Жуырда Қарақұдық ауылдық округінде «Ертіс Жастар FEST» лагері өтті. Көңілді іс-шара халықаралық еріктілер жылы аясында ұйымдастырылды. Ауқымды шараға 100-ден астам жас қатысып, ауданның ауылдық округтерінен келген 12 команда өзара бақ сынады.
Жастарға арналған лагерь мазмұнды әрі қызықты өтті. Бағдарламада көңілді старттар, армрестлинг, мини-футбол, шығармашылық сайыс және аспаздар байқауы ұйымдастырылды. Жастар бастамаларын дамыту орталығының туын көтеру құрметі аудандық және облыстық қазақша күрес жарыстарының жүлдегері, көкпар бойынша командалық жарыстардың қатысушысы әрі жеңімпазы, белсенді жас Қабылманап Абдуссамадқа берілді.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Алтынай Тілеуованың айтуынша, бұл күні аспаздар байқауы ерекше қызықты өтті. Жеңімпазды анықтау оңай болған жоқ. Өйткені әр команда өз шеберлігін, тапқырлығы мен ұйымшылдығын көрсетті. Нәтижесінде Байзақов және Амангелді ауылдық округтерінің командалары үздіктер қатарынан көрінді. Ал шығармашылық байқауда жастар өздерінің өнерін, әртістік қабілетін және талантын көрсетті. Барлық команданың өнері жоғары деңгейде болды. Десе де, ең үздік өнер көрсетіп, көрерменнің көңілінен шыққан Сілеті ауылдық округінің жастары жеңіс тұғырынан көрінді. Осылайша, жалпы командалық есеп бойынша екінші орынды Байзақов және Майқоңыр ауылдық округтерінің жастары алса, Амангелді ауылдық округі және Голубовка ауылының жастары үшінші орынды бөлісті.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.
