Аймағымызда тұңғыш рет жергілікті имамдар арасында «Имам барысы» өтті. Оған өңірімізден 20-ға жуық молда қатысты.

Жарысты «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкілдігі ұйымдастырды. Облыстың бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлының айтуынша, қала және аудандардағы іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен имамдар облыстық турнирде бақ сынады. Қатысушылардың салмағына шектеу болған жоқ.

— Бұл — Қазақстан мұсыл-мандары діни басқармасының жобасы. Мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау,дін мен салт-дәстүрді сабақтас-тыру. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистерінде айтылатын күш-қуатты шыңдайтын спорт түрлерін ата-бабаларымыз ұлттық негізге сай дамытып, сүннетті берік ұстанған. Оның белгілерін төл спорттың сипатынан айқын байқауға болады, – деді бас имам. Аталмыш жарыста Ертіс ауданының Сілеті ауылындағы Амангелді қажы мешітінің имамы Дәулет Баязитов жүзден жүйрік атанып, бірінші орынды иеленді. Жеңімпазға 70 мың теңге табысталды. Екінші орынды және 50 мың теңгелік сертификатты Әбу Бәкір Сыддық медресесінің ұстазы Бекболат Сапаров иеленді. Ал үшінші орынды және 40 мың теңгені Ақмешіт мешітінің азаншысы Нұрбек Адамжанов алды. Ынталандыру жүлдесін Әбу Бәкір медресесінің ұстазы Нұрсұлтан Мамыраев иеленді. Оған 20 мың теңгелік серификат табысталды. Барлық қатысушы Алғыс хаттармен марапатталып, оларға «Құран кәрім» кітабы сыйға берілді.

 

Өз тілшіміз.