Қар тазалауға толық қауқарлы

Қар 5, 2026
Foto Valeriy BUGAYEV

Қыс мезгілінде көше тазалайтын арнайы техникалардың жұмысы қызатын шақ. Әсіресе, қалың қар бір мезетте көше—көшеге үйіп тастағанда адамдардың арлы—берлі алаңсыз қатынауы үшін жылдам тазарту міндеті тұрады. Міне, осындай қауырт жұмысқа арнайы техникалардың әзірлігі пысықталды.

Павлодар қаласындағы көше тазалығына жауапты мекемелерге қарасты техникалардың жағдайымен облыс әкімі Асайын Байханов арнайы танысып, алдағы қыс маусымына дайындығын тексерді.

«Горкомхоз Павлодар» ЖШС директоры Григорий Сельскийдің айтуынша, қыста көшелерді қардан тазартуға 300-ден астам техника, 650 адам тартылады. Оның ішінде 150 маман кварталішілік тазалыққа жұмылдырыралды. Кәсіпорын басшысы бүгінде техника жауапты кезеңге сақадай сай, дейді. Қыс кезінде шамамен 5-6 рет қалың қар жауатын кездер болады. Мұндай қауырт шақта да қарды уақытылы шығаруға қауқарлы екенін атап етті. Тіпті, қарамағындағы техника жетпей жатса, жалға алу мүмкіндіктері де қарастырылған.

– Бұл мәселе – әрдайым біздің назарымызда. Барлық қалалар мен аудандардағы көше тазалығына, облыстық, республикалық жолдар бойынша барлық бағытта жауапты мердігерлер бекітілген. Олар барлық қажетті материалдық-техникалық базамен, мамандармен қамтылған. Маусым алдында әзірлікті пысықтап алу – жыл сайынғы жоспарлы жұмысымыз. Жаяу жүргіншілер жолдарын тазалайтын шағын техникалар да 2022 жылдан бері сатып алынуда. Сондықтан, тротуарларды тазалауда да мәселе туындамауы тиіс, – деді Асайын Байханов.

Сондай-ақ, 2022 жылдан бері Павлодар қаласында жыл сайын кемі 10 мың шақырым тротуар жаңадан салынатынын атап өтті. Яғни, бес жылда 50 мың шақырым асфальтті жаяу жүргінші жолы салынған. Мәселен, бұрын-соңды асфальті болмаған Екінші Павлодар, МДС, Усолка және басқа да шағын аудандарда бүгінде тас жол төселген. Аймақ басшысы бұл аумақтар да қардан тазарту жұмыстары кезінде ескерілуі керектігін тапсырды.

Мердігер ұйым басшысы маман тапшылығының жоқтығын мәлім етті. Жалақыны жылда сәуір айында көтеру дәстүрге айналғанын да атап өтті. Аталмыш серіктестік иелігінде бүгінде жүк тиегіш, тракторлық щетка, тракторлық құмтазалағыш, автогрейдерлер сияқты коммуналдық техниканың түр-түрі бар. Тротуарларды тазалайтын шағын техникалар да бар.

– Жыл сайын 15-20 техника сатып аламыз. Биыл сатып алған техниканың бір бөлігі жетті. 8 жүк тиегіш алдық. Оларды бұған дейін де қолданып, нәтижесін көргенбіз. 25 тонналық Shacman маркалы 10 көлігіміз бірер күнде жеткізіледі. Техника да, адам күші де жеткілікті. Қысқа қарай бізге жұмысқа келетіндер көп. Орташа жалақы – 350 мың теңге. Техника жүргізетіндердің айлығы 500-600 мың теңгеге дейін жетеді. Мұнда түнгі ауысымда істеген уақыттар ескеріледі. Павлодар қаласында қар тазалауда тәжірибеміз жеткілікті. Көшелер тарлау, көлік көп. Сондықтан көп жағдайда қар тазалауға ертерек шығып, көлік ағыны аз кезінде барынша тазартып алуға көңіл бөлеміз. Алдымен қоғамдық көліктер тоқтайтын аялдамалардың айналасын тазартуға мән береміз. Қлың қар түскенде қолдағы барлық техниканы шығарамыз. Күні-түні жұмыс жүргізіледі, – дейді «Горкомхоз Павлодар» ЖШС учаске басшысы Қанат Жанысбаев.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.