Кеше Естай атындағы мәдениет сарайында «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» деген тақырыпта павлодарлық мұғалімдердің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Оған ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, облыс әкімі Асайын Байханов және ардагер ұстаздар, білім беру мекемелерінің басшылары мен педагогтар қатысты. Отырыс басталмас бұрын көпшілік назарына өңірдегі білім беруді цифрлық трансформациялаудың үздік тәжірибелерін көрсететін заманауи техникалық және цифрлық көрме ұсынылды.
Алқалы жиынның шымылдығы аймақтың білім беру саласының тынысы жайлы арнайы бейнекөрсетіліммен ашылды. Онда павлодарлық оқушылардың бағындырған белесі, мұғалімдердің жеткен жетістіктері таныстырылды. Бұдан соң павлодарлық педагогтардың тамыз кеңесіне арнайы келген еліміздің бас ұстазы Жұлдыз Сүлейменова сөз алып, отандық білім беру жүйесінде орын алып жатқан өзгерістер, атқарылған жұмыстар және педагогтар қауымына көрсетіліп жатқан қолдаулар жөнінде баяндады.
– Мемлекет басшысының нақты қолдаулары және іргелі реформаларының негізінде білім саласында шешімін тапқан жүйелі әрі кешенді нәтижелеріміз бар. Сонымен бірге, 2019 жылы «Педагог мәртебесі» туралы заң аясында педагогтардың ерекше құқықтық мәртебесі бекітіліп, әлеуметтік кепілдіктері күшейтілгендігі белгілі. Бүгінде ұзтаздарды өздеріне тән емес жұмыстарға тартуға шектеу қойылып, олардың балаға білім және тәрбие беру ісімен ғана айналысуларына мүмкіндік жасалды. Бұл – ұстаздарымыздың қоғамдағы беделінің артуына, оның кәсіби қызметінің қорғалуын және білім беру саласының ел дамуындағы стратегиялық маңызын айқындауға бағытталған маңызды қадам. Оған қоса, ел Президенті де педагогтардың лайықты еңбек етуіне, біліктілігін арттыруына, материалдық әл-ауқатын көтеруге барлық жағдайды жасап, жүйелі түрде қолдап келеді. Бастысы, ұстаздарымыз қоғамда лайықты бедел мен абыройға ие болуы тиіс. Мықты ұстаз – сапалы білімнің негізі, ал сапалы білім – бәсекеге қабілетті әрі әділетті мемлекеттің іргетасы, – деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова. Сондай-ақ, «Talis» халықаралық зерттеуінде Қазақстан педагог мамандығын қоғамдық тану деңгейі жағынан әлемде ІІ орын алатынын, ал мұғалімдердің еңбекақысына қанағаттану деңгейі бойынша дүниежүзіндегі үздік бес мемлекеттің қатарына енгенін мақтан ететінін жеткізді. Оның айтуынша, халықаралық зерттеу қазақстандық педагогтардың 95 пайызының өз жұмысына көңілі толатынын көрсеткен. Бұл да — өте жақсы нәтиже, деді министр.
– Ендігі басты міндет – әрбір оқушының сапалы білім алуына қол жеткізуін қамтамасыз ету. Мемлекет басшысы биыл қабылданған жаңа Конституцияны жүзеге асыру аясында білім беру саласының сапасын түбегейлі жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Бүгінгі таңда білім сапасын, білім инфрақұрылымын арттыру, сонымен бірге педагогтардың кәсіби біліктілігін көтеруге ерекше мән беріліп отыр. Жаңа Конституцияға сәйкес, оқу бағдарламалары мен жоспарлары қайта қарастырылуда. Мәселен, биыл ата-аналар мен ұстаздардың ұсыныстары бойынша бастауыш сыныптарда жиынтық бағалаулар алынып тасталмақ. Алдағы жаңа оқу жылынан бастап 2–4-сыныптар үшін тек аралық бақылау болады. Сөйтіп, диктант, бақылау жұмыстары, шығарма, мазмұндама секілді балаларды дамытатын тапсырмаларды қайтадан енгізіп жатырмыз, – деді Жұлдыз Сүлейменова. Сонымен қатар, ол оқулықтардың мазмұны мен сапасы қатаң тексеріліп, қателіктердің орын алуына жол берілмейтінін, мектеп бағдарламасына құқықтық бағыттағы бірқатар жаңа пәндер енгізілетінін, білім ордаларында тәрбие жұмысы жанданатынын мәлім етті.
Министр сөз соңында павлодарлық оқушылардың білімдегі жетістіктерін ерекше атап өтіп, олардың осы деңгейге жетуіне үлес қосқан облыс ұстаздарына алғыс білдірді.
Алқалы жиында сөз алған аймақ басшысы Асайын Байханов ұстаздар қауымын алдағы жаңа оқу жылымен құттықтап, өңірдің білім беру саласындағы жетістіктеріне тоқталды.
– Соңғы үш жылда облыстық бюджеттен білім саласына 672 млрд теңге салынды. Бұл – ауқымды қаражат. Сонымен қатар, биыл білім саласының инфрақұрылымын кеңейтуге, мектептерді жаңғыртуға, қайта құруға және жабдықтауға 20 млрд теңге қаржы құйылды. Маңыздысы, оның 7 млрд теңгесі — өңіріміздің ірі кәсіпорындарының демеушілік қаражаты.
Жалпы, жаңа оқу жылында облысымызда 844 білім беру ұйымы жұмыс істейтін болады. Барлық мектеп, тіпті, шалғай ауылдардағы білім ошақтары да жоғары жылдамдықты интернетпен және заманауи қауіпсіздік жүйелерімен 100 пайыз қамтылды.
Оқушы орындарының тапшылығын жою үшін Үкімет қолдауының арқасында Павлодар қаласының Усолка шағын ауданында
1200 орындық жаңа мектептің құрылысы кестеге сай қарқынды жүргі-зілуде. Білім шаңырағы биыл қазан айында балаларды
қабылдайды. Бұдан бөлек, соңғы 3 жылда ауылдық жерлерде 8 жаңа мектеп салынды. Ал осы айда 220 орындық 2 жаңа мектеп оқушыларға есігін ашады. Білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға да ерекше көңіл бөлудеміз, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ, мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамыту мақсатында қолға алынған игі істермен де бөлісті.
– Биыл мектепке дейінгі 3 жаңа ұйым ашылды. Келесі жылы тағы 620 орынға арналған 3 балабақша бой көтереді. Екібастұз қаласында инвесторлардың демеушілік қаражатына 140 орындық инклюзивті балабақша ел игілігіне беріледі. Нәтижесінде мектепке дейінгі білім-мен қамту көрсеткіші 100 пайыз сақталады, – деді.
Асайын Байханов балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау үшін қосымша білім беру орталықтарын салу ісі де назардан тыс қалмағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Павлодар мен Екібастұзда балалар шығармашылығы орталықтары, Ертіс және Ақтоғай аудандарында өнер мектептері ашылып, Баянауыл ауданының Майқайың кентінде 500 орындық өнер мектебінің құрылысы басталған. Успен және Май аудандарында бассейндер ашылып, Ертіс ауданында жаңа бассейннің құрылысы аяқталуда. Сонымен қатар, облыс әкімі білім беру жүйесіне жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды.
Айта кетерлігі, тамыз кеңесінде 2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша облыс оқушыларының білім сапасының көрсеткіші 75 пайызға жетіп, республикада І орынға ие болғаны ерекше атап өтілді.
– Өңір оқушыларының олимпиадалық және интеллектуалдық жетістіктері де жоғары. Биыл павлодарлық шәкірттер түрлі деңгейдегі олимпиадаларда 311 медаль жеңіп алды. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы облыстық құрама республика бойынша «Үздік олимпиадалық команда» атағына ие болса, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы команда Гран-при жүл-десін иеленді. Бұл жетістіктердің артында ұстаздардың тынымсыз еңбегі тұр. Сол үшін баршаңызға елеулі еңбектеріңіз үшін бас иіп, шынайы алғысымды білдіремін! Балаларымыздың ұстамы берік, білімі терең, болашағы жарқын болсын! – деді аймақ басшысы. Сондай-ақ, кеңеске жиналғандарға өңірдің білім беру саласын одан ары дамыту керектігін айтып, бірқатар міндеттер жүктеді.
Жиында ауыл мектептерін дамыту мәселесіне айрықша мән беріліп жатқаны сөз болды. Бұл ретте, біздің облыстағы ауыл балаларының қалалықтардан қалыспай сапалы білім алып, жақсы нәтижелер көрсетіп жүргенін мақтанышпен атап өткен жөн. Солардың бірі – Баянауыл ауданындағы Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта білім беру мектебі. Аталған білім ордасының басшысы Самал Мәжитова өз тәжірибесімен бөлісті.
Тамыз кеңесінде ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова да баяндама жасап, осы салада алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, ол өз сөзінде павлодарлық түлектердің ҰБТ-дағы көрсеткіші бойынша осы облыс республикадағы көшбасшы өңірлердің қатарына кіргенін де атап өтті.
Салтанатты шара барысында жоғары жетістікке жеткен ұстаздар мен ұжымдар бірқатар марапатқа ие болды. Атап айтар болсақ, Баянауыл ауданындағы Мұхтар Әуезов мектебі «Үздік орта білім білім беру ұйымы» атанып, 68 млн теңгеге қол жеткізді. Ал Ақтоғай ауданындағы Абай атындағы мектеп, Ақсу қаласындағы балалар шығармашылық үйі, Тереңкөл ауданындағы аграрлық-техникалық колледж және Екібастұз қаласындағы №21 ресурстық орталыққа облыс әкімінің атынан 50 млн теңге көлемінде гранттар табысталды. Сондай-ақ, бір топ ұстаз «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «Ыбырай Алтынсарин» медальдарымен наградталып, «Білім беру саласының үздігі», «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төс белгілерімен марапатталды.
Шара соңы мерекелік ән-шашуға ұласты.
Нұржайна ШОДЫР.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.

