Келесі жылы не өзгереді?

Қар 23, 2026

 «Біз алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жаңғырту ісіне ерекше мән береміз. Осы тұрғыдан алғанда, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтіп, бұл жүйені қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту маңызды»

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның

 өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауынан.

Мемлекет басшысы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты халыққа Жолдауында денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру және медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша назар аударған болатын. Бұл міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ел тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, түрлі аурулардың алдын алу және медициналық көмектің тиімділігін арттыруға бағытталған жұмыстар қызу қолға алынуда. Соның дәлеліндей, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздің денсаулық сақтау саласында едәуір өзгерістер болады деп күтілуде. Әсіресе, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде жалпыға ортақ жағымды жаңалық көп екенін атап өткен жөн.

Қандай қызмет тегін көрсетіледі?

Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған мәртебесі жоқ азаматтар алғашқы медициналық-санитариялық көмек (МСАК) деңгейінде бірқатар базалық медициналық қызметті тегін ала алады деп жоспарлануда. Бірақ бұл жаңа тәртіп барлық медициналық қызметті сақтандырусыз тегін алуға мүмкіндік береді деген сөз емес. Яғни, мұндағы басты жаңалық – алғашқы медициналық көмекке жүгінгенде сақтандыру мәртебесінің талап етілмеуі. Сонымен, оған не жатады?

Мамандардың айтуынша, базалық медициналық көмекке жалпы практика дәрігерінің, терапевтің, фельдшердің және акушердің қабылдауы, жалпы қан мен зәр талдаулары, артериялық қан қысымын өлшеу, бой мен салмақты анықтау, дене салмағы индексін есептеу, электрокардиография (ЭКГ), пульсоксиметрия, флюорография, жекелеген функционалдық зерттеулер, құрсақ қуысы мен бүйректің ультрадыбыстық зерттеуі (УДЗ) кіреді. Алайда бұл тексерулердің барлығы әр адамға міндетті түрде бірдей жасалады деген сөз емес. Медициналық қызметтер пациенттің шағымына, денсаулық жағдайына және медициналық көрсетілімдерге қарай тағайындалады. Қажетті зерттеулердің түрін медицина қызметкері анықтайтын болады. Мәселен, сақтандыру мәртебесі жоқ азамат денсаулығына қатысты шағыммен емханаға жүгінсе, дәрігер оны қарап, қажет болған жағдайда қан мен зәр талдауын, ЭКГ немесе УДЗ тағайындай алады.

Осылайша, тұрғындар медициналық тексеруден өту кезінде оларды бұрынғыдай алдымен сақтандыру мәртебесін рәсімдеуге мәжбүрлеу жағдайларына тосқауыл қойылмақ. Керісінше, медициналық қызметтің қолжетімділігі арта түседі деген үміт бар.

Мәртебе маңызды ма?

Денсаулық сақтау саласындағы осынау жаңа өзгерістер сақтандыру жүйесінің маңызын жоймайды. Сол үшін базалық медициналық көмектен тыс көптеген қызметтерді алу үшін азаматтың МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесі
болуы қажет. Мәселен, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кірмейтін бейінді мамандардың консультациялары, қосымша зертханалық және аспаптық зерттеулер, жоғары технологиялық медициналық көмек, жоспарлы емдеуге жатқызу және медициналық оңалту қызметтері МӘМС аясында ғана көрсетілуі мүмкін. Сондықтан сақтандырылмаған азамат барлық тексеруден, емдеу шарасынан немесе жоспарлы операциядан тегін өте алады деп түсінбеу керек, дейді мамандар. Медициналық қызметтің қай пакетке жататыны оның түріне, диагнозына және қолданыстағы нормативтік құжаттарға байланысты анықталмақ. Сонымен қатар, әлеуметтік мәні бар ауруларға қатысты мемлекеттік кепілдіктер сақталатын болады.  Олардың қатарына туберкулез, АИТВ инфекциясы, қатерлі ісіктер және заңнамада белгіленген басқа да аурулар кіреді. Мұндай аурулардың профилактикасы, диагностикасы мен емдеуі тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында қарастырылады. Бұдан бөлек, 2027 жылдан бастап артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, глаукома, қант диабеті, В және С вирустық гепатиттері сияқты ауруларды ерте анықтауға арналған скринингтік зерттеулер де тегін медици-налық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде жүргізіледі деп жоспарлануда.

Азаматтар нені білгені жөн?

Ең алдымен әр адам өзінің МӘМС мәртебесін тексеріп, қажет болған жағдайда оны қалпына келтіру жолдарын қарастырғаны жөн. Себебі, базалық медициналық көмектің баршаға қолжетімді болуы сақтандырылған мәртебесінің артықшылықтарын алмастырмайды, дейді мамандар.

Жалпы алғанда, 2027 жылғы өзгерістердің басты мақсаты – азаматтың сақтандыру мәртебесіне қарамастан, алғашқы медициналық көмекке қол жеткізуіне жағдай жасау. Бұл ауруларды ерте анықтауға, медициналық тексеруден уақытылы өтуге және денсаулыққа қатысты мәселелерді асқындырмай шешуге ықпал етпек.

Ал медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігі қабылданған заңдармен ғана емес, олардың іс жүзінде орындалуымен өлшенеді. Сондықтан алдағы уақытта емханалардың дайындығы, медициналық қызметтердің сапасы, мамандардың жеткіліктілігі және емделушілердің құқықтарының сақталуы ерекше маңызға ие болмақ. Сол үшін тұрғындар мемлекеттік кепілдік берілген медициналық көмек пен сақтандыру пакетіндегі қызметтерді дұрыс ажырата білгендері жөн.

Атап өтерлігі, саладағы тағы бір жаңашылдық – көп кешікпей емделушілерді ақпараттандыруды цифрландыру тетігі іске қосылмақ. Яғни, медициналық ақпараттық жүйелер арқылы азаматтарға автоматты телефон қоңырауларын шалу, профилактикалық тексерулер мен қабылдаулар туралы хабарлау тетіктерін енгізу ұсынылған. Бұл емханалардың ұйымдастыру жұмысын жеңілдетіп, халықты медициналық тексерулерге уақтылы тартуға мүмкіндік бермек.

*  *  *

Қорыта айтқанда, 2027 жылдан бастап сақтандырылмаған азаматтар да алғашқы медициналық көмектің базалық қызметтерін тегін пайдалана алады. Сондай-ақ, бірқатар ауруларды ерте анықтауға арналған скринингтік зерттеулерді де тегін өте алады. Алайда кеңейтілген диагностика мен жоспарлы емдеудің көптеген түрлерін алу үшін МӘМС жүйесіндегі сақтандырылған мәртебесі бұрынғыдай маңызды болып қала бермек.

Нұржайна ШОДЫР.