«Бала тәрбиесі – бесіктен» деген нақылдың астарында отбасының ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі жатыр. Жаһандану дәуірінде бұл жауапкершілік бұрынғыдан да арта түсті. Ақпараттық кеңістіктің кеңеюі, әлеуметтік желілердің ықпалы, жастардың құндылықтар жүйесіндегі өзгерістер ата-ана мен қоғам алдына жаңа міндеттер жүктеп отыр. Осындай кезеңде отбасы институтын нығайтуға бағытталған қоғамдық ұйымдардың рөлі ерекше.
Солардың бірі – 2021 жылғы 28 шілдеде құрылған «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі. Ұйымның негізін қалаушы – Нұркен Жарылқапұлы Асанов. Бірлестіктің басты мақсаты – қоғамның болашақ ұрпақ тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілігін күшейту, саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру, азаматтық сананы дамыту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
4 жылдың ішінде ұйым еліміз-дегі ірі ата-аналар қауымдастықтарының біріне айналды. Бүгінде республикалық қоғамдық бірлес-тіктің Қазақстанның 16 өңірінде филиалдары жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында 126 мыңнан астам ата-ананың қатысуымен 16 910 іс-шара өткізілді. Оның ішінде 57 республикалық және өңірлік форум, 5 симпозиум, 3 767 оқыту семинары мен 300 отбасылық байқау ұйымдастырылды. Өңірлік филиалдар ай сайын 100-ден 200-ге дейін түрлі нұсқадағы іс-шара өткізеді. Қазіргі таңда бірлестік қатарына еліміздің түкпір-түкпірінен 160 мыңға жуық ата-ана бірігіп отыр.
Ұйым білім беру ұйымдарымен тығыз байланыс орнатқан. Бүгінде 198 мектепке дейінгі ұйыммен, 1 138 мектеппен, 106 колледжбен және 27 жоғары оқу орнымен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Бұл білім беру ұйымдары мен ата-аналар арасындағы байланысты күшейтіп, тәрбие жұмысының ортақ құндылықтарға негізделуіне мүмкіндік беруде.
Бірлестіктің жұмысы халықаралық деңгейде де жоғары бағаланып келеді. Ол Еуропалық ата-аналар қауымдастығының серіктесі ретінде халықаралық форумдарға қатысып, өз тәжірибесін таныстырды. Сонымен қатар, қатарынан 3 жыл республикалық ата-аналар форумын өткізіп келеді. Бұл форум бүгінде ата-аналар, сарапшылар мен мемлекеттік органдар арасында бала тәрбиесі мен білім беру мәселелерін талқылайтын маңызды пікірталас алаңына айналған.
«Сенімен Болашақ» тек профилактикалық жұмыстармен шектелмейді. Ұйым ұлттық сана мен рухани құндылықтарды дәріп-теуге де ерекше көңіл бөліп келеді. Оның бастамасымен Алаш зиялыларының еңбектері қайта басылып, қазақ тіліне әлемдік педагогика мен психология саласындағы маңызды кітаптар аударылды. Барлығы 10 мың дана кітап ата-аналар мен педагогтарға тегін таратылды. Сондай-ақ, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығына арналған 5 томдық академиялық жинақ жарық көріп, еліміздегі мектептерге, кітапханаларға, жоғары оқу орындары мен мешіттерге үлестірілді.
Республикалық бірлестіктің бастамаларын өңірлерде жүзеге асырып отырған белсенді филиалдардың бірі – Павлодар облыстық филиалы. Филиал білім беру ұйымдарымен, құқық қорғау органдарымен, денсаулық сақтау мекемелерімен және мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп, отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізіп келеді.
Өңірде ата-аналарға арналған форумдар, семинарлар, мектептердегі кездесулер, жастармен еркін пікір алмасу алаңдары тұрақты ұйымдастырылады. Негізгі тақырыптардың қатарында балалардың цифрлық қауіпсіздігі, буллингтің алдын алу, жасөспірімдердің психологиялық саулығы, құқықтық сауаттылық және ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністікті нығайту мәселелері бар.
Филиал мамандарының айтуынша, соңғы уақытта ата-аналар балалардың смартфон мен әлеуметтік желіге тәуелділігіне, буллингке, жасөспірімдердің психологиялық жағдайына және отбасы ішіндегі қарым-қатынасқа қатысты кеңес сұрап жиі жүгінеді. Сондықтан өңірдегі барлық профилактикалық жұмыс алдымен осы өзекті мәселелердің алдын алуға бағытталған.
Павлодар облыстық филиалының жұмысына педагогтер, психологтер, қоғам белсенділері мен жанашыр азаматтар белсенді атсалысады. Ұйымның басты қағидасы – қоғамдағы мәселелерді айтып қана қоймай, оларды шешуге әр азаматтың жауапкершілікпен қатысуына ықпал ету.
Бүгінде «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарға қатыспай-ақ, қоғамдағы маңызды бастамаларды жүзеге асырып келеді. Бұл – азаматтық қоғамның әлеуеті мен қоғамдық жауапкершіліктің нақты көрінісі.
Саналы ата-ана – саналы ұрпақтың, ал саналы ұрпақ – қуатты мемлекеттің кепілі. Осы қағиданы берік ұстанған республикалық бірлестік пен оның Павлодар облыстық филиалы қоғамдағы отбасы құндылықтарын нығайтып, ұлттық тәрбиені дәріптеу жолындағы жұмысын жүйелі түрде жалғастырып келеді.
Айдана БОРАНБАЕВА.
