Жарқырай түсті

Қар 19, 2026

Екібастұз қаласында жарықтандыру жұмыстары жалғасуда. Соңғы үш жылда кеншілер шаһарында дәл осы жарықтандыру бағытында ауқымды жобалар іске асқан. Бұл туралы қала әкімі Аян Бейсекин әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.          

– 70 негізгі және қосалқы көше жарықтандырылды. Шамамен 280 аула және 50-ден астам кварталішілік аумаққа жарықшамдар орнатылды. «Саяжай-қала» жолдарын жарықтандыру жобасы аяқталды. Бұл жобаны жүзеге асыруға облыс бюджетінен 400 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Алдағы уақытта қаланың қажет саналатын бірнеше орталық магистальдарына екіжақты жарықтандыру орнату жоспарланып отыр, – дейді шаһар басшысы.

Осындай іргелі әрі жүйелі жобалар нәтижесінде қала жарықтана, жарқырай түскен. Сәйкесінше, қауіпсіздік тұрғысынан да оң өзгеріс бар. Басты мақсат та осында жатыр.

Г.МАҒЖАН.

Екібастұз қаласы

 

Жұмысқа орналасты

Ертіс ауданында жас мамандар «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасуда. Осылайша, еңбек жолдарын бастап, алған мамандықтары бойынша қызметке кірісуде.  

Ертіс ауданының тұрғыны Мария Кривая дәл осы бағдарлама аясында жұмыспен қамтылды. Аудандық «Мансап» орталығының мәліметінше, ол Ертіс аграрлық-техникалық колледжін бухгалтер-кассир мамандығы бойынша тәмамдаған. «Жастар практикасы» арқылы өзі білім алған колледжге бухгалтер болып қызметке кірісті. Осылайша, мемлекеттің қолдауымен жас маман алған білімін тәжірибе жүзінде қолдануға, кәсіби тәжірибе жинақтауға және еңбек жолындағы алғашқы қадамдарын жасауға мүмкіндік алды.

Айта кету керек, аталмыш бағдарламаға қатысатын түлектерге қойылатын нақты талаптар бар. Ең алдымен, олардың жасы 35 жастан аспауы керек. Жұмыссыз мәртебесінің болуы қажет етіледі. Колледж немесе жоғары оқу орнын тәмамдауы шарт. Оқу орнын бітірген сәттен бастап 5 жыл өтпеуі де ескеріледі. Алған білімі бойынша жұмыс өтілінің жоқтығына маңыз беріледі.

Г.ТҮГЕЛБАЙ.

Ертіс ауданы

 

  Қысқа дайындық қызу

Баянауыл ауданында «Қыс-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу аясында қыс айларында төтенше жағдайлардың алдын алуға дайындық барысы тексерілуде.         

Аталмыш шараның басты мақсаты – қыс мезгілінде төтенше жағдайлар туындаған сәтте жедел көмек көрсету жүйесін жетілдіріп, бұл іске жауапты қызметтердің өзара іс-қимылын сапалы үйлестіру және материалдық-техникалық базаның әзірлігін қамтамасыз ету, дейді ұйымдастырушылар.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі өкілдерінің айтуынша, осы оқу-жаттығу барысында өңірдегі барлық арнайы техникалардың жағдайы жіті бақылауға алынбақ. Атап айтқанда, техникалардың жарамдылығы, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі, қыстың қақаған аязды күндерінде үздіксіз жұмыс істеу мүмкіндігі мен шұғыл шақыртуларға әзірлігі тексерілуде.

Мамандар арнайы техникалардың қысқы маусымдағы жұмысқа дайындығын пысықтаумен қатар, төтенше жағдайлар кезінде жұмылдырылатын күштер мен құралдарды тиімді пайдалану мәселелерін де назарға алмақ. Арнайы техникалардың сақадай сай болуы мен сала қызметкерлерінің кәсіби дайындығы аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, дейді мамандар.

 

Н.ШОДЫР.

Баянауыл ауданы

 

Жастар есірткіге қарсы

Шарбақты ауылының мәдениет үйінде «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Жастар есірткіге қарсы» атты жастар форумы өтті.    

Форумға аудандық полиция бөлімінің бастығы Н.Омарбеков, ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Сұлтанов, психиатр-нарколог дәрігер А.Ренова және құқық қорғау органдарының өкілдері, мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысты.

Аудан жастары арасында нашақорлықтың алдын алу, есірткінің зияны мен заңсыз айналымының құқықтық салдарын түсіндіру және салауатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен шара өте мазмұнды өтті.

Кездесу барысында мамандар есірткіге тәуелділіктің адам денсаулығы мен қоғамға тигізер зардабы туралы айтып, жастарды саналы таңдау жасауға және теріс әдеттерден аулақ болуға шақырды. Сонымен қатар, қатысушыларға қызметтік іздестіру итінің есірткі затын қалай іздеп табатыны көрсетіліп, есірткі қылмысы үшін жаза өтеп жатқан адамдардың өмірінен алынған бейнероликтер ұсынылды.

Форум соңында өңір жастары жаман әдеттерден бойларын аулақ ұстау және есірткіге қарсы болу – әр азаматтың ортақ міндеті екенін түсінгендерін жеткізді.

Н.ШОДЫР.

Шарбақты ауданы

 

Құстарға қамқорлық жасалды

«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында Май ауданының орталығындағы «Ақбота» сәбилер бақшасында табиғатқа жанашырлық пен қамқорлықты насихаттауға бағытталған тағылымды шара ұйымдастырылды.      

Игі бастамаға балабақша тәрбиеленуші-лері мен олардың ата-аналары белсене қатысып, бірлесе отырып құстарға арналған жемсауыттар жасады. Нәтижесінде балабақша ауласына 20-дан астам жемсауыт орнатылды.

«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі –
өскелең ұрпақтың бойына отаншылдық, жауапкершілік, еңбекқорлық және табиғатқа жанашырлық қасиеттерін сіңіру. «Ақбота» сәбилер бақшасында жүзеге асқан бұл бастама — аталған құндылықтардың күнделікті өмірде көрініс табуының жарқын үлгісі.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.

Май ауданы

 

Дайындық пысықталды

«Қыс–2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары аясында Ақтоғай ауданында практикалық және ұйымдастырушылық іс-шаралар кешені өткізілді. Оқу-жаттығуға ауданның барлық тиісті қызметі жұмылдырылды. 

Оқу-жаттығу барысында қысқы кезеңде туындауы ықтимал түрлі жағдайға ден қою алгоритмдері пысықталып, жауапты мамандардың іс-қимыл тәртібі нақтыланды. Сонымен қатар, арнайы техникалардың, авариялық-құтқару құралдарының және қажетті материалдық қорлардың дайындығына назар аударылды.

Басты назар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алуға және төтенше оқиғалар туындаған жағдайда жедел әрекет етуге дайындықты арттыруға аударылды.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.

Ақтоғай ауданы