Өңірде күзгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Бірінші қыркүйектен басталған шара желтоқсан айының соңына дейін жалғасады. Биыл күзгі мерзімді әскери қызметке 18 мыңнан астам азаматты шақыру жоспарланған. Ал, Павлодар облысынан қарулы күштер қатарын 800-ге жуық жас сарбаз толықтырады.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында Павлодар облысы Қорғаныс істері департаментінің бастығы Бекзат Оразов желтоқсан айының соңына дейін Қарулы Күштер, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі, Мемлекеттік қауіпсіздік органдары 800-ге жуық павлодарлық азаматтармен толықтырылатынын атап өтті. Оның ішінде 340 азамат Қарулы Күштер қатарында, 300-і Ұлттық ұланда қызмет етеді. Барлық әскерге шақырылғандар СМС-хабарлама, сондай-ақ, үй және жұмыс мекенжайларына жеке шақырту арқылы хабарланды.

— Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті, себебі туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Қазір жастарды әскерге шақырту, әскери қызметкерлер қатарына қосу, патриотизмді арттыру үшін ҚР Қорғаныс министрлігі Білім министрлігімен бірлесе отырып, келісімге келді. Соған сәйкес әскери борышын өтегеннен кейін кез келген азамат ҰБТ-дан өтпей-ақ қалаған ЖОО-ға түсуге құқылы. Яғни, бұл жобаға сәйкес, міндетті әскери борышын өтеген барлық әскери қызметшілерге ҰБТ-ны есептемегенде, міндетті әскери борышын өтегеннен кейін екі жыл бойына жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсуге мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ, міндетті әскери борышын өтегендердің барлығына ЖОО-ның әскери кафедрасына емтихансыз грантпен түсу құқығы қарастырылған. Бұл мүмкіндікті 300-ге жуық павлодарлық пайдаланды, — деді ол. Сонымен қатар, облыстық Қорғаныс істері департаментінің бастығы Бекзат Оразов бүгінгі таңда әскери бөлімдерде әлімжеттіктің алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілетінін, тәртіп пен заңға сәйкес барлық әскери қызметкерлер әскери полиция бақылауында екенін айтты.

— Қазіргі шақырудың ерекшелігі ашықтықтың артуында. Әскерге шақыру комиссияларының жұмысына сарбаздардың ата-аналары мен қоғамдық комитет өкілдері қатыса алады. Сондай-ақ, жас сарбаздардың ата-аналары мен қоғам белсенділері біздің басқармаға келіп, өздерін мазалап жүрген сұрақтарын қойып, жауап ала алады. Әр демалыс сайын сарбаздардың өз отбасымен телефон арқылы сөйлесуге мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар, Лилия Хайруллинаның жетекшілігімен «Аналар жүрегі» республикалық сарбаз аналарының комитеті жұмыс істейді. Бұдан басқа, қазіргі уақытта әскери полиция қызметі де белсенді түрде жұмыс істеуде. Олар Қазақстан армиясында, басқа да әскери құрамаларда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелерімен айналысады, — деді Б.Оразов.

А.МҰҚЫШЕВ.