Бүгінгі дамыған замандағы жастар мен кітапты байланыстыратын алтын көпір — кітапхана. Оқырманның рухани талап-тілегін қанағаттандырумен қатар, әлем-
дік, ұлттық, әмбебап ақпарат көздерін толық жинақтап, оқырманға жеткізуші болып табылады. Кітапханашы бүгінде тек оқырманға кітап беріп қоймай, көптеген маңызды жұмысты атқарады. Бүгінгі заманға сай күнделікті ақпарат ағынын оқырманға жетелеуші, сонымен қатар, кітапхананың бай қорын сақтаушы, насихаттаушы. Сондай жандардың бірі — жас маман Еркеназ Қасенова.
Бүгінгі кейіпкеріміз Еркеназ Екібастұз қаласындағы балалар кітапханасында қызмет етеді. Бүгінде осы жолда еңбек етіп келе жатқанына – 8 жыл.
— Нағашы тәтем кітапханада жұмыс істейді. Шығармашылыққа жақын болғандықтан көпшілік шараларда өлең оқуымды сұрайтын. Сөйтіп, әр ақынның өлеңдерін оқып беретінмін. Содан ба екен, осы салаға қызығушылығым артты. Еңбек өтілімді 2016 жылы Екібастұз қаласының орталық балалар кітапханасынан бастадым. Келесі жылы жергілікті орталық қалалық кітапхананың оқырман залында қызмет еттім. Араға бір жыл салып осы балалар кітапханасына қайта жұмысқа орналастым, — дейді ол. Еркеназ жақында 35 жас-
қа дейінгі облыстық жас кітапханашылар арасында өткен байқауда топ жарып, бас жүлдеге ие болды. Еркеназдың ізденісін бағалаған қазылар алқасы оның талабына қарап, бас жүлдеге лайық деп тапқан. Байқау осы салада кәсіби жетістіктері бар жас мамандар арасында өткен. Өз ісінің маманының сөзінше, бұрынғыдан қарағанда осы сала қызметкерлеріне көп жағдай жасалып келеді. Мәселен, жалақы мәселесі де оң шешімін тауып келеді.
— Кітапхана кәсібінің беделін арттыруға және дамуын ынталандыру бағытында іс-шаралар көптеп өтуде. Әсіресе, жастардың осы мамандыққа қызығушылық танытуы қуантады. Үш жыл қатарынан жалақы мөлшері де артып келеді. Егерде өз мамандығыңды жақсы көрсең, еш қиындықтарға қарамау қажет, — дейді кейіпкеріміз. Кітапханашы осы салада қызмет ете отырып, оқудан қол үзбейтін оқырмандарды көбейтіп, оқу-тәрбие жұмысы оң болуына үздіксіз еңбек етеміз дейді.
— Кітап оқу – өнер, рухани жаңғыру кепілі. Кітапсыз ешкімнің де алға баса алмасын көріп отырмыз. Оқырманды зерттеу, оқырмандар талабымен санасу — біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі. Кітап ел мен елді жақындастырар, түсінікке бастар рухани дүниеге негіз қалайды. Ақпарат пен білім кітап әлеміндегі шегі жоқ ұлы көш деуге болады. Ұстаздар мен оқушылардың сапалы білім алуының кепілі ретінде білім мен ақпаратты беру және іздестірумен қамтамасыз ету, рухани байыту – кітапхананың төл ісі. Бүгінде кітапхана білім ошағының өркендеуі мен қалыптасуы және балалар мен жасөспірімдерге тәрбие беруінде үлкен демеу болып келеді. Кітап сананы нұрға бөлейді. Сондықтан кітапқа қызықтыру – кең дүниетанымға қызықтыру, — дейді ол.
Айдана БОРАНБАЕВА.