Майқайыңдағы мәселелер қашан шешіледі?

Қыр 17, 2026
Photo Valeriy BUGAYEV

Баянауыл ауданына қарасты Майқайың кентінде көп жылдан бері қордаланып келе жатқан мәселелердің бірі – инженерлік инфрақұрылымның тозуы. Салдарынан жеке сектордың басым бөлігі орталықтандырылған жылу жүйесіне әлі күнге дейін қосылмаған. Сол сияқты кәріз желілері әбден ескірген. Ендігі ретте мұндай күрмеулі мәселелер облыс басшылығының тікелей араласуымен шешім таппақ.

Таяуда аймақ басшысы Асайын Байханов жұмыс сапарымен Баянауыл ауданына барып, Майқайың кентінің мәселелеріне ерекше мән берді. Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кенттегі негізгі жобалардың жүзеге асырылу барысы тексерілді.

Айталық, аталмыш ауылда нысандарды орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етіп отырған жалғыз қазандық бар. Ол 143,5 мың шаршы метр аумақты жылытады. Алайда осы күнге дейін жеке сектордың басым бөлігі бұл жүйеге ортақтаса алмай отыр. Техникалық аудит коммуналдық желілердің айтарлықтай тозғанын анықтады. Облыс әкімдігі түйткілді тарқату үшін өткен жылдың тамыз айында «Алтыналмас» АҚ-мен 4,6 млрд теңгеге меморандумға қол қойып, Майқайыңды дамытудың үш жылдық жоспарын бекіткен болатын. Соның аясында инвестор қазандықты жаңғырту жұмыстарын жүргізуді, ал жергілікті билік коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңартуды өз міндетіне алды.

— Майқайың бойынша қордаланған мәселелерді кешенді түрде шешу жолын таңдадық. Ондаған жыл бойы кенттегі 10 мыңға жуық тұрғынды жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін нақты шешім табылмады. Инвесторды тарту бірнеше жыл бойы кейінге шегеріліп келген жобаларды іске қосуға мүмкіндік берді, — деді Асайын Байханов.

Бүгінде қазандық жылу беру маусымына толық дайын. Келесі жылы мұнда екі жаңа су жылыту қазандығы орнатылып, жаңғырту жұмыстары аяқталады. Бұл жеке сектордағы мыңнан астам жаңа абонентті орталықтандырылған жылумен қамтуға жағдай жасамақ. Сонымен қатар, жаңа жылу желілері тартылып жатыр. Соның нәтижсінде кентті жылыту мәселесі шешімін табуы тиіс.

Майқайыңдағы мәселелер мұны-мен шектелмейді. Кентте қоқыс жинау мен шығару да өзекті болып отыр. Қазан айының соңына дейін мұнда қалдықтарды шығаратын арнайы көліктер мен 200 жаңа контейнер жеткізіледі. Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Аймақ басшысы коммуналдық қызметтер арасында жауапкершілікті бір-біріне сілтеуге жол бермей, қалдықтарды басқарудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруды тапсырды.

Кенттегі көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан тағы бір мәселе — тозығы жеткен кәріз жүйесі. Оны жаңғыртуға бағытталған жоба қолданыстағы 12,5 шақырым коллекторды санациялауды, жаңа учаскелерді, бұру коллекторын салуды және тазарту жүйесін жаңартуды көздейді. Облыс әкімі жобаны кейінге қалдырмай, жұмыстарды биыл бастап келесі жылы аяқтауды тапсырды. Қажет болған жағдайда облыс жобаны өз қаражаты есебінен қаржыландыратын болады.

Сондай-ақ, Майқайыңда алғаш рет жаңа әлеуметтік инфрақұрылым нысаны бой көтеруде. Ауылда 1970 жылы салынған өнер мекте-бінің ғимараты апаттық жағдайда болған. Енді оның орнына жаңа балалар өнер мектебін ашылады.
Осы жылдың желтоқсан айында ауданы 1,8 мың шаршы метр, құны 2,3 млрд теңге болатын мәдениет мекемесі қолданысқа берілмек. Жаңа мектеп мәжіліс залы, музыкалық аспаптар, жиһаз және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

Тұрғын үй қоры да қарқынды түрде жаңартылуда. Майқайыңда қазан айында 36 пәтерлі үш қабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Баянауылда да тұрғын үй құрылысы мықтап қолға алынды. Аудан орталығында қараша айында төрт қабатты үш үйдің құрылысын аяқтау жоспарда бар. Нәтижесінде 57 пәтер ел игілігіне беріледі. Жалпы, Баянауыл ауданы облыстың ауылдық аудандары арасында тұрғын үй құрылысының көлемі бойынша көш бастап тұр. Қазірдің өзінде мұнда 3 645 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Аймақ басшысы Баянауылдағы туристік инфрақұрылымның даму барысын да тексерді. Бір жыл ішінде облыстағы ішкі туристік ағын 26 пайызға, сырттан келушілер ағыны 18,1 пайызға өсті. Демалыс орындарындағы бөлмелердің қоры 6,2 пайызға, орналастыру орындарының саны 8 пайызға артты. Жасыбай көлінде құны 1,1 млрд теңгеден астам қаржыға орталық жағажай жаңартылды. Мұнда көлеңкелі шатырлар, шезлонгтар, жуыну кабиналары, тамақтану аймақтары, жаяу жүргіншілер жолдары, балалар және спорт алаңдары, футбол және волейбол алаңдары пайда болды. Соңғы уақытта курорттық аймақта «Сарыарқа сыры» визит-орталығы, Сабындыкөл жағалауы және панорамалық бақылау алаңы сияқты нысандар да іске қосылды. Жеке инвесторлар «Березовая роща» қонақүйі мен «Пегас» жанармай құю станциясын салды. Келесі ірі жоба — Торайғыр көлінің жағажайын абаттандыру. Бұл жобаны келесі жылы жүзеге асыру үшін 867,9 млн теңге қарастырылған.

Асайын Байханов жұмыс сапарының қорытындысы бойынша қазандық пен жылу желілерін жаңғырту жұмыстарын өзара үйлестіруді, кәріз жүйесін жаңарту жұмыстарын жеделдетуді және қалдықтарды басқарудың толыққанды жүйесін қалыптастыруды тапсырды. Сондай-ақ, туризмді дамытуға бағытталған барлық жобалардың іске асырылуын тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ,

Баянауыл ауданы.