«Көктемнің әр күні — жылға азық» дегендей, қазір облыстың әр ауданында көктемгі жұмыстардың нағыз қызған шағы. Күн жылынып, жер арқасы кеңіген шақ
шаруа адамының да білек сыбана қарбалас тірлікке кірісетін кезі екені белгілі.

Сәл кешіксеңіз, еткен еңбектің еш кететінін қаперге ұстаған жөн. «Не ексең, соны орасың» деген тәмсіл де осыған қарата айтылған. Биыл Ертіс ауданында да егістік алқабы кеңейіп, егін егу науқаны қызу жалғасуда. Биыл шаруалар 303 мың гектар алқапты жерге өнім салуды межелеп отыр. Оның 207 мың гектар жеріне дәнді дақылдар себіледі. Жалпы, былтырғы жылмен салыстырғанда алқап 8 мың гектар жерге кеңейген. Ертіс ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруа-шылығы бөлімінің басшысы Қайролла Нұрғажиновтің айтуынша, ауданның фермерлері егіс үшін 26 мың тонна тұқым дайындаған. Олар сәйкестікке байланысты толық талдаудан өткен. Бұдан кейін аграршылар сапалы өнім алу үшін жер жыртып, топырақ құнартқан. Өңдеп — бапта-ғаннан кейін ғана егін себу жұмыстарына кірісті.

— Егіс алқаптарының астықты құрылымы 207 мың гектар жерді құрайды. Сонымен қатар, 62 мың гектарға майлы және 32 мың гектар жерге жем-шөп дақылдары егіледі. Атап айтсақ, күнбағыс, рапс, зығыр және мақсары егілді. Дәнді дақылдар бойынша бұл бидай, арпа және сұлы болады. Бұдан басқа, Ертіс ауданының барлық шаруа қожалықтарына нарықтық бағадан 17 пайыз төмен бағамен арзандатылған дизель отыны бөлінді, — деді бөлім басшысы.

А.МҰҚЫШЕВ.