Биыл жаз шаруаларға оңайға соққан жоқ. Жаз бойы аптап ыстық болғанын білесіздер. Жаңбыр да сирек жауды. Ал мұндай ауа райы көктемде жерге дән сепкен диқандар үшін қолайсыздық туғызды. Десе де, диқандар өскен өнімін шашпай-төкпей жинауға қамданды. Аймағымыздың астықты ауданы Железинде Жер-Анадан нәпақасын тауып отырған шаруалар да жауапты науқанды бастап кетті.
Железин аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, ауданда биыл 227,9 мың гектар алқапқа егін егілді. Соның ішінде 113,3 мың гектарға дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар себілген. Басым бөлігі, нақтысы, 85,2 мың гектарына бидай дәні егілген. 16,3 мың гектар алқапты арпа, 5 мың гектарды сұлы, 1,9 мың гектарды қарақұмық алып жатыр. Соңғысы биыл 500 гектарға ұлғайтылған. Тары 200 гектарда, бұршақты дақылдар 800 гектарда өсірілген. Ал 4,1 мың гектар егістікте жүгері дақылы егілген. Аудандағы егіс алқаптарының 99,7 мың гектарында майлы дақылдар егілген. Соның ішінде 81 мың гектарға күнбағыс, қалғанында зығыр, рапс, қыша дақылдарыныңдәні себілген. Айта кету керек, ауданда ағымдағы жылы күнбағыс дақылының алқабы 2025 жылмен салыстырғанда 67 пайызға артқан. Бұдан бөлек, 1,3 гектарда железиндік диқандар картоп, 80 гектарда көкөніс өсіреді. Тағы 19,8 мың гектар егістікте малдың жем-азығы егілген.
Былтыр аудан жалпы 200 мың тоннадан астам астық алған. Оның ішінде 140 мың тоннадан астамы – бидай.
72 667 тонна майлы дақыл жинаған. Мұнда 60 мың тоннадан астамы күнбағыс дақылы еді.
Биылғы жиын-терім науқанына диқандар кірісіп кетті. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, 2 мың гектар алқаптан арпа жиналған. Әзірше, шығымдылығы орта есеппен гектарынан 6 центнерден айналуда. Осындай көлемдегі егістік жерден бидай орылған. Мұнда өнімділік гектарынан орташа есеппен 8 центнер болып отыр. 2500 гектардан сұлы дақылы жиналды. Шығымдылық гектарынан 7 центнерден көрсетті.100 гектардан железиндік диқандар жасымық өнімін алған. Өнімділігі гектарынан 10 центнер болып отыр.
Диқандар биыл былтырғы көрсет-кішке жету мүмкін еместігін жақсы біледі. Оған ауа райының қолайсыздығы өз салқынын тигізді. Яғни, жаңбырсыз жазда аптап ыстық кейбір алқаптарда өнімді күйдіріп жіберген. Мұны аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары да алға тартты.
– Ауа райы егін шаруашылығына кері әсерін тигізді. Өнім шығымдылығы өткен жылмен салыстырғанда орташа есеппен 30-35 пайызға төмендейді. Оған қоса, бізде қуаңшылық салдарынан қурап, күйіп кеткен дәнді дақылдар егістіктері бар. Шілденің басында егін алқаптарымен жағдай тым ауыр еді. Содан кейін әрбір ауылдық округтерде аракідік аздап жауын-шашын түсіп, егістіктерді сақтап қалу мүмкін болды. Сондықтан шығымдылықты былтырғы деңгеймен салыстыруға келмейді. Дегенмен, осындай ауыр жылға, ауа райының қолайсыздығына қарамастан қазірдің өзінде жақсы нәтижелер бар, – дейді Железин аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің ауыл шаруашылығы секторының бас маманы Лидия Семенова.
Күзгі жиын-терім науқанын жеңілдетілген жанар-жағармаймен қамту ісіне мән берілуде. Шілденің аяғында арзандатылған дизель отыны операторын таңдауға өтініштер қабылдау басталған. Күзгі егін жинау кезеңіне Железин ауданына 4220 тонна дизель отыны бөлінген. Қазіргі таңда 2078 өтінім түскен. Оның 1243 тоннасының ақысы төленген. 668 тоннаны шаруалар ауданға жеткізіп алған.
Айта кету керек, Железин ауданының шаруалары топырақты құнарландыруды құптап, тыңайтқыштар сатып алуға ден қойған. 2026 жылы тиісті жоспарға сәйкес 18 400 тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Бүгінде 18 900 тонна тыңайтқыш топыраққа себілген. Яғни, жоспар асыра орындалған.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

