Ақсулықтарды қақаған қыста тоңдырмау үшін қала билігі барынша қамдандық деп отыр. Жылыту маусымына әзірлікті әкімдіктегілер үш бағытқа бөліп, жұмыс
жасаған. Яғни, жылу беретін қазандықтың дайындығы, жылу желілерін ретке келтіру және көп қабатты тұрғын үйлерді әзірлеуге мән берілген. Бірден айтайық,
жаңа қазандық биыл да ақсулықтарды жылумен қамтымайды. Себебі, жобаны іске асыруда кеткен қателіктермен жұмыс әлі жалғасуда.
Бірақ, Ақсу ферроқорытпа зауыты мен «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ кәсіпорындарынан алынатын жылу көлемі металлургтер қаласына жеткілікті. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Қала әкімі Нұрлан Дүйсембиновтің мәлімдеуінше, бүгінде шаһар алдағы жылу маусымына толық дайын. Бүгінде Ақсудың барлық әлеуметтік нысандарына жылу берілді. Енді 2 қазаннан бастап қаладағы 264 көпқабатты тұрғын үйге кезек-кезегімен жылу жеткізілмек. Ақсу ферроқорытпа зауытына қарасты аудандық жылу қазандығының директоры Талғат Әміровтің айтуынша, биыл №3 қазандыққа күрделі жөндеу жүргізілуде. №4 және №5 агрегат ағымдық, ал №6 қазандық орташа жөндеуден өткізілген. Жылу желілеріне қысыммен және температурамен сынау жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 19 ақау анықталыпты. Бүгінде оның бәрі ретке келтірілген. Жалпы шаһарда 99 шақырым жылу желісі болса, соның 64 пайызы тозған.
— Қалада 99 шақырым жылу желісі болса, соның 64 пайызы тозған. Осы мәселені біртіндеп шешу үшін магистральдік және орамішілік желілерді жаңартудың жобасы мемлекеттік сараптамадан өтті. Мұнда А.Пушкин-Строитель-Мәншүк Мәметова-М.Әуезов көшелерінің аумағындағы желілерді жаңарту қамтылады. Бұл дегеніңіз — қаланың үштен бір бөлігі. Ұлттық экономика министрлігіне өтінім жіберіледі, — деді қала әкімі Н.Дүйсембинов. Тағы айта кетерлігі, шаһар басшылығы қыста желілерде ақау орын алса, тұтас шағын ауданды жылусыз қалдырмау үшін 69 арнайы ілмекті арматура орнатыпты. Яғни, ақау орын алған аумақтағы бірнеше үй тұрғындары амалдай тұрса, мамандар лезде ретке келтіруге кіріседі. Ал ұзаққа созылған жаңа қазандық құрылысы аяқталғанымен, іске қосуда орын алған кемшіліктерді ретке келтіру жұмысы жалғасуда. Нақтысы, күлді жою бойынша мәселе туындаған. Мердігер осыған байланысты шамамен 60 млн. теңгенің қосымша жабдығын орнатқан. Бұл қондырғы күлдің барынша ұсақ түйіршіктерге бөлінуін қамтамасыз етуі тиіс. Сондықтан жоба қайтадан мемлекеттік сараптамаға жіберілген. Қазан айының соңында нәтиже қолға тисе, ары қарай қазандықты қайтадан іске қосып көреді. Үш ай көлемінде тексеріледі. Облыс-
тық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Салхановтың айтуынша, тексеру кезінде бәрі оң болса, қабылданады. Ал жарамаса, ары қарай қателіктің жобалаушыдан не мердігерден кеткені анықталып, тиісті шаралар қолданылады. Сонымен қатар, биыл 14-15 шағын аудандарда жаңадан салынған жеке тұрғын үйлерді де орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу қарастырылуда. Ақсуда тұрғындарды көмірмен қамтуда да кідіріс жоқ, деді қала әкімі. Тұрғындардың қажеттілігі 50,5 мың тоннаны құрайды. Көмір сататын теміржол және автомобиль тұйықтары бар. Бүгінде мұнда майкөбелік көмірдің тоннасы 15 500 теңгеге сатылуда. Қала билігінің мәліметінше, бұл баға былтырғыдан 500 теңгеге ғана жоғары. «ЕЭК» АҚ қайырымдылық акциясы аясында халықтың әлжауаз топтарына 1 мың тонна көлемінде көмір таратпақ. Бұл шамамен 650 отбасын қамтиды.
Г.ТҮГЕЛБАЙ,
Ақсу қаласы.