Ломбард қарызы ескерілмеуі мүмкін

Там 20, 2026

Қазіргі таңда кез келген банктен немесе микроқаржы ұйымынан қарыз алуды қаласаңыз, ломбардтағы берешегіңіз бірден несие тарихында көрініп тұрады. Сондықтан кей банктер өтінішті мақұлдамай, кері қайтаруы ықтимал. Ал таяуда ұсынылған бастама қолдау табар болса, несие ресім-дейтін тұста ломбардтағы қарыз ескерілмеуі мүмкін.

Жасыратыны жоқ, тұрғындардың көбі қаржыдан қысылып, шұғыл түрде ақшаға мұқтаж болған кезде алтынды не бағалы киімін, техниканы ломбардқа өткізеді. Бірі жағдайы реттелген соң өткізген затын  қайта сатып алса, енді бірі бұйымына кері оралуды қажет деп таппайды. Бірақ бұл ретте ломбард микроқаржы ұйымы болып есептелетінін ескере бермейді. Ондағы мәмілелер несие тарихында таңбаланып қалатынын да назарға алмайды. Кейін бұл банктен қарыз алатын кезде кедергі келтіруі ықтимал. Ломбардтан қайта сатып алмаған заттар үшін талай тұрғын қажет болған кезде банктен берешек ала алмай қиналып қалғаны да бар.

Ал алдағы уақытта ломбардқа тапсырылған затыңыз бірінші кредиттік бюроның назарына ілікпеуі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ломбардтағы микроқаржылар несие тарихын бұзбауы үшін қаулы жобасын әзірлеп, ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жариялап, қоғам талқысына ұсынды. Қаулы жобасына сүйенсек, несие есебінен ломбардтағы қарызға қатысты мәліметтерді, яғни мерзімі өтіп кеткен қарыз күндерін, берешектің сомасын, айыппұл, өсімпұл көлемін, соңғы төлем күнін жасыру көзделген. Қарапайым тілмен айтар болсақ, жаңа ережеге сәйкес, несие тарихында ломбардтар кепілдік орнына берген, мерзімі өтіп кеткен қарыз көрсетілмейді. Келісімшарт жабылғанға дейін «Қолданыстағы қарыз» деген мәртебе ғана көрінеді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өкілдері түсіндіргендей, кейде адамдар ломбардқа құнын жоғалтқан, өзі үшін маңызды емес заттарын өткізеді. Мәселен, алтын сырғаның бір сыңары, бұрынғы неке жүзігі, сынған басқа да бұйымдарды салуы мүмкін. Сондықтан олардың ақысын уақытылы төлемеу немесе қайтарып алмау салымшының төлем қабілеті төмен немесе қаржылық тәртібі нашар екенін білдірмейді. Яғни, бұған қарап оның қаржылық жағдайын бағалауға болмайды.

Бірақ әзірше мұның барлығы қоғам талқысына салынған жоба күйінде қалып отыр. Сондықтан жоғарыда аталған ережелер әзірше қолданысқа енгізілген жоқ. Оның іске асу-аспауы қоғамдық талқылаудан соң белгілі болады.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.