсіз әрі тиімді жүргізіледі. Әлемнің көптеген елінде пластикалық хирургия қалыпты медициналық қызмет ретінде қабылданған. Сондықтан бұл мәселеге ескірген көзқараспен қараудың қажеті жоқ.

Менің ойымша, адамның бақытты болуы мен өзіне риза болуы – маңызды құндылықтардың бірі. Егер пластикалық ота біреуге өзін жақсы көруге, комплекстерінен арылуға және жаңа өмір бастауға көмектессе, оны қолдау керек. Бұл – сән қуалау емес, адамның өзіне деген қамқорлығы мен жеке таңдауы.

 

Мерей СЕРІКБАЙҚЫЗЫ, Екібастұз қаласының тұрғыны:

– Пластикалық хирургияға қатысты қоғамда әртүрлі пікірдің болуы заңды деп ойлаймын. Біреулер оны медицинаның жетістігі ретінде қабылдаса, енді біреулер табиғилықтан алыстататын құбылыс деп санайды. Меніңше, бұл мәселеге біржақты баға беруге болмайды.

Бүгінде пластикалық хирургия тек сыртқы келбетті өзгертуге емес, түрлі жарақат пен туа біткен кемістіктерді түзетуге де көмектесіп келеді. Сондықтан оның медицинадағы маңызын жоққа шығару дұрыс емес. Сонымен қатар, эстетикалық мақсаттағы оталар да кей адамдардың өзіне деген сенімін арттырып, психологиялық жай-күйін жақсартуы мүмкін. Дегенмен, кез келген шешім саналы түрде қабылдануы керек. Адам пластикалық отаға жүгінер алдында оның қажеттілігін, ықтимал тәуекелдерін және салдарын толық түсінгені жөн. Әлеуметтік желілердегі трендтер немесе қоғамның пікірі мұндай маңызды шешімге әсер етпеуі тиіс.

Менің ойымша, бұл мәселеде бастысы – таңдау еркіндігі мен жауапкершілік. Пластикалық ота жасатуды таңдаған адамдарды да, табиғи қалпын сақтауды жөн көргендерді де айыптауға болмайды. Әр адамның өз денесі мен өміріне қатысты шешім қабылдауға құқығы бар, ал қоғам сол таңдауға түсіністікпен қарауы керек.

«Алаңды» үйлестірген – Айдана БОРАНБАЕВА.