Халықтың қалтасы көтере ме?

Шіл 16, 2026

Елімізде азық-түлік пен күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлардың апта сайын  қымбаттауы қоғамдағы ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бағаның тұрақсыздығы әсіресе, көпбалалы және орташа табысы бар отбасылардың тұрмысына салмақ түсіруде. Дүкенге кірген қарапайым халық бұрынғыдай бірнеше пакет азық-түлік алып шығу арманға айналғанын айтады. Себебі, олардың көбі алдымен арзан өнім сататын сауда үйлерін жағалайтынын жасырмайды.

Сонымен, қазіргі уақытта дүкендердегі азық-түлік және тұрмысқа қажетті заттардың бағасы қалай? Айырмашылық бар ма? Жалпы, халықтың қалтасы көтере ме?
Тұрғындар не дейді? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрген едік. 

Айырмашылық аз емес…

Облыс орталығындағы адам көп баратын бірнеше дүкенге бас сұғып, мән-жайды өз көзімізбен көріп қайттық. Нақтырақ айтқанда, ел арасында бағасы «арзан» деп айтылып жүрген «Fix Price», «Железинский» әлеуметтік дүкені және «Inmart», «Алғыс», «Пахомовский» деп аталатын сауда үйлеріне арнайы рейд жүргізіп, азық-түлік, жеміс-жидек, көкөніс, сондай-ақ, тазалық құралдарының бағаларын салыстырып көрдік. Алайда бір қарағанда бағадағы айырмашылық шамалы көрінгенімен, айлық шығынды есептегенде бірнеше мың теңгеге дейін жететінін байқадық. Мәселен, сүттің ең арзаны «Алғыс» сауда үйінде кездесті. Мұнда 2,5 пайыздық сүт 355 теңгеден сатылса, 2,2 пайыздық «Food Master» сүті  390 теңге деп бағалануда. Ал «Пахомовскийде» 2,2 пайыздық «Food Master» сүті әлеуметтік бағамен 400 теңгеден, бөтелкедегі 2,5 пайыздық «Топленое» сүті – 650 теңгеден, ал «Inmart» супермаркетінде 1 литрлік сүт  467 теңгеден сатылуда.

Күнбағыс майының бағасында да айырмашылық бар. «Пахомовскийде» әлеуметтік бағамен 1 литрі 825 теңге болса, «Inmart»-та дәл осындай көлемдегі май 928 теңге, «Алғыс» дүкенінде майдың бағасы орта есеппен 960–1590 теңге аралығында саудалануда.

Макарон өнімдерінің де бағасы әртүрлі екенін байқадық. Айталық, «Inmart» дүкенінде 400 грамдық «Цесна» вермишелі 366 теңге, осындай салмақтағы «Сұлтан» спагеттиі 442 теңге, «Makfa» атауымен шығатын макарон 463 теңге, «Сұлтан» макароны 416 теңге деп бағаланған. Ал «Пахомовский» сауда үйінде салмағы 2 келі «Ардагер» макароны 795 теңге болса, «Алғыста» 1 келі рожки 481 теңге деп ұсынылған.

Күріштің бағасы да айтарлықтай өзгеріп тұр. Мысалы, «Inmart»-та 800 грамдық «Камолино» күріші 756 теңге, «Salus» 948 теңге болса, «Алғыс» дүкенінде 1 келі күріш 720 теңге тұрады.

Жұмыртқаның 10 данасы «Inmart» дүкенінде 736 теңгеден сатылса, шай бағасы «Fix Price» дүкенінде 999–1699 теңге аралығында, «Пахомовскийде» акциямен 925 – 1100 теңге, «Алғыста» 1120–1400 теңге аралығында саудаланып жатқаны белгілі болды.

Майонез бағасы да біркелкі емес. «Алғыс» сауда үйінде 250 грамдық өнімнің бағасы – 560–630 теңге аралығында болса, «Fix Price» дүкенінде сондай салмақтағы өнім 439 теңге тұрады екен.

Шырындардың бағасында да айырмашылық байқалады. Бір литрлік табиғи шырын «Fix Price» дүкенінде 699 теңге болса, «Inmart» супер маркетінде «Piko» шырыны 720 теңге, басқа өндірушілердің бағасы 921–983 теңге аралығында. Ал «Алғыста» 0,95 литрлік шырын – 820 теңге, 1,9 литрлік шырын 1445 теңгеден ұсынылған. Осы орайда, біз көрсеткен азық-түлік өнімдерін өндіруші фирмалардың атауы әртүрлі екенін айта кеткен жөн. Бәлкім, кейбір тауар бағасы соған байланысты да болуы ықтимал.

Атап өтерлігі, жеміс-жидек пен көкөніс бағасы да құбылып тұр. Десе де, «Железинский» әлеуметтік дүкенінде бағаның басқаларынан арзандау екені байқалды. Мұнда «Превосход» алмасы – 500 теңге, «Семеренко» – 700 теңге, «Голден» және «Атлас» сұрыптары – 750 теңге, баялды – 400 теңге, тәтті бұрыш 600 теңгеден басталады. Сондай-ақ, мандарин – 750 теңге, жүзім мен грейпфрут – 1300 теңге, мейіздің бағасы сапасына қарай 1300–3500 теңге аралығында сатылып жатқан жайы бар. Ал «Пахомовский» супермаркетінің ішіндегі жеміс-жидек және көкөніс сататын сауда нүктесіндегі баға әлдеқайда жоғары екенін көзіміз шалды. Мәселен, осында алма 1100–1350 теңге, алмұрт –  1950 теңге, кептірілген өрік бағасы 3900–4900 теңге, қызыл өрік – 1200 теңге, жаңа піскен сары өрік – 950 теңге, мейіздің бағасы 4500 теңге деп қойылған.

Тазалық құралдары да қымбаттауда

Соңғы уақытта тұрмыстық химия өнімдерінің бағасы да айтарлықтай өсті, дейді тұтынушылар. Мәселен, «Fix Price» дүкенінде 400 грамдық «Ушастый нянь» кір жуғыш ұнтағы 660 теңге болса, «Пахомовскийде» дәл осы көлемдегі «Tide» ұнтағының бағасы 715–750 теңге, «Миф» ұнтағы 495 теңгеден саудалануда. Ал ыдыс жуатын сұйықтық «Fix Price» дүкенінде 449 – 733 теңге аралығында болса, «Пахомовский» сауда үйінде «Fairy» сұйықтығы жеңілдікпен 910 теңге деп ұсынылған. Сондай-ақ, ауа тазартқыш «Fix Price» дүкенінде 599 теңге болса, «Алғыста» 900–950 теңге, «Пахомовскийде» 625 – 1680 теңге аралығында сатылып жатқан жайы бар. Бұдан бөлек, сусабындардың ең арзаны 733 теңгеден басталып, 3200 теңгеге дейін жететінін аңғардық. Күнделікті жуынуға арналған жай сабындардың бағасы да қымбаттаған. Мәселен, «Safeguard» сабыны – 670 теңге, «Palmolive» сабыны жеңілдікпен 550 теңге, «Absolut» сабыны 660 теңгеден сатылуда. Дәретхана қағазының да бағасы өсуде, дейді тұрғындар. Дәл қазір «Пахомовский» сауда үйінде «Набережные челны» қағазының 1 данасы – 175 теңге, «Аппақ қардай» қағазы – 200 теңге, ал «Халықтық» деген атаумен белгілі дәретхана қағазының бағасы 140 теңгеге жеткенін байқадық.

Қарап отырсаңыз, күнделікті өмірге қажет осынау тұрмыстық заттардың да отбасы бюджетіне әжептәуір салмақ түсіретіні сөзсіз. Бұған қосымша, балаларға қажетті дымқыл майлықтар және электр плитасы, әйнек, жиһаздар мен басқа да заттарды тазалауға арналған құралдар бар екенін ескерсек, тағы да біраз қаражатыңыз жұмсалатыны анық.

Тұрғындар не дейді?

Рейд барысында тілдескен тұрғындардың барлығы дерлік бір мәселені көтерді. Ол – азық–түлік және тұрмысқа қажетті заттардың үздіксіз қымбаттауы. Осылай деп ойын білдірген Павлодар қаласының тұрғыны Айгүл Мұхамедова:

– Қазір қай дүкенде қандай өнім арзан екенін жаттап алдық. Бір дүкеннен май аламыз, екіншісінен сүт, үшіншісінен көкөніс сатып аламыз. Өйткені, бәрін бір жерден алсақ, қалтамыз көтермейді. Сөйтіп, анадан-мынадан арзанын қарап жүргенде кеш батады. Шыны керек, менің демалыс күнім осылай дүкен аралаумен өтеді. Әрине, еріккенімнен күні бойы сауда үйлерінің есігін тоздырмаймын, айлығым шайлығыма жетпейтін болған соң амалсыздан алтын уақытымды арзан дүние іздеуге жұмсаймын. Күн сайын демесем де, ай сайын азық-түліктің де, тұрмысқа қажетті заттардың да бағасы өсіп жатыр. Мысалы, өткен айда ғана 400 теңгеден сатылған сүтті бүгін 420 теңгеге алдым. Тауар бағасы көтерілуде, бірақ жалақы неге өспейді деген сұрақ мені мазалайды, – дейді ол.

Өзін зейнеткермін деп таныстырған Әли Қайырбеков есімді азамат та бағаның шарықтап бара жатқанына өкпелі.

– Жыл сайын зейнетақы көбейіп жатыр деп жар салады. Оның қызығын көріп жатқан жоқпыз. Азық-түлік бағасы одан да жылдам өсіп жатыр. Әсіресе, шай, май, қант пен жемістің бағасы қатты қымбаттауда. Күнкөріс қиындап барады, – дейді зейнеткер.

Өзін Гүлнәр деп таныстырған (аты-жөнін ашық айтудан бас тартты) көпбалалы ана да қиналып жүргенін жасырмады.

– Менің 4 балам бар. Екеуі кішкентай болғандықтан үнемі қосымша балалар тамағын алып беремін. Бағасы өте қымбат. Өзіміз жаңа киім сатып алуды ұмыттық. Балалар өскенше шыдай тұрайық деп бар тапқанымызды осылардың тамағына жұмсаймыз. Кейде азық-түлікті қарызға, яғни каспи-редпен сатып аламыз. Басқа амалымыз жоқ. Біз сияқты сәбилері бар отбасы үшін азық-түлікпен қатар, тазалық заттарына кететін шығын да айтарлықтай жоғары. Олардың да бағасы шарықтап барады. Қиын болып тұр. Бүгінгідей қымбатшылық заманда табиғи тамақ жеу деген мүлдем мүмкін емес екен. Мысалы, қолдың сары майының орнына маргарин жеп отырмыз. Әліден-ақ денсаулығымыз сыр беріп жатыр. Басқасын қойшы, балалардың болашағы үшін алаңдаймын, – деп күрсінді көпбалалы ана.

Бағаға бақылау қажет!

Дүкендерге жасаған рейд барысындағы бағаларды негізге ала отырып, 4 адамнан тұратын орташа отбасының бір айлық ең қажетті азық-түлігі мен тұрмыстық заттарына есеп жүргіздік. Тек нан, ұн, сүт, май, жұмыртқа, жарма, макарон, шай, қант, жеміс-жидек, көкөніс, балалар тағамы және тазалық құралдарының өзіне үнемдеп ұстағанда кемінде 200–250 мың теңге қажет екені белгілі болды. Бірақ бұл есепке  ет, тауық еті, балық, сары май, шұжық өнімдері, ірімшік, тәттілер, печеньелер енген жоқ. Егер тек ет өнімдерінің өзін қоссақ, орташа отбасының азық-түлікке жұмсайтын шығынын үнемдеген күннің өзінде 300 мыңға жуықтайтын көрінеді. Ал бұған қосымша коммуналдық қызмет, дәрі-дәрмек, жол ақысы, киім-кешек бар екенін ескерсек, қарапайым халықтың жағдайы мүшкіл екені айтпаса да түсінікті болды.

Рейд нәтижесі көрсеткендей, тұрғындар бүгінде ең арзан бағаны іздеп бірнеше дүкен аралауға мәжбүр. Өйткені, бір дүкендегі тиімді баға екіншісінде бірнеше жүз теңгеге жоғары көрінеді.

Ең өкініштісі, біз сөзге тартқан тұрғындардың барлығы дерлік «азық-түлік күн сайын қымбаттап барады» деген пікірде. Бұған дүкен сөрелеріндегі бағалар да дәлел.

Халықтың табысы мен нарықтағы баға арасындағы алшақтық ұлғайған сайын әлеуметтік жағдайдың да қиындай беретіні анық. Сондықтан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына тұрақты бақылау жасап, негізсіз қымбатшылыққа жол бермеу қажет деген ой түйдік.

*  *  *

Осылайша, дүкендердегі азық-түлік және тұрмысқа қажетті заттардың бағасы күн сайын өсіп жатқанымен, халықтың табысы оған ілесе алмай отырған жайы бар. Жетіспеушіліктің салдарынан тұрғындардың басым бөлігі банктерден несие алып, қарыз-
ға белшесінен батып жатқанын айту-да. Бұл мәселені шешудің жолы бар ма? Мемлекет тарапынан қандай
іс-шаралар жүргізілуі тиіс? Халық не істеуі керек? Көкейде сұрақ көп… Ал сіз не айтасыз, құрметті оқырман?

Нұржайна ШОДЫР.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.