Күрделі жөндеуде күрмеу бар ма?

Там 20, 2026
Photo Valeriy BUGAYEV

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн ғана қалды. Ал аймақтағы білім беру мекемелерінің дайындығы қалай? Облыс бойынша неше мектеп пен балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде? Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстардың қанша пайызы аяқталды? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

Облыстық білім беру басқармасының ақпаратына сүйенсек, биыл өңірдегі 22 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізіліп, олардың материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Бастысы, бүгінде бірқатар мектеп пен балабақшалардағы жөндеу жұмыстары толық аяқталды, дейді мамандар.

Осылайша, жаңа оқу жылында облыс оқушыларының қауіпсіз әрі жайлы білім алуына жан-жақты қолайлы жағдай жасауға барынша назар аударылуда. Әсіресе, ағымдағы жылы аудандардағы көптен бері күрделі жөндеу көрмеген байырғы білім ордаларын жаңартуға басымдық берілген. Атап айтқанда, Тереңкөл, Успен, Баянауыл, Павлодар аудандарындағы бірқатар мектеп жаңа кейіпке енді.

– Биыл Тереңкөл ауданындағы ең үлкен екі мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, білім алушылар үшін қолайлы жағдай жасалды. Олардың қатарында Ағзам Текенов атындағы №2 және Андрей Елгин атындағы №1 мектеп бар. Бұл білім ордалары бой көтергелі мұндай күрделі жөндеу жұмыстары алғаш рет жасалуда. №2 мектеп 1969 жылы салынған. Бүгінде мұнда 420 оқушы білім алады. Оқу ордасының ғимаратын жаңғырту аясында есіктері мен терезелері толық ауыстырылып, ішкі әрлеу және әктеу жұмыстары жүргізілді. Дәліздердің едендеріне керамогранит төселіп, спорт залы толық сырланды. Сонымен қатар, мектептің сыртқы қасбеті жаңартылды, – дейді Тереңкөл аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жайнат Біләлова.

Ал 1963 жылы бой көтерген №1 мектепте 600-ге жуық бала білім алады. Мұнда да ауқымды жұмыстар атқарылған. Яғни, кәріз және электр жүйелері толықтай ауыстырылған. Терезелердің бір бөлігі жаңартылып, еден төселген. Спорт залға заманауи әрі қауіпсіз резеңке жабын орнатылып, асхана мен мәжіліс залы да толық жаңғыртылған.

– Бұған қоса, бұрыннан тозып, бүлінген мектеп қоршауы жаңадан салынды. Ғимараттың сыртқы қасбеті де толық жөнделіп, білім ұясының жалпы келбеті айтарлықтай өзгерді, – дейді бөлім басшысы. Оның айтуынша, жөндеу жұмыстарына қомақты қаржы бағытталған. Аталған екі білім ошағының біріне 400 миллион теңге, екіншісіне 420 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген. Қазіргі таңда екі мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары 100 пайыз аяқталды және осы өңірдегі өзге де білім беру мекемелері жаңа оқу жылына толығымен дайын, дейді аудандық білім беру бөлімінің өкілдері. Мұндай жұмыстар Успен ауданындағы жарты ғасырдан астам уақыт бойы ауқымды жөндеу көрмеген Тобылжан мектебіне де жүргізілген.

– 1971 жылы қабырғасы қаланған Тобылжан мектебінің ғимараты содан бері алғаш рет кешенді түрде жаңартылып отыр. Білім ордасының сыртқы бөлігі жылу оқшаулағыш материалмен қапталды. Сонымен қатар, 136 терезе ауыстырылып, 50-ге жуық жаңа есік орнатылды. Мектептің ішкі бөлігінде де жөндеу жұмыстары жан-жақты жүргізілді. Бірінші қабаттағы едендер жаңартылды. Оқу үрдісіне қажетті жиһаздар да жаңадан алынды. Бүгінгі күні негізгі күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды, – дейді Успен аудандық білім беру бөлімінің басшысы Есен Өмірбайұлы. Оның сөзіне қарағанда, аталмыш ауыл мектебінде 65 бала оқиды. Оларға сапалы білім беру мақсатында көп кешікпей үш арнайы кабинет сатып алынады деп жоспарлануда. Бұл арнайы сыныптардың жабдықталуы оқушыларға қажетті пәндерді талапқа сай оқытуға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, мектеп аумағын абаттандыру жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі уақытта қосымша демеушілердің қолдауымен мектеп ауласына балаларға арналған ойын алаңдары салынуда.

Күрделі жөндеу жұмысы Павлодар ауданына қарасты Луганск мектебіне де жүргізілді. Білім ордасының ғимараты 1964 жылы бой көтерген. Әбден тозығы жеткен мектеп биыл қайта жаңғырды. Яғни, мектептің қасбеті, оқу кабинеттері, еден жабындары мен төбелері жаңартылып, есіктері ауыстырылды. Жарықтандыру және электрмен жабдықтау жұмыстары да қолға алынды. Сонымен қатар, жаңа санитарлық-техникалық құралдар орнатылды. Білім беру мекеме-сінің жаңаруы ғимараттың ішкі бөлігімен ғана шектелген жоқ. Мектеп аумағын абаттандыру жұмыстарына да көңіл бөлінді. Ғимаратқа іргелес аумақ ретке келтіріліп, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар жөнделді.

Мұғалімдердің айтуынша, бүгінде бұл білім ордасында 284 оқушы оқиды. Бұған қоса мектеп жанынан ашылған шағын орталықта 37 балғын тәрбиеленуде. Яғни, оқушылармен қатар, мектеп жасына дейінгі балаларға да жайлы жағдай жасалғанын атап өткен жөн. Дәл осындай күрделі жөндеу жұмыстары Баянауыл ауданындағы Б.Хайдаров атындағы және Үшқұлын мектебіне де ойдағыдай жүргізілді.

Осылайша, жылдар бойы күрделі жөндеуді қажет етіп келген ауыл мектептеріне ажар кірді. Ендігі міндет – жаңарған оқу ордаларын тиімді пайдаланып, балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруге барынша жағдай жасау, дейді ұстаздар қауымы.

Атап өтерлігі, ағымдағы жаз айларында аймаққа қарасты үш шаһардағы ескірген мектептер мен балабақшалар да күрделі жөндеуден өтті. Солардың бірі – Павлодар қаласындағы №29 мек-тепке ауқымды жөндеу жүргізілді. 1979 жылы пайдалануға берілген білім ордасының жалпы қуаты 1200 оқушыға есептелген. Алайда бүгінде мұнда 2115 бала білім алады. Оқушы санының көптігі білім беру ғимаратына түсетін салмақты арттыратыны белгілі. Сондықтан да болар, нысанның тозығы жетіп, көптен бері күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындаған.

– Біздің мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары былтыр басталып, биыл екінші жыл қатарынан жалғасып отыр. Екі жылға жоспарланған жобаның алғашқы кезеңінде мектеп ғимаратының сыртқы келбетін жаңартуға басымдық берілді. Өткен жылы 452 млн теңгеге барлық терезе ауыстырылып, ғимараттың сыртқы жұмыстары толық атқарылды. Ал биыл мектептің ішкі бөлігін жаңғыртуға назар аударылды. Жұмыстар екі жоба аясында жүзеге асырылуда. Бірінші жобаның жалпы құны 838 млн теңгені құрайды. Оның аясында мектептің ішкі бөлмелеріндегі негізгі жұмыстар толық орындалды. Атап айтқанда, еден жабындары түгелдей ауыстырылып, төбе мен қабырғалар тегістеліп, әрлеу жұмыстары жүргізілді. Мектептегі есіктердің барлығы 100 пайыз жаңартылды. Сонымен қатар, қауіпсіздік пен заманауи білім беру талаптарына сай өрт сөндіру құралдары, бейнебақылау жүйесі және интернет желісі толық ауыстырылды, – дейді облыс орталығындағы №29 мектептің директоры Дархан Абдраев. Сондай-ақ, ол жөндеу жұмыстарымен қатар мектептің материалдық-техникалық базасын жақсартуға да қомақты қаражат жұмсалғанын алға тартты. Айтуынша, білім ордасының жиһаздары жаппай жаңартылып, оқушыларға арналған 35 сынып жиынтығы сатып алынған. Бұл мақсатқа шамамен 90 млн теңге жұмсалған. Екінші жоба мектептің инженерлік жүйелерін жаңартуға бағытталған. Соның аясында электр құралдары мен желілері, су құбыры және кәріз жүйесі толық ауыстырылып, санитарлық тораптар да жаңартылған. Осы жобаға 252 млн теңге қарастырылған. Ең бастысы, барлық жұмыс жоспар бойынша орындалып, қазіргі таңда мектеп оқушыларды қабылдауға 100 пайыз әзір, дейді директор.

Айта кетерлігі, биыл Павлодар қаласында 1 колледж, 7 балабақша және 3 мектепке түрлі деңгейдегі күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал Ақсу қаласында 1 балабақша, Екібастұз қаласына қарасты 3 мектеп жаңартылды.

Осылайша, облыстағы күрделі жөндеуді қажет ететін мектептер мен балабақшалар кезең-кезеңімен жөнделіп, бұл бағыттағы барлық жұмыс жоспар бойынша жүзеге асуда. Заман талабына сай жаңартылған білім ордалары павлодарлық балаларға қолайлы жағдай жасап, олардың білімге деген құлшынысын арттыруға, құштарлығын оятуға оң әсерін тигізеді деген үміттеміз.

Нұржайна ШОДЫР.