Келесі жылдан бастап жеке куәлік пен төлқұжатты жаңадан алатын адамдар саусақ іздерін қоса тапсыруы тиіс. Бұл талап елімізге тұрақты түрде тұруға келетін шетелдіктерге де қатысты. Сол арқылы азаматтарды биометриялық сәйкестендіруге мүмкіндік туады.

Жалпы, дактилоскопиялық тіркеу туралы бұрыннан айтылып жүр. Оны 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап та енгізбек болды. Біраз жылдан бері кейінге шегеріліп келген бұл жаңашылдық енді келесі жылдан бастап қолданылатын болады. Яғни, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Заң күшіне енеді. Ол дактилоскопиялық, геномдық ақпаратты жинау, өңдеу және қорғауды көздейді. Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитетінің аға инспекторы Нұржан Жаңабаевтың айтуынша, міндетті дактилоскопиялық тіркеу төлқұжат пен жеке куәлікті алған кезде міндетті түрде қолданылатын болады. Одан тек 12 жасқа дейінгі балалар босатылады. Ал 12-16 жас арасындағы жасөспірімдер үшін бұл жаңашылдық ерікті түрде қарастырылады.

— Дактилоскопиялық тіркеу — бұл саусақтардың папиллярлық үлгілерінің құрылымдық ерекше-ліктері туралы ақпарат алу. Бұл іс-шаралар жеке тұлғаларды биометриялық сәйкестендіруді жетілдіруге бағытталған. Ол өз кезегінде заңсыз құжаттандыру фактілерін болдырмауға, құжаттарды қолдан жасаудан, олардың иелерін алаяқтық және өзге де қылмыстық әрекеттерден қорғауға мүмкіндік береді, — деп түсіндірді аға инспектор. Белгілі болғандай, дакти-лоскопиялық тіркеу біздің аза-маттардың басқа елдердің мемлекеттік шекараларын кесіп өту рәсімін жеңілдетуді көздейді.

— Бұл күнделікті өмірде де, жазатайым оқиғаларда да, соның ішінде техногендік және табиғи сипаттағы жеке басын куәландыратын құжаттарды қалпына келтіру рәсімін жеңілдетіп қана қоймайды, сонымен қатар жеделдетеді. Болашақта дактилоскопиялық ақпараттың арқасында заманауи смартфондар арқылы мемлекеттік қызметтерді қашықтықтан алуды одан әрі дамыту мүмкіндігі пайда болады, — деді Нұржан Жаңабаев. Егер отандасымыз шекараның арғы жағында төлқұжатын жоғалтып алса, дәл осы дактилоскопиялық тіркеу көмегін тигізбек. Мұндай жағдайда Қазақстанның шетелдегі ресми мекемесіне өтініш берсе жеткілікті. Тіркеуден өтсе, құжатты қайта қалпына келтіруде де қиындық болмайды. Саусақ іздерін алу ХҚКО-ларда жеке куәліктерді, паспорттарды, шетелдіктің тұруға ықтиярхаттарын және азаматтығы жоқ адамның куәліктерін ресімдеу кезінде жүргізілетін болады. Әр түрлі себептермен жеке басын куәландыратын құжаттарды алғаш рет алатын немесе ауыстыратын қазақстандықтар саусақ ізін түсіруден өтеді. Мысалы, жарамдылық мерзімі аяқталған, тегі, аты және әкесінің аты өзгерген жағдайда, құжат жоғалған немесе ұрланған жағдайда тіркеуден өтеді. Бұл ретте деректер базасында тек бірегей идентификатор ғана болады. Аты-жөні мен ЖСН қатысты мәліметтер көрсетілмейді. Қазіргі уақытта құзырлы орган жаңа жүйенің ақпараттық қауіпсіздігін сынақтан өткізуге. Егер барлық талапқа сай келетіні айқындалса, жаңа жылдан бастап Халыққа қызмет көрсету орталықтарында қолданыла бастайды.

 

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.