Осы жылдың 1 шілдесінде күшіне енген жаңа Конституцияға сәйкес, Қазақстанда қос палаталы Парламент жүйесі жойылып, бірпалаталы Құрылтай құрылды. Ал 23 тамыз күні елімізде алғаш рет Құрылтай депутаттарын сайлау өтті. Азаматтар заң шығарушы органнан орын алатын партияларды анықтады.
Әу баста Құрылтай сайла-уына қатысуға жеті саяси партия ниет танытты. Олар барлығы 545 кандидат ұсынды. Өз кезегінде ел азаматтары 23 тамыз күні өткен саяси науқан барысында сол жеті ұйымның ішінен қайсысы заң шығарушы орган сапында болуға лайық екенін белгілеп, дауыс берді.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, ел көлемінде дауыс беруге 9 351 539 азамат қатысқан. Яғни, сайлаушылардың 74,08 пайызы өз таңдауын жасады. Олардың қатарында Павлодар облысындағы сайлаушылардың 71,20 пайызы да бар. Яғни, біздің өңірде дауыс беру құқығына ие 503 051 азаматтың 358 мыңнан астамы бюллетень алды.
Сонымен, бұрнағы күні жарияланған соңғы мәліметтерге сәйкес, «Әділет» партиясына 6 528 948 сайлаушы немесе дауыс бергендердің 71,17 пайызы қолдау білдірді. Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға (ЖСДП) 469 058 сайлаушы немесе 5,11 пайызы дауыс берді. «Байтақ» жасылдар партиясын 97 751 сайлаушы немесе 1,07 пайыз қолдады. Қазақстан Халық партиясына 285 395 дауыс немесе 3,11 пайыз берілді. 574 621 сайлаушы, яғни 6,26 пайызы «Ауыл» партиясын қолдады. Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясын 478 083 сайлаушы немесе 5,21 пайызы жақтады. Respublica партиясына 509 631 сай-лаушы, яғни 5,56 пайызы сенім білдірді. Ал дауыс берушілердің 2,51 пайызы «бәріне қарсымын» нұсқасын таңдады.
Ержеге сәйкес, сайлаушылардың бес пайызынан астамының қолдауын тапқан саяси ұйымдар ғана Құрылтайдан орын алады. Бұл межеден бес партия асты. Демек, мандаттар пайыздық мөлшерлемеге сәйкес осы партия өкілдері арасында өзара бөлінеді. Айта кетейік, Құрылтайда барлығы 145 депутат болады.
Нұрлан Әбдіровтің мәліме-тінше, 23 тамызда Қазақстанда өткен Құрылтай депутаттарын сайлау қорытындысы бойынша бес саяси партия Құрылтайға өтті. Олардың арасында мандаттар былай бөлінді:
— «Әділет» партиясы – 110 мандат;
— Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) – 8 мандат;
— «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 10 мандат;
— Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы – 8 мандат;
— Respublica партиясы – 9 мандат.
ОСК хатшысы Шавкат Өтемісовтің айтуынша, партиялар мандаттарды кандидаттар ара-сында бөліп, тиісті мәліметтерді Орталық сайлау комиссиясына ұсынғаннан кейін оларға тиісті куәліктер табысталады. Алдағы уақытта 5 пайыздық межеден өткен партиялар басқару органдарының отырыстарын өткізіп, тізімдегі кандидаттардың қайсысына мандат берілетінін анықтайды.
– Сайлау қорытындылары жарияланғаннан кейін 5 пайыздық межеден өткен партиялар өздерінің басқару органдарының отырыстарын өткізеді. Осы отырыстарда тізімге енгізілген кандидаттар арасында мандаттарды бекітіп, бөледі. Өз шешімдерін бізге жолдайды. Партиялар мандат берген адамдар туралы деректерді алғаннан кейін тиісті құжаттарды дайындауға аз уақыт қажет. Содан кейін оларды табыстаймыз. Бәрі партиялардың басқару органдарының жеделдігіне байланысты, — деді Шавкат Өтемісов.
Айта кетейік, елімізде алғаш рет құрылатын Құрылтай пропорционалдық жүйе бойынша жасақталады. Яғни, депутаттар партиялық тізімдер бойынша анықталады. Олардың өкілеттік мерзімі – бес жыл.
Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясын шақыру туралы» Жарлыққа қол қойды. Соған сәйкес, Құрылтай депутаттарының алғашқы отырысы 28 тамыз күні сағат 11.00-де өтеді.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.
