Еңселі елорда — ел үміті

Шіл 2, 2026

Астана – бас қала ғана емес, мыңдаған адамның тағдырын тоғыстырған мүмкіндіктер мекені. Елорда еңсесін көтергеннен бері оның әр кірпішімен бірге жаңа өмірлер қаланып, жаңа армандар жүзеге асып келеді. Сол көштің басы-қасында павлодарлықтар да бар екенін атап өткен жөн. Олардың бірі мемлекеттік қызметтің биігінен көрінсе, енді бірі білім, ғылым, мәдениет саласында жемісті жұмыс істеп, жас шаһардың дамуына өз үлестерін қосуда. Еуразия жүрегінде еңбек етіп жүрген жерлестеріміздің әрқайсысының Астана туралы өз айтары, алған әсерлері бар.

Астана күні қарсаңында біз елордаға қоныс аударған павлодарлықтардың қазіргі тыныс-тіршілігі мен бас қала жайлы жарқын естеліктерін бөліскенді жөн көрдік.

Сенімге селкеу түспеді

Елорданың күн сайын көркейіп келе жатқанын көрген сайын ұрпағымның болашағы жарқын болады, қазіргі жастар бақытты екен ғой деп қуанамын.

Өзім Астанада алты жылдан бері тұрып келемін. Алғаш рет қоныс аударғанымда, жаңа ортаға үйрене аламын ба деген қорқыныш болған еді. Бірақ уақыт өте келе елорда мен үшін жай қала емес, шабыт сыйлайтын, үміт ұялататын мекенге айналды.

Бұл қаланың ең басты ерекшелігі – күн сайын жаңарып, дамып келе жатқандығы. Кеше ғана бос жатқан аумақта бүгінде еңселі тұрғын үйлер бой көтеріп, жаңа мектептер мен әлеуметтік нысандар пайдалануға берілуде. Қуантарлығы, олардың барлығы жайлы деп айтуға болады. Мысалы, біз тұратын көпқабатты үйде жан-жақты жағдай жасалған. Яғни, лифтісі, қауіпсіздігі, коммуналдық қызметтердің жедел жұмысы тұрғындардың алаңсыз өмір сүруіне бағытталған. Сондай-ақ, үйіміздің дәл жанында №93 қазақ мектебінің орналасқаны үшін де қуанамыз. Онда балалардың ана тілінде сапалы білім алуына мол мүмкіндік қарастырылған. Сонымен қатар, жаңа саябақтар, балалар ойын алаңдары, демалыс орындары көбейіп келеді. Осындай игі істерді көрген сайын мемлекет халықтың әл-ауқатын арттыруға шынайы көңіл бөліп отырғанын байқаймыз.

Астананың мәдени өмірі де ерекше әсер қалдырады. Түрлі концерттер мен рухани кештер жиі ұйымдастырылады. Жақында ғана әнші Қарақат Әбілдинаның концертіне барып, рухани ләззат алып қайттым. Белгілі тұлғалармен жүздестім. Мұндай кездесулер адамға ерекше көңіл-күй сыйлайды.

Ең бастысы, немерелерімнің болашағына алаңдамаймын. Өйткені, олар қаладағы түрлі үйірмелерге қатысып, өз қабілеттерін шыңдап жүр. Қазіргі заман талабына сай ағылшын және қытай тілдерін меңгеруде. Осындай мүмкіндіктердің жас ұрпаққа қолжетімді болуы – ел болашағына жасалған үлкен инвестиция.

Маған ұнайтын тағы бір қасиет – Астана тұрғындарының мәдениеті мен қазақы болмысы. Адамдар бір-біріне ізетпен қарап, сыйластық танытады. Осындай ортада өмір сүрудің өзі — үлкен бақыт.

Елорданың тағы бір игілігі – жеңіл рельсті көлік жүйесі. Онда зейнеткерлерге тегін қызмет көрсетілетіндіктен, билетімді алып, қаланы аралап, жаңарған көшелерді жиі тамашалап тұрамын. Бұл – үлкен қамқорлықтың белгісі.

Әрине, туған жердің орны бөлек. Павлодарда алпыс жылға жуық өмір сүрдім. Сондықтан туған өлкемнің жаңалығын әлі күнге дейін қалт жібермей қадағалап отырамын.

Қазір зейнеткер болсам да қол қусырып отырған жоқпын. Кітап жазып, жаңа еңбектерімді жарыққа шығарудамын. Бұған Астанадағы павлодарлық депутаттар демеушілер тауып беріп, үлкен қолдау көрсетуде. Соның арқасында кітаптарымды тегін шығарып, жастарға сыйға тартып жүрмін. Бұл – елге деген перзенттік парызымның бір көрінісі деп білемін.

Өмірдің мәні – өзіңнен кейінгі ұрпаққа із қалдыру. Егер осынау еңбегім жастардың рухани дүниесін байытуға аз да болса үлес қосып жатса, қуанамын. Бұдан артық маған ештеңе керек емес.

Назымбек ДҮКЕНБАЙ,

ҚР Мәдениет қайраткері,

профессор.

 

Арманға жетелейді

Астанада тұру арманым еді. Мектепті аяқтап, Павлодардағы Б.Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжін тәмамдаған сәтте алдыма үлкен мақсат қойдым. Ол – еліміздің жүрегі, жастардың мүмкіндіктер мекені саналатын елордаға келіп, білімімді жалғастыру. Бүгінде сол арманымның орындалғанына төрт жылға жуық уақыт өтті.

Қазір мен Мақсұт Нәрікбаев атындағы университетін қолданбалы лингвистика мамандығы бойынша тәмамдап жатырмын. Сонымен қатар, жекеменшік білім беру орталығында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек етемін. Мен үшін студенттік өмір мен еңбек жолын қатар алып жүру – үлкен тәжірибе болды.

Астананы таңдауыма бірнеше себеп бар. Ең алдымен, бұл – жастар қаласы. Мұнда «ізденемін, өсемін, дамимын» деген жасқа барлық мүмкіндік жасалған. Университеттерде білім беру жүйесі халықаралық стандарттарға сай ұйымдастырылған. Мәселен, мен білім алып жүрген оқу орнында студенттер өз мамандығына қажетті пәндерді өздері таңдап, сабақ кестесін дербес құра алады. Сондай-ақ, академиялық ұтқырлық бағдарламалары арқылы бір семестр немесе бір жыл бойы шетелдік университеттерде білім алуға жағдай жасалады. Бұл – студенттің дүниетанымын кеңейтіп, кәсіби деңгейін арттыратын маңызды қадам, үлкен тәжірибе екені айтпаса да түсінікті.

Тағы бір ерекшелігі, бас қалада түрлі ғылыми форумдар, конференциялар, семинарлар мен мәдени іс-шаралар жиі өткізіледі. Осындай басқосуларға қатысу арқылы жаңа білім алып қана қоймай, түрлі саладағы мамандармен танысып, тәжірибе алмасуға болады. Бұл жастардың жан-жақты дамуына үлкен серпін береді.

Астанадағы тағы бір артықшылық – еңбек нарығының кеңдігі. Мен колледжді тәмамдағаннан кейін көп ұзамай өз мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Бүгінде университетте алған теориялық білімімді жұмыс барысында тәжірибемен ұштастырып келемін. Бұл өз кәсібімді терең меңгеруге септігін тигізді.

Жалпы, күн сайын қаланың көз алдымызда қарқынды дамуы, тұрғындарға жасалған қолайлы жағдайлар да ерекше әсер қалдырады. Сондай-ақ, Астана – еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жастардың басын қосқан орта болғандықтан, басқа өңірлерден келген адамдармен араласып, олардың мәдениетімен, салт-дәстүрімен танысу да өте қызықты екенін айта кеткен жөн.

Қазіргі уақытта ата-анам туған жерім Павлодарда тұрады. Дегенмен де, өз болашағымды Астанамен байланыстырғым келеді. Бірақ туған өлкемнің орны бөлек, әрине. Келешекте елордадағы мектепте немесе жоғары оқу орнында ұстаздық қызмет атқарып, еліміздің білім саласының дамуына өз үлесімді қосуды армандаймын. Астана маған тек сапалы білім мен тұрақты жұмыс қана емес, өзімді дамытуға, үлкен мақсаттарға ұмтылуға мүмкіндік береді, арманыма жетуіме жол ашады деп сенемін.

Тамерис АЙТБАЕВА,

жас маман.

 

Жаңа мүмкіндіктер ашылды

Менің Астанаға қоныс аударғаныма аз уақыт қана болды. Яғни, 2025 жылдың ақпан айында Павлодардан Елордаға көшіп келдім. Бұл мен үшін жай ғана қала ауыстыру емес, өмірімдегі жаңа кезең деп айтуға болады. Өйткені, жаңа өзгерістер мен мүмкіндіктерге жол ашылды.

Мен бұған дейін мемлекеттік салада жұмыс істедім. Ол жерде үлкен тәжірибе жинадым, білім беру жүйесінің ішкі процестерін көзіммен көрдім, басқару жағынан көп нәрсе үйрендім. Ал қазір жеке меншік білім беру саласында еңбек етіп жатырмын. Негізгі бағытым – тәрбие жұмысы, оқушылардың дамуы, мектеп мәдениеті, құндылықтар, қауіпсіз орта және баланың тұлға ретінде қалыптасуы.

Қазіргі таңда мен үшін ең маңыз-дысы – тәрбие жұмысын жаңа дең-гейде қарастыру. Себебі, тәрбие деген тек іс-шара өткізу ғана емес, бұл – баланың күнделікті мінез-құлқы, қарым-қатынасы, жауапкершілігі, өзіне және өзгеге деген құрметі. Осы бағытта халықаралық, мемлекеттік стандарттарды, Қазақстандағы «Біртұтас тәрбие», «Адал азамат» сияқты құндылықтарға негізделген бағдарламаларды біріктіріп, мектепке сай, нақты жұмыс істейтін тәрбие концепциясын қалыптастырумен айналысып жүрген жайым бар.

Өз басым бүгінгі мектеп тек білім беріп қана қоймауы керек деп ойлаймын. Ол баланың адам болып қалыптасуына, өз ойын ашық айта білуіне, жауапкершілік алуына, қоғамға пайдасын тигізетіндей тұлға болып өсуіне көмектесуі тиіс. Сондықтан мен қазір тәрбие жұмысын қағаз жүзіндегі жоспар емес, мектептің күнделікті мәдениеті ретінде қарастыруға бағытталған жұмыстарды қолға алудамын.

Жалпы, Астанаға көшуіме көп себеп болды. Адам кей сәтте орта ауыстырғысы келеді екен. Жаңа қала, жаңа орта, жаңа қарқын өмірді өзгертеді, шыңдайды, ширатады. Осы тұрғыдан алғанда бас қала менің көп ізденуіме мүмкіндік берді, тынысымды ашты, қабілетімді дамыта түсті деп айта аламын.

Қазіргі таңда білім саласына қатысты өз ойларымды, тәжірибемді әлеуметтік желілерде де жиі бөлісіп жүрмін. Яғни, онда бұрынғы мемлекеттік саладағы тәжірибем, бүгінгі жеке мектептегі жұмысым, тәрбие, педагогика, балалармен қарым-қатынас, мектеп мәдениеті туралы ойларымды жазамын. Себебі, тәжірибе тек өзіңде қалып қоймауы керек деген пікірдемін. Ол біреуге ой салса, бір мектепке пайдалы болса, бір мұғалімге немесе ата-анаға көмегі тисе, еңбектің еш кетпегені деп білемін.

Қуантарлығы, жеке өмірімде де жақсы өзгерістер көп. Мен Астанаға келгеннен кейін үшінші рет әке атандым. Бұрын мемлекеттік қызметте жүрген кезде жұмыс өте көп уақыт алатын. Кейде отбасыма қарауға уақыт жетпей қалатын сәттер болатын. Ал қазір отбасыма көбірек көңіл бөлуге тырысамын. Балаларымның қасында болу, олардың өсіп жатқанын көру, бірге уақыт өткізу өте маңызды екенін түсіндім.

Алайда Астанаға көштік екен деп, тек осы қалада ғана тоқтап қаламыз деген ой жоқ. Бұл өмірде жаңа қалаларды көру, жаңа ортада өзіңді сынау, тәжірибе жинау қажет. Бастысы, қай қалада жүрсем де, білім саласына, тәрбие жұмысына, балалардың дамуына қатысты өз үлесімді қоссам деген мақсат бар.

Сөз соңында айтарым, Астана маған жаңа мүмкіндік, жаңа ой, жаңа тыныс берді. Қазір мен өзімді кәсіби тұрғыдан да, отбасы жағынан да қайта құрып жатқан кезеңдемін. Мемлекеттік саладағы тәжірибемді жеке білім беру саласындағы жаңа мүмкіндіктермен ұштастырып, Қазақстанға сай, бірақ халықаралық деңгейге жауап бере алатын тәрбие жүйесін жасауға атсалысып жүрмін.

Қуаныш ҚЫДЫРӘЛИН,

білім беру саласының өкілі.

 

Айқарманы әзірлеген — Нұржайна ШОДЫР.