Баянауылдың табиғи байлығын сақтап, орман алқаптарын көбейту – бір жылдық науқан емес, бірнеше жылға созылатын жүйелі жұмыс. Бұл ретте, жас қарағайларды отырғызумен қатар, олардың жерсінуін қамтамасыз етіп, кейінгі күтімін дұрыс ұйымдастыру маңызды. Бүгінде Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Жасыбай бөлімшесінде осы бағыттағы жұмыстар қызу жалғасуда.
Биыл бөлімше аумағында 215 гектар жердегі жас қарағайларға күтім жасау жұмыстары жүргізілуде. Бұл іске 60 мемлекеттік инспектор тартылған. Мамандардың міндеті – көшеттердің қалыпты өсуіне мүмкіндік жасап, жас екпелердің жағдайын бақылау және олардың сақталуын қамтамасыз ету.
Ал ағымдағы жылы Жасыбай бөлімшесінде 20 гектар аумаққа жаңа қарағай көшеттері отырғызылған.
Осылайша, соңғы жылдары орманды қалпына келтіру жұмыстары үздіксіз жалғасуда. Айталық, 2025 жылы 40 гектар жерге, ал 2024 жылы 7 гектар аумаққа ағаш егілген. Алайда қарағай көшетін отырғызу – бұл бағыттағы жұмыстың бастамасы ғана. Оның одан әрі өсіп-жетілуі үшін тұрақты күтім қажет екен. Сол үшін биыл отырғызылған екпелерге агротехникалық күтім жасалуда. Ал мұндай жұмыстар 2024 және 2025 жылдары отырғызылған ағаштарға жылына екі рет жүргізіліп, бақылауға алынған.
Мамандардың сөзіне қарағанда, осындай жас көшеттердің барлығы бірдей бірнеше жылдан кейін автоматты түрде орман санатына өтпейтін көрінеді. Яғни, олардың жерсінуі мен өміршеңдігі арнайы көрсет-кіштер арқылы бағаланатын болады. Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылыми қызметкері Мұрат Жасланның айтуынша, қарағайлардың алты-жеті жылдық болуы оларды бірден орман санатына ауыстыруға жеткіліксіз екен. Бұл жерде қарағайлардың жасы есепке алынбайды, есесіне олардың жерсінуі, өміршеңдігі, орташа биіктігі, тығыздығы және жалпы жағдайы ескерілмек. Яғни, отырғызылған ағаштың бірнеше жыл бойы сақталып, қалыпты өсуі маңызды рөл атқармақ.
– Жас екпелердің нақты қаншасы жерсінгенін анықтау үшін күзгі түгендеу жұмыстары жүргізіледі. Соның қорытындысы бойынша көшеттердің жағдайына баға беруге болады. Көшеттердің нақты қанша пайызы жерсінгенін биыл күзгі түгендеуден кейін ғана анықтай аламыз. Инвентаризация қыркүйек және қазан айларында жүргізіледі, – дейді Мұрат Жаслан.
Маманның айтуынша, өткен жылдардағы көрсеткіштер бойынша жас қарағайлардың жерсіну деңгейі жаман емес көрінеді. Мәселен, 2024 жылы орман екпелерінің жерсіну көрсеткіші 87 пайызды құраса, 2025 жылы сақталу деңгейі 80 пайыз болған. Осы орайда 2024 жылы 73,6 гектар аумақта агротехникалық жұмыстар жүргізіліп, оған 25 мемлекеттік инспектор жұмылдырылғанын айта кеткен жөн.
Дегенмен де, ағымдағы жылы отырғызылған көшеттердің қаншалықты нәтижелі жерсінгенін әзірге нақты айтуға ерте. Оның жауабы күзгі түгендеу аяқталғаннан кейін белгілі болады, дейді мамандар. Бұған қарап, орманды қалпына келтірудің көпшілік біле бермейтін ерекшеліктері бар екенін түсінуге болады.
– Бір қарағанда, бірнеше гектар аумаққа көшет отырғызу – көзге көрінетін жұмыс болғанымен, оның нақты нәтижесі ағаштардың келесі жылдары қаншалықты сақталып, бой көтергенінен көрінеді. Сондықтан жас қарағайларды күтіп-баптау, олардың жағдайын тұрақты бақылау және жерсіну көрсеткішін бағалау – орманды көбейтудің негізгі кезеңдерінің бірі. Жасыбайдағы бүгінгі жұмыс – тек жаңа ағаш отырғызу емес, болашақ орманның негізін қалыптастыру, – дейді маман.
Демек, бүгін топыраққа егілген әрбір көшеттің ертең толыққанды орман алқабына айналуы үшін бірнеше жыл бойы күтім мен бақылау қажет. Сондықтан Баянауыл баурайында қарағайлар жайқалып тұрсын десек, жауапты мамандар әлі де көп тер төгуі тиіс.
Нұржайна ШОДЫР.
