Несиені мерзімінен бұрын өтеу: нені білу керек?

Там 6, 2026

Бүгінде несиесі жоқ адам некен-саяқ дегенді жиі айтамыз. Ай сайын банк алдындағы берешекті өтеу өмірдің ажырамас бөлігіне айналғандай. Бірақ бұл ретте қарыздық жүктемені азайтып, несиені ішінара өтеп, ұтымды жолды таңдауға да болады. Осы туралы тарқатып айтсақ… 

Толық төлеу тиімді ме?

Әлбетте, кез келген адам несие ресімдейтін тұста бірінші кезекте ай сайынғы төлемге баса мән беріп жатады. Бастысы, сол төлемнің қалтаға аса салмақ салмауы. Айталық, жалақының белгілі бір бөлігін соған шақтап, есептеп, банктен қарыз алады. Көп жағдайда ай сайынғы төлем неғұрлым аз шығуы үшін ұзақ мерзімге ресімдеуді құп көреді. Мәселен, екі миллион теңгені 48 айға немесе 60 айға бөліп төлеу кезінде ай сайынғы төлемнің арасында шамамен 10-15 мың теңге айырмашылық болады. Әркім соны назарға алып, көрпесіне қарай көсіледі.

Ал қосымша табыс түскенде, сыйақы берілгенде, басқа да кіріс көздері пайда болғанда сол несиені мүмкіндігінше толығымен өтеген дұрыс. Бұл ретте қарыз алушы банкке қалған борыштың толық сомасы мен төлем күнi есептелген қосымша пайыздарды ғана төлейдi. Ал толық мерзімге әу баста есептелген сыйақы ескерілмейді. Былайша айтқанда, нақты осы күнге қанша қарыз болсаңыз, сонша ғана төлейсіз. Ол үшін несиені мерзімінен бұрын өтеу кезіндегі қарыз қалдығының көлемін, ай сайынғы төлем күнін, соңғы төлем күнінен өтеу күніне дейін өткен уақыт ескеріледі. Мысалы, банк алдындағы берешектің қалған сомасы 1 млн теңгені құрайды. Ал ай сайынғы төлем айдың 25-і күні есептен шығарылады. Қарыз алушы несиені мерзімінен бұрын 15 наурызда өтеуді қалауы мүмкін. Соңғы төлем
25 ақпанда жасалған, демек 19 күн өтті. Сонда несиені пайдаланудың нақты күндері үшін қосымша пайыз былай есептеледі: Пайыздар = Қарыздың қалдығы × Мөлшерлеме (жылдық) ÷ 100 × Пайдалану күндері ÷ 365. Бұл жағдайда 1 000 000 ₸ × 15  ÷ 100 × 19 ÷ 365 = 7 808 теңге. Несиені толығымен өтеу үшін қажетті сома: Толық өтеу сомасы = Қарыздың қалдығы + Өткен күндер үшін есептелген пайыздар. Яғни 1 000 000 ₸ + 7 808 ₸ = 1 007 808 теңге. Демек, қарызды мерзімінен бұрын толық өтеуді қалайтын азамат осынша сома енгізуі тиіс. Бұл ретте қалған мерзімге сыйақы есептелмейді. Демек, қарызды толық өтеу қаржыны айтарлықтай үнемдейді. Егер несие толықтай өтелсе, банктен анықтама алу керек — бұл қарыздың жабылғанын және берешектің жоқ екенін растайтын құжат.

— Мерзімінен бұрын өтеу қарыз жүктемесін азайтуға, артық төлемнің жалпы сомасын қысқартуға мүмкіндік береді және оң кредит тарихын қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар кредитті өтеуге қаражат жұмсау туралы шешім қабылдамас бұрын қазіргі қаржылық жағдайыңызды бағалауға кеңес береміз. Бұл ретте атап өтерлігі, 2025 жылғы 31 тамыздан бастап қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер күшіне енді. Осы өзгерістерге сәйкес қарызды мерзімінен бұрын өтегені үшін айыппұлдар мен өзге де санкциялар тек заңды тұлғаларға қатысты қолданылуы мүмкін. Жеке тұлғалар айыпақы төлемей кез келген уақытта кредитті толық немесе ішінара өтеуге құқылы. Бұл норма барлық қолданыстағы қарыз шарттарына, оның ішінде өзгерістер күшіне енгенге дейін жасалған шарттарға қолданылады, — дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері.

Ішінара өтеудің тетіктері

Егер қолдағы қаражат несиенің толық сомасын мерзімінен бұрын өтеуге жетпесе, банк алдындағы берешекті ішінара төлеуге болады. Бастысы, бұл мақсатқа аударылатын қаражат ай сайынғы төлемнен артық болса болғаны. Сол арқылы да алдағы айлардағы қарыз жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік бар. Яғни, негізгі қарыз көлемін азайтуға болады.

Банктер көбіне аннуитеттік төлемдер жүйесін қолданады. Бұл төлемдер екі бөліктен тұрады: негізгі қарыз бен қосымша пайыздар. Несие төлеудің алғашқы кезеңінде төлемнің басым бөлігі пайыздардан құралады. Уақыт өте келе бұл қатынас өзгереді: пайыздар азайып, негізгі қарыздың үлесі артады.

Бұл ретте ішінара төлем жасаудың екі түрі бар. Біріншісі – артық соманы мерзімді қысқартуға жұмсау. Ай сайынғы төлем сол көлемде қалады, ал қарызды қайтару уақыты қысқарады. Екіншісі – ай сайынғы төлем ауыртпалық салса, ішінара өтеу арқылы айлық төлем көлемін азайту. Мұндайда несие әу баста ресімделген мерзім сол қалпында қалады. Осылайша, қаржылық жүктеме азаяды. Алайда несие бойынша артық төлем қысқармайды, себебі қосымша пайыздар ұзақ уақыт бойы есептеледі.

— Ай сайынғы төлем көлемі қаржылық тұрғыдан қолайлы болса, онда ішінара өтеумен несиенің мерзімін қысқартқан дұрыс. Мұндай жағдайда артық төлем көлемі едәуір азаяды. Негізгі қарыз неғұрлым тез өтелсе, пайыз соғұрлым аз мөлшерде қосылады, — дейді белгілі экономист Мақсат Сарыбай.

Есептеу несиенің пайыздық мөлшерлемесіне, бастапқы мерзіміне және төлем түріне (аннуитеттік немесе сараланған) байланысты өзгереді. Мысалы, сараланған төлемдермен өтелетін несие ішінара өтелгенде, оның мерзімі автоматты түрде қысқартылады. Cебебі, сараланған төлемдердің бірдей бөлігі несиенің негізгі қарызын жауып отырады, ал қосымша есептелетін пайыз мөлшері уақыт өте келе азаяды.

Ескеретін жайт, келісімшартқа қол қойылғаннан кейінгі алғашқы 14 күн ішінде ғана қарыздан бас тартуға болады. Бұл жағдайда айыппұл салынбайды, бірақ несие пайдаланылған күндері үшін қосымша пайыз төлеу қажет. Бұл ереже тек жеке тұлғаларға қатысты, бизнес-несиелерге қолданылмайды.

Сонымен қатар, мамандардың пайы-мынша, мерзімнің соңына жақындағанда мерзімінен бұрын өтеу аса тиімді емес. Себебі пайыздар төленіп қойған-дықтан, үнемдеу барынша аз болады. Жалғыз артықшылығы — несие мерзімін қысқарту.

Қорыта айтқанда, мүмкіндік болса несиені, әсіресе ипотекалық қарызды мерзімінен бұрын толығымен не ішінара өтеген әлдеқайда тиімді. Сондықтан артық қаражат болса, оны банк алдындағы берешекті өтеуге жұмсауға тырысқаныңыз жөн.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.