Бүгін аймағымыздың дамуына әр салада айтарлықтай үлес қосқан, ерен еңбегімен ел аузында жүрген ардагерлерге Павлодар облысының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Жылдар бойы өңіріміздің өркендеуіне бар күш-жігерін салған азаматтарға лайықты марапатты облыс әкімі Асайын Байханов салтанатты түрде табыстады.
Бұл марапатқа жеті азамат лайық деп танылған. Олар — білім, мемлекеттік салалардың ардагері Махмет Демесінов, құқық қорғау органдарының ардагерлері Ерқанат Дүйсекенов, Боранбай Сқақов, медицина саласының ардагерлері Сағит Иманғазинов, Зинаида Раздорская, тау-кен өндірісі саласының ардагері Орынжан Қабдолов, батагөй ақсақал, ақын, күйші Балтабай Сыздықов.
— Ұлттық мерекеміз 13 жылдан соң қайта қалпына келтірілді. Тарихи маңызға ие күн. Осы айтулы күн қарсаңында кездесіп, ақсақалдарымызға құрмет көрсету – біз үшін мәртебе. Президенітіміз Қасым-Жомарт Тоқаев әрқашан зиялы ардагерлер мен ақсақалдардың елімізді дамыту жолында маңызды орын алатын талай атап өтті. Дана халқымыз «қариясы бар елдің қазынасы бар» деп бекер айтпаған. Қартын бағалайтын халықтың ұрпағымыз. Бұл үрдіс әлі де жалғасын табуы керек. Ардагерлеріміз -даналықтың, мейірімділіктің, кәсібиліктің қайнар көзі. Сіздердің ақыл-кеңестеріңізге сүйеніп, қаншама дұрыс шешімдер қабылданды, — деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Павлодар облысының «Құрметті азаматы» атанған ардагерлер аймақ басшылығына айрықша алғыстарын айтты. Ұсыныс-тілектерін де ортаға салды. Қоғамдық жұмыстардан әлі де қол үзбеген белсенді ардагерлердің бірі Махмет Демесінов атқарған еңбектеріне жоғары баға беріп, қошемет көрсетілгеніне ризашылығын білдірді. Ол қазіргі атүстіндегі азаматтарға елге қызмет етуде аянбауды тіледі. Қазақ халқының рухы әрдайым биік болсын, деді ақсақал. Ал Ертіс ауданының ауруханасында алпыс жылдан астам уақыт еңбек еткен медицина саласының ардагері, практикалық хирург Зинаида Николаевна «Құрметті азамат» атағын беріп, сенім білдіргеніне айрықша қуанышты екенін айтты. Ауданда кейбір кездері шұғыл әрі күрделі операция жасау сәттері болатынын есіне алды. Айтуынша, бірде жарақат алған жігіттің жүрегін бір қолымен тігіп, екінші жағынан жүректің тоқтамауына әрекет еткен көрінеді. Төрт тігіс салып, әлгі азаматты аман алып қалыпты. Сондай-ақ, ол аудандық жерде хирург бір бағытта ғана емес, медицинаның барлық тармағын жіті меңгергені абзал, деді. Өзі осы ұстанымға берік болыпты, әрдайым оқуын тоқтатпаған.
— Медицинадағы жалпы еңбек өтілім — 64 жыл. Соның ішінде 54 жыл Ертіс аудандық ауруханасында хирург, бөлім меңгерушісі болып қызмет еттім. Жұмыс өте күрделі. Бар ғұмырымды адам өміріне араша түсуге арнадым. Бірақ, жасаған операция сәтті өтіп, нәтижесін көргенде қайтадан қанаттанып, еңбекті еселей түсесің. Бізге кезінде жолдың нашарлығынан тек тікұшақпен жедел жететін кездер болды. Облыс орталығынан дәрігерлер келе алмайтын сәттер жиі кездесетін Сонда өзіме бірден шұғыл шешім қабылдап, әрекет ету қажет болатын. Бірде 3 айлық нәрестенің жарты ішегі жансызданып қалғандықтан, шұғыл ота жасау керек болды. Жасалды, бала қалпына келіп, сырқатынан айыққанын көргенде, қуанышта шек болмады, — дейді қызметінің кейбір сәттерін еске алған ардагер дәрігер Зинаида Раздорская. Кездесуде батагөй, республикалық бата жарысында екі жыл қатарынан бірінші орынды жеңіп алған ақсақал Балтабай Сыздықов та алғысын айтып, батасын берді. Сондай-ақ, М.Демесінов медицина саласындағы мамандар тапшылығына байланысты ұсыныс-тілегін білдірді. Аймақ басшысы маман тапшылығын барын жасырмады, десе де бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлім етті. Яғни, еліміздегі жоғары оқу орындарында жүздесулер өткізіліп, мамандар тартудың тетіктері қарастырылуда.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ,
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек