Облыстың Ертіс өзені аумағына су жіберілуде. Мәселен, жылда бұл уақытта секундына 650 текше метр су жіберілсе, қазанның 1-інен бастап 1100 текше метрге ұлғайтылған. Соның салдарынан шаруалардың шабындықта үюлі қалған мая шөптерін су басып қалу қаупі төніп тұр.
Биыл ала жаздай жаңбыр болмауының салдарынан бүгінге дейін белуардан келетін қалың шөп шығатын жерлерде биыл өсімдік атаулы мүлде селдіреп кеткен. Сол себепті облыс бойынша жем-шөптің қазіргі қоры жылдағыға қарағанда айтарлықтай аз. Бұдан бөлек, күз мезгілінде Ертіс өзенінің жайылма жерлерін су басуы енді сол аз ғана мал азығын жинап алуға тосқауыл болып тұр. Шабындық жерлерін су басу қаупі төнген Май ауданының әкімі Ағыбай Әміриннің айтуынша, бұрындары су басудың алдын алу мақсатында аудан бойынша
8 желілік шлюз орнатылған болатын. Алайда, тоқырау кезеңінде барлығы қирап, бүгінде оның біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, аудан басшысы Кеңтүбек ауылы мен Көктөбеге дейінгі аралықта тоғандар орнатылғанын мәлім етті. Бүгінде ауданда су деңгейінің көтерілуі Қазан, Саты, Малайсары ауылдық округтерінде анықталды. Сондай-ақ, Ағыбай Әмірин аудан бойынша жем-шөп қажеттілігі 105 мың тоннаны құрайтынын айтып, бүгінгі күні мал азығының үштен бір бөлігі жиналғанын жеткізді. Тағы бір су басу қаупі төнген аумақтардың бірі — Ақтоғай ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Қалтайдың айтуынша, қазіргі уақытта ауданда жемшөп жинау науқаны қызу жүргізілуде. Күнделікті су деңгейінің көтерілуі жергілікті әкімдіктің бақылауына алынды. Су деңгейінің мөлшері шамамен 10 сантиметрге көтерілген. Сонымен қатар, бөлім басшысы ауданда жылда қысқы мал азығына қажеттілік 99,8 мың тоннаны құрайтынын атап өтті. Бүгінгі таңда жеке және қосалқы шаруашылықтармен 110 мың тонна жемшөп дайындалып, жоспар артығымен орындалды. Ал Павлодар ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Серік Хасеновтің сөзінше, Ертіс өзенінің жайылма жерлерін су басу салдарынан кейбір шаруалардың қысқа дайындаған шөбі су астында қалды.
— Су басу тәуекелі бар төмен жерлерде бұрын дайындалған жем-шөп қорлары қазір әкімдіктермен шығарылуда. Еліміздің Шығысындағы су қоймалары аймақ әкімдігіне алдын ала хабар бермеген. Соның кесірінен Павлодар ауданына қарасты Заря, Жертұмсық ауылдары тұрғындарының қысқа дайындалған біраз шөбі жарамсыз болып қалды, — дейді бас маман. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетов бұл мәселеге қатысты өз пікірін білдіріп, облыстағы ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне айтарлықтай зиян келтірмеу үшін Бұқтырма су қоймасынан Ертіс өзеніне шамадан тыс су жіберуді тоқтату шараларын қарастыру керектігін айтты. Сонымен қатар, депутат қоғамдық бақылауды жүзеге асыру үшін Жоғарғы Ертіс су қоймаларының каскадынан су қоры мен ағыны туралы ақпаратқа ашық қолжетімділікті қамтамасыз ету қажеттілігін атап өтті.
— Павлодар облысының фермерлері күз мезгілінде Ертіс өзенінің жайылма жерлерін су басу мәселесі бойынша шағым айтуда. Соңғы апта ішінде Павлодар ауданының шағын өзендер мен арналардың сағаларында су деңгейі көтеріліп, кей жерлерде жайылмалық жерлердің төменгі бөліктеріне шығып, шаруашылық ішіндегі жолдар мен шабылып қойылған шөп үйінділерін басуда. Биыл көктемде Ертіс өзенінің жайылмасына су шығару деңгейі өте төмен болды. Нақтырақ айтсақ, массивті су басу мөлшері
30 пайызды құрады. Су деңгейінің төмен болуына Бұқтырма су қоймасындағы су жиналымының аз мөлшері себеп болды. Жобалық қуаттылығы бойынша 49,3 км3, көлем бойынша бар болғаны 24,5 км3, яғни, жобалық қуаттылықтың 50 пайызынан төмен. Нәтижесінде, өңірдің фермерлері жем-шөптің қажетті мөлшерін ала алмады. Сонымен қатар, жазғы аптап ыстық кей жерлердің орылатын шөп қорын жойып жіберді. Шаруашылықтарды қолдап, жем-шөпті субсидиялау үшін ел қазынасынан 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, —
деді Н.Әшімбетов. Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мәліметінше, Үлбі және Үбі өзендерінің бүйірлік ағынының ұлғаюына байланысты ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап Шүлбі су қоймасынан ағызу 650 (жазғы деңгейден) 1000-1100 м3/сек дейін ұлғайтылды. Мұндай көлемдегі төгінділер 13 қазанға дейін жалғасты. Нәтижесінде Май, Павлодар аудандарында өзен кемерінен асып, шөбындық жерлерді су басу фактілері анықталды. Осыған байланысты, алдын ала шаруа қожалықтарына жиналған шөпті уақытылы жинап алу керектігі туралы ескертілді. Су жіберу 23-24 қазанға дейін сақталады.
А.МҰҚЫШЕВ.