Қазақ даласында қыздың қос бұрымы сұлулықтың ғана өлшемі болмаған. Қолаң шашын қос өрім етіп өріп, ұшына күміс шолпы таққан бойжеткеннің әр қадамына әшекейдің нәзік сыңғыры қосылған. Бұл үннің астарында қыз тәрбиесі, әйел сұлулығы туралы түсінік, зергерлік өнер мен халықтың дүниетанымы жатыр.
Ұлы ақын Абайдың «Білектей арқасында өрген бұрым, шолпысы сылдыр қағып, жүрсе ақырын» деген өлең жолдары да қазақ қызының осы бір дәстүрлі бейнесін көз алдымызға әкеледі. Шолпы қыздың көркін толықтырып қана қоймай, оның жүріс-тұрысына да өзіндік тәртіп енгізген. Үлкендер бойжеткенге шолпысын қатты сылдырлатпай, байыппен жүруді үйреткен.
Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім басшысы Гүлжайнат Әлиеваның айтуынша, дәстүрлі әшекейлерді тек сәндік бұйым ретінде қарастыруға болмайды.
– Қазақ зергерлік өнеріндегі әрбір бұйымның өзіндік мәні болған. Оның материалы, жасалу тәсілі мен өрнегі халықтың эстетикалық талғамымен қатар, дүниетанымынан да хабар береді. Әсіресе, әйелдердің әшекейлерінен сол кезеңдегі тұрмыс пен әлеуметтік ерекшеліктерді аңғаруға болады, – дейді музей маманы.
Қазақ ұғымында шаштың орны ерекше болған. «Шаш кескен – бас кескен» деген сөздің сақталуы да соның белгісі. Қыз баланың шашын күтіп-баптау, ұзын етіп өсіру, қос бұрым етіп өру – анадан қызға жалғасқан тәрбиенің бір бөлігі.
Шолпы көбіне күмістен жасалып, бұрымның ұшына тағылған. Оған тиын, ақық, маржан, меруерт секілді тастар мен түрлі салпыншақтар бекітілген. Тасты, меруертті, қоңыраулы, сылдырмақты шолпы түрлері болған. Қыз жүрген сайын күміс бөлшектер бір-біріне тиіп, нәзік сыңғыр шығаратын. Сонымен бірге әшекейдің салмағы бұрымды жинақы ұстап тұрған.
Күміске халық ерекше мән берген. Оны тазалықтың, қорғаныштың белгісі санаған. Асыл тастарға да түрлі қасиет телініп, шаш әшекейлері қызды тіл-көзден, жамандықтан қорғайды деген сенім қалыптасқан.
– Дәстүрлі қоғамда әшекей бұйымның қорғаныштық сипатына да мән берілген. Күміс пен асыл тастарға қатысты наным-сенімдер ұрпақтан-ұрпаққа жеткен. Сондықтан мұндай бұйымдарды олардың сыртқы әсемдігімен қатар, халық санасындағы мағынасы тұрғысынан да қарастырған жөн, – дейді Г.Әлиева.
Бұрымның қазақ фольклорында да өзіндік орны бар. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының кей нұсқаларында Баян Қодарды құдыққа түсіріп, жоғары шығуына өзінің ұзын бұрымын арқан орнына ұсынады. Қодар көтеріліп келе жатқанда, Баян бұрымын қиып жібереді. Тереңге құлаған Қодардың артынан шолпының әлсіз сыңғыры ғана естіледі деген көркем сурет бар.
Шолпымен қатар қазақ қыздары шаштеңге, сөлкебай, шашбау, шашкерме секілді әшекейлер таққан. Шаштеңге мен сөлкебай көбіне күміс теңгелерден жасалса, шашбауға күміс шынжыр, моншақ, салпыншақтар тағылған. Ал ұзақ жолға шыққанда әйелдер шашын арнайы шашқапқа жинаған.
Бұл дәстүрдің тамыры одан да әріге кетеді. Мәселен, Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында XIII–XIV ғасырларға жататын зергерлік бұйымдар мен күміспен қапталған әйел бас киімі – бокко сақталған. Жәдігер Павлодар өңіріндегі археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған.
– Мұндай жәдігерлер арқылы біз өткен дәуірдегі әйелдердің тұрмысын, зергерлік өнердің деңгейін, эстетикалық талғамын танимыз. Әрбір бұйым – белгілі бір заманның үнсіз куәгері, – дейді музей бөлімінің басшысы.
Бүгінде шолпы күнделікті қолданыста болмаса да, ұлттық киіммен бірге қайта жаңғырып келеді. Дегенмен, дәстүрді жаңғырту үшін оның сыртқы үлгісін ғана емес, мән-мағынасын да білу маңызды. Өйткені қос бұрым – жай ғана шаш үлгісі емес. Шолпы –
жай ғана күміс әшекей емес. Олардың әрқайсысында қазақ халқының сұлулық туралы түсінігі, қыз тәрбиесіне деген көзқарасы, зергерлік өнері мен дүниетанымы тоғысқан.
Бір кездері қазақ қызының әр қадамына ілескен шолпының сыңғыры бүгінде өткен дәуірден жеткен үн секілді. Бірақ сол нәзік сыңғырдың астарындағы сыр – әлі де өзекті.
Бетті әзірлеген – Айдана БОРАНБАЕВА.
