Соңғы деректер бойынша елімізде жарты миллионға жуық адамның жұмыссыз екені белгілі болды. Олардың көбі үлкен қалалардың тұрғындары, — дейді сала мамандары. Ал облыс орталығы Павлодар қаласындағы жағдай қалай? Бұл сұраққа толыққанды жауап алу үшін Павлодар облысы бойынша еңбек мобильділігі орталығына қарасты «Павлодар қаласының Мансап орталығы» филиалының басшысы Аманбек Ұнатұлымен сұхбаттасқан едік.

— Аманбек Ұнатұлы, биыл Павлодар қаласы бойынша жұмыспен қамту көрсеткіші қандай?

— Жоспар бойынша 2023 жылы 9850 адамды жұмыспен қамту көзделген. Бүгінгі күні 9765 тұрғын жұмысқа орналастырылды. Нәтижесінде, жоспардың 99 пайызы орындалды. Жалпы, 4578 жаңа жұмыс орны ашылды. Жастарға арналған бағдар-ламаларға тоқталсақ, «Жастар практикасы» бойынша жоспар 310 адамды құрады, бүгінде 259 жас жолдама алды. Ал «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 88 адамды, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы арқылы 6 тұрғынды жұмысқа орналастыру қажет болған. Осы екі жоба да 100 пайыз жүзеге асты.

— Жыл басынан бері қанша адам оқу оқыды? Нәтиже қалай?

— Иә, бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мәселен, жұмыс берушілердің сұранысы бойынша 6 айға дейін 86 адамды оқыту жоспарланып, 88 тұрғын оқуға жолдама алды. Яғни, жоспар артығымен орындалды. Қазіргі таңда 28 адам оқуын аяқтады, оның 22-сі жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, жұмыс берушілер тарапынан жұмыс орындарында 65 азаматты оқыту жоспарланған. Жоспар толығымен орындалып, 24 адам оқуын аяқтады. Көпшіліктің сұранысы бойынша enbek.kz платформасында онлайн оқыту ұйымдастырылуда. Осы жүйе бойынша 295 адам оқумен қамтылып, жоспар 96 пайыз орындалды.

— Жұмыссыздықты жою мақсатында қандай іс-шаралар қолға алынуда?

— Әрине, бұл бағытта біраз іс тындырылуда. Айталық, жұмыссыз тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында облыс орталығында 19 рет бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Оған 182 жұмыс беруші қатысып, 2195 бос жұмыс орны ұсынылды. Аталған жәрмеңкеге 1 мыңнан астам тұрғын келіп, өзіне лайықты жұмыс қарастырды. Сөз басында айтып өткендей, биыл 10 мыңға жуық адам жұмысқа қабылданды. Олардың ішінде тұрақты жұмыс орындарына 3613 адам тартылды. Субсидияланатын жұмыс орындары бойынша қоғамдық жұмыстарға — 393, әлеуметтік жұмыс орындарына — 251, «Жастар тәжірибесі» – 259, «Алғашқы жұмыс орны» — 88, «Күміс жас» — 140, «Ұрпақтар келісімшарты» бойынша 6 азамат еңбекпен қамтылды. Сонымен қатар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарды еңбекпен қамту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген осындай 79 адам бар, оның 6-уы квота бойынша жұмысқа орналасты. Кәсіпкерлік бастамалар аясында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 108 қатысушыға 400 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз мемлекеттік гранттар берілді.

— Биыл жұмыспен қамту жүйесінде қандай жаңашылдықтар, өзгерістер болды?

— Әлеуметтік кодексті жүзеге асыру аясында 2023 жылғы 1 шілдеден бастап облыстық деңгейде Еңбек мобильділігі орталығы құрылды. Халықты жұмыспен қамту орталығы Мансап орталығы болып өзгерді. Сол арқылы жұмыспен қамту ісін жүйелі дамыту, көрсетілетін қызмет сапасын арттыру көзделуде. Мансап орталығының негізгі міндеті — өңірлік жұмыспен қамту саясатын жүзеге асыру. Осы бағытта жұмыс жүргізілуде. Айта кетерлігі, бос жұмыс орындар онлайн жәрмеңкесі ұйымдастырылуда. Бірінші онлайн жәрмеңке 15 қараша күні «ENBEK.TANDA» порталында өтті. Сондай-ақ, биыл 1 шілдеден бастап біздің орталықтың «Instagram» әлеуметтік желісінде аккаунт іске қосылды. Күн сайын оқырман саны артуда. Бұдан бөлек, Мансап орталығының аккаунтында тұрақты түрде жұмыспен қамту шараларын түсіндіру және осы саладағы мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша тікелей эфирлер өткізілуде. Ал желіге келіп түскен хабарламаларға 1 сағат ішінде жедел жауап беру ісі дұрыс жолға қойылды.

— «Жұмыс жоқ» деп жүрген жұмыссыз жандарға не айтасыз?

— Мұндай азаматтар Павлодар қаласы, Бектұров көшесі, 115 В мекенжайында орналасқан Мансап орталығына келіп, кеңес алғаны жөн. Сонымен қатар, «Instagram» әлеуметтік желісінде «mo_pavlodar_qalasy» парақшасына жазылып, қажетті ақпаратпен таныс болуы тиіс. Ерінбей еңбек еткісі келетін адамға әрдайым жұмыс бар.

— Ақпаратыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан –

Нұржайна ШОДЫР.