Биыл Павлодар ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының құрылғанына 70 жыл толып отыр. Жеті онжылдық ішінде ғылыми мекеме бірнеше тарихи кезеңді бастан өткеріп, өңірдің ауыл шаруашылығы ғылымының қалыптасуы мен дамуына үлес қосты. Әр кезеңде атауы өзгергенімен, ұжымның басты мақсаты өзгерген жоқ. Ол – Павлодар өңірінің жер және климат ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан зерттеп, топырақ құнарлылығын сақтау, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру және ғылым жетістіктерін өндіріске енгізу.
Тәжірибе станциясы 1956 жылы тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны кезінде қазіргі Тереңкөл ауданындағы «Кубанский» кеңшарының негізінде «Павлодар топырақты эрозиядан қорғау тәжірибе станциясы» болып құрылды. Станцияның дәл осы өңірде орналасуы кездейсоқ емес еді. Облыстың бұл бөлігі қуаң климатымен, жеңіл механикалық құрамдағы топырағымен ерекшеленетін. Сондықтан алғашқы күннен бастап ғалымдардың басты міндеті жел эрозиясына қарсы ғылыми негізделген жүйе қалыптастыру болған.
Осы мақсатта жерді дәстүрлі аударып жыртудан бас тартып, қайырмасыз сыдыра өңдеу технологиясы енгізілді. Сонымен қатар егістікті жолақтап орналастыру тәсілі кеңінен қолданылды. Бір жолаққа біржылдық дақылдар егілсе, келесі жолаққа көпжылдық шөп орналастырылған. Мұндай әдіс желдің күшін әлсіретіп, топырақтың ұшуына жол бермеді.
Ғалымдар сүрі жерлердегі қарды сақтап қалудың да тиімді жолын тапты. Ол үшін қышадан ықтырма егу тәсілі қолданылды. Қыс мезгілінде ықтырма қарды тоқтатып, көктемде топыраққа қосымша ылғал жиналуына мүмкіндік берді. Сонымен бірге көпжылдық шөптердің қыртысын аудармай өңдеуге арналған арнайы ауыл шаруашылығы құралы жасалып, өндіріске енгізілді.
Бұл жаңалықтардың тиімділігі көп ұзамай дәлелденді. 1961–1963 жылдары Павлодар облысында миллион гектардан астам жер жел эрозиясына ұшырағанымен, тәжірибе станциясының технологиялары қолданылған алқаптарда мұндай қауіптің алдын алу мүмкін болды. Осы тәжірибе кейін Қазақстанның солтүстік өңірлеріне кеңінен енгізілді. 1967 жылы топырақты қорғаудың бұл жүйесі бүкіл республика көлемінде қолдануға ұсынылды. Ғылыми ізденістердің нәтижесінде өңірдің егіншілік жүйесі түбегейлі өзгерді. Ауыспалы егіс ғылыми негізде ұйымдастырылып, жолақтардың оңтайлы ені анықталды. Мұның бәрі топырақтың құнарын сақтап қана қоймай, ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуына негіз болған еді.
Тәжірибе станциясының алғашқы жетістіктерінің бірі – селекция саласындағы жұмыстар. Ғалымдар ұзақ жылғы зерт-теулердің нәтижесінде жаздық бидайдың «Павлодарская-17» және «Павлодарская-27» сұрыптарын шығарды. Мал шаруашылығында да маңызды нәти-желерге қол жеткізіліп, симментал ірі қарасының сүтті бағыттағы жаңа түрі қалыптастырылды.
Ғалымдардың бұл еңбегі жоғары бағаланды. Станция директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Григорий Бересновский қазақстандық ғалымдар тобымен бірге топырақты эрозиядан қорғау жүйесін жасағаны үшін Лениндік сыйлықтың лауреаты атанған. Бұл Павлодар өңірінің ғылымы үшін сол кезеңдегі зор мәртебе еді.
1993 жылы тәжірибе станциясының қызметі жаңа деңгейге көтерілді. Оның негізінде Павлодар ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты құрылып, құрамына облыстағы бес ғылыми мекеме біріктірілді. Осы кезеңде ғылыми жұмыстардың бағыты кеңейіп, топырақ қорғаумен қатар ресурс үнемдейтін технологияларды дамытуға басымдық берілді. Ғалымдар ауыспалы егіс жүйесін жетілдіріп, жердің табиғи құнар-лылығын сақтауға арналған жаңа ғылыми шешімдер ұсынды. Топырақ бетінде өсімдік қалдықтарын сақтау арқылы ылғал қорын көбейту, органикалық заттарды молайту және жел мен су эрозиясының алдын алу тәсілдері кеңінен зерттелді.
Институт мамандары әзірлеген маңызды жаңалықтардың бірі МОН-4 тарақтау құрылғысы болды. Бұл құрылғы арқылы аңызды тарақтап өңдеу техно-логиясы енгізіліп, егістік алқап-тарында қардың мол жиналуына жағдай жасалды. Нәтижесінде топырақтағы ылғал қоры артып, сабан табиғи тыңайтқыш ретінде қайта пайдаланылды. Мамандардың есептеуінше, мұндай техно-логия өнімділікті 30–35 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік берді.
Селекция жұмыстары да қарқынды жалғасты. Ғалымдар жаздық бидайдың жаңа сұрыптарын шығарумен қатар, сұлының екі, судан шөбінің екі, тарының төрт және өріктің бір сортын өсіріп шығарды. Сонымен бірге өңір жағдайында қара қарақат пен қарлыған өсірудің тиімділігі дәлелденді.
Павлодар облысында картоп шаруашылығы жақсы дамығанымен, тұқымдардың ауруға бейімділігі өзекті мәселе болды. Осыған байланысты институт ғалымдары клондық іріктеу әдісі арқылы суперэлиталық картоп тұқымын өсіріп, оны тұқым шаруашылықтарына пайдалануға ұсынды.
Ғылыми жетістіктердің басты ерекшелігі олардың өндіріспен тығыз байланыста жүзеге асуы еді. Институт мамандары жыл сайын аудан-аудандарды аралап, шаруашылық басшыларымен кездесулер өткізді. Көктемде егіс науқаны алдында ғылыми ұсынымдар беріліп, жазда дәстүрлі «Дала күні» ұйымдастырылды. Ал күзде жүргізілген тәжірибелердің қорытындысы шығарылып, келесі жылға арналған жоспарлар талқыланды. Зерттеулер көптеген шаруашылықтармен бірлесіп жүргізілді. Солардың қатарында «Замандас», «Ақтоғай-Агро», «Три К», «Победа», «Галицкое» және басқа да ірі шаруашылықтар бар. Ғылыми ұсыныстарды өз алқаптарында сынақтан өткізген шаруалар олардың тиімділігіне көз жеткізді.
Станция ғылым мен білімнің де орталығына айналды. Жоғары оқу орындарының студенттері өндірістік тәжірибеден өтіп, дипломдық жұмыстарын осы жерде орындады. Ғалымдар жас мамандарға жетекшілік жасап, аграрлық ғылымның жаңа буынын тәрбиелеуге үлес қосты.
2018 жылдан бастап мекеме қайтадан «Павлодар ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» деген атауға ие болды. Бұл кезеңде қаржыландырудың азаюы мен материалдық-техникалық базаның әлсіреуі ғылыми жұмыстарға белгілі бір қиындықтар туғызғанымен, зерттеулер тоқтаған жоқ. Соңғы жылдары жайылымдарды тиімді пайдалану, қант қызылшасының Солтүстік Қазақстан жағдайына бейімделген сорттары мен будандарын сынау, жеміс-жидек дақылдарын зерттеу бағытындағы жұмыстар жалғасын тапты. Сонымен бірге жаздық бидайдың «Людмила» және «Павлодарская-25» сорттары мемлекеттік сынаққа ұсынылды.
Ұзақ жылдар осы ұжымда еңбек еткен агроном Қымбат Мұстафаеваның айтуынша, ғылымның басты құндылығы – оның өндіріске қызмет етуінде.
– Біз ешқашан зертханамен шектелген жоқпыз. Әрбір ғылыми жұмыс шаруашылық-тармен бірге жүргізілді. Диқанның еңбегіне нақты пайдасы тиетін нәтижеге ғана мән бердік. Ғылым мен өндірістің байланысы үзілмеуі керек. Сонда ғана ауыл шаруа-шылығы дами береді, – дейді сала ардагері.
Қымбат Мырзамбекқызының бұл салада еңбек еткеніне 55 жыл болған. Саладағы алғашқы тәжірибесі де Павлодардағы ауыл шаруашылығы станциясында өткен. Өзінің өмірлік серігін де осы саладан тапқан ардагеріміздің бүгінде балалары да ел игілігіне еңбек етуде.
Кемеңгер ауылында орналасқан Павлодар ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы өзінің жетпіс жылдық тарихын жаңа міндеттермен жалғастырып келеді. Климаттың өзгеруі, топырақ құнарын сақтау, су ресурстарын тиімді пайдалану, жаңа өнімді әрі құрғақшылыққа төзімді сорттарды шығару – бүгінгі ғылымның басты бағыттары.
Жетпіс жыл ішінде тәжірибе станциясы топырақты қорғау жүйесін қалыптастырып қана қоймай, Павлодар өңірінің аграрлық ғылымының негізін қалап, ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуына қызмет еткен іргелі ғылыми орталыққа айналды.
Кемеңгер ауылы,
Павлодар ауданы.
Сара ӘБДОЛ.
