Шалғайдағы ауылға хат-хабар таратып, газет-журнал, сәлемдеме-сауқатты жеткізуде «Қазпошта» қызметінің маңызын айтпасақ та түсінікті. Біраз уақыт
бұрын көпшілікке бұл қызметтің қоғамдағы орны жоғала бастағандай сезілгені де жасырын емес. Алайда, кейінгі жылдары «Қазпоштаның» қызметтеріне сұраныс артқан. Биыл 30 жылдық мерейтойына мекеме толағай табыспен жетіпті. Ағымдағы жылдың 7 айында «Қазпошта» АҚ-ның кірісі 43,1 пайызға өскен. Осылайша, заманның талабына қарай бейімделу арқылы бәсекелестік ортада өз орнын тапқан көрінеді. Мерейтойға орай «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Дәурен Ерғалыұлы Бегмановпен сұхбаттасып, қызметтің аймағымыздағы аяқалысы жайында білген едік.

 

— Дәурен Ерғалыұлы, 30 жылдық мерейтойға қандай жетістіктермен жеттіңіздер?

— 1993 жылы Байланыс министрлігінен еншісін алып, ««Қазпошта»» акционерлік қоғам болып, бөлініп шықты. Содан бері талай өзгеріске ұшырады. Ауылдардан тұрғындардың көптеп көшуінен бөлімшелер саны да азайды. Дегенмен, әлі күнге дейін шалғай ауылдарда қызмет көрсетіп, әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға үлес қосып келеміз. Осыдан 15-20 жыл бұрын бүгінгідей хат-хабар көбейеді десе сенбес едік. Цифрландыру нәтижесінде жазба хаттар кемиді деп болжадық. Электрондық хат алға озады деп ойладық. Алайда, жыл сайын біз жеткізетін хат-хабар саны көбейіп келеді. Сәлемдеме де бір кездері азайып кеткен еді. Бұл үрдіс те үзілмей, керісінше, үдей түскеніне бүгінде куәміз. Хаттарға келетін болсақ, талап бойынша тапсырыспен жөнелтілетін ескерту хабарламалар бағытталған адамның қолына тікелей тиюі тиіс. Құқық қорғау, салық органдары, сот, жеке сот орындаушыларынан хабарламалар біз арқылы тұрғындарға жіберіледі. Мемлекеттік мекемелер азаматтардың өтініштеріне жазбаша жауап қатады. Ұялы байланыс болса да, ескіше хат жазып, хал білісетін бірен-саран адам әлі де барын айта кеткім келеді. Кезінде халықаралық, қалааралық логистика дамымаған уақытта адамдар алыстан азық-түлікті де пошта арқылы алдыратын. Ал қазіргі сәлемдемелер – тұрғындардың интернет дүкендерден тапсырыс- пен алдыратын киім-кешектер, түрлі заттар.

— Поштаның биыл кірісі өскен көрінеді. Мұнда қай қызметтердің үлесі басым?

— Қазақстан бойынша қаржылық қызметтер түрі негізгі кіріс көзі десек болады. Оған қоса, тұрғындардың интернеттен тапсырыс беріп, біз арқылы сәлемдемелерін жеткізуі жиіледі. Бұрын интернеттен тапсырыс беруге адамдар үрке, сенімсіздікпен қараса, бүгінде, керісінше, уақытын үнемдеп, үйде отырып-ақ тапсырыс беруге бейім болуда. Осы ретте, тұтынушыларымызға ыңғайлы болуы үшін ірі бөлімшелерімізде тапсырыс берген киімді бірден өлшеп көруіне арнайы орындар қарастырып қойдық. Өлшемі келмесе, кері қайтара алады.

— Қазіргі заманға сай қандай жаңа қызмет түрлері пайда болды?

— Цифрландыру дәуірінің көшінен қалмауға тырысамыз. Өзіміздің пластикалық карталарымызды шығардық. Ол арқылы тұрғындар зейнетақы, жәрдемақы, студенттер стипендиясын ала алады. Қаржылық операциялар қатары көбейді. Пилоттық жоба ретінде бүгінде ауылдарда мемлекеттік қызметтер көрсетуге көштік. Аудан орталығынан кішірек, бірақ ауқымды ауылдарда мемлекеттік 27 қызмет түрін көрсетеміз. Облыста мұндай 30 орын ашылды. Банкомат, посттерминалдар қойылуда. Бөлімшелеріміз автоматтандырылды. Бәрі компьютермен атқарылады. Жүргізілген жұмыстар онлайн көрініп тұрады. Клиенттеріміз жөнелтілген хаттың, сәлемдеменің қай жерде кімнің қолында екенін бақылай алады. Тіпті, жауапты адамның телефон нөмірі көрсетіліп тұрады. Қажет болса хабарласып, жеткізілетін мекенжайды өзгертуге болады. Еліміз бойынша хат, сәлемдеме көп дегенде 5-7 күнде жетеді. Қаладан қалаға жөнелтілсе, 2 күнде жетіп барады. Ал газеттер жарияланған күннің келесі күнінде тиісті жеріне жеткізіледі. Осы орайда, жеткізуге аса қажетті автокөлік паркін жаңартуға көңіл бөлінген. Соңғы екі жылда 4 брондалған көлік алдық. Биыл жыл соңына дейін 7 жүк көлігі әкелінеді. Бөлімшелерді жаңғырту жалғасуда. Биыл Успен ауданы орталығындағы бөлімше жөнделді.

— Алдағы уақыттағы жоспарларыңызды айтып өтсеңіз…

— «Қазпошта» агенттік қызмет көрсетеді. Яғни, банктер бізге ақшаларын орналастырады. Барлық байланыс арналары мен бағдарламасына қолжетімділікті ашады, біздің бөлімшелердегі операторларымыз тұрғындарға кредит рәсімдейді. Банктер осылайша өз өкілеттіктерін ашпай, біз арқылы жұмыс істейді. Тұрғындар бізден  несие алып, біз арқылы өтейді. Екі тарапқа да тиімді. Біздің мекемеге де бұл қызметтен қаржы түседі, одан бөлек, операторға әр берілген несие үшін ақы төленеді. Алдағы уақытта «Қазпошта» компаниясы еСоm нарығында қаржылық және логистикалық қызметтер желісін кеңейтуді көздеп отыр. Яғни, электронды коммерция жүйесі қолға алынады. Одан бөлек, фулфилмент орталығын ашу ойда бар. Мұндай орталық интернет арқылы тауарға тапсырыс берушілер мен алушылар арасына көпір орнатады. Тауарды сақтап, сол орталықтан тапсырыс берушіге бірден жөнелту мүмкіндігі туындайды. Бұл қызмет соңғы уақытта сатып алушылар мен сатушылардың интернетке көшуімен байланысты. Мұндай орталық Астанада бар, алдағы уақытта Түркістан, Алматы облыстарында, Ақтөбе қаласында салынбақ. Осы тұрғыда бас кеңсемізде облысымыздағы сұраныс саралануда.

— Бір кездері хат-хабар-ламалардың уақытылы жетпеуіне қатысты шағымдар жиі айтылатын. Қазір ахуал қалай?

— Түрлі жағдай болады. Әрқайсысын сараптап отырамыз. Кейде тұрғындардың өздері әдейі қабылдамайды немесе қабылдаудан бас тартатындарын жазып береді. Мәселен, уақыт созу үшін соттан келген хабарламаларды алмай, есігін де ашпайтын жағдайлар кездеседі. Ол — енді конституциялық құқығы. Кейде мекенжайды теріс көрсетуден де кешігіп қалуы мүмкін. Яғни, дұрысын анықтағанша уақыт өтеді. Негізі, тұрғындар нақты индекс көрсетуге көңіл бөлсе дейміз. Көбі, әйтеуір, облыстың индексі 140000 деп көрсете салады. Ал бір қаланың өзінде бірнеше индекс барын ескермейді. Жалпы, бүгінде қалаларда хатты уақытылы жеткізуге курьерлеріміз мүдделі. Олармен келі-сімшартпен жұмыс істейміз. Бұл істе мотивациялық бағдарлама қарастырылған. Мәселен, курьер-леріміз хат қолына түскен сәттен бастап алғашқы 12 сағат ішінде иесіне жеткізсе, алатын ақысы да жоғары болады. Алғашқы тәулікте, 36 сағатта жеткізсе, оған да жеке тариф бар. Демек, тезірек жеткізіп, көбірек ақша алуға болады. Таратқан хат, сәлемдеме санына қарай да ақы төленеді. Ал хат сақтауға салынса, тариф төмендей береді.

— Ауылдық бөлімшелердің жұмысына тоқталсаңыз…

— Жалпы, бізде облыста 156 «Қазпошта» бөлімшесі бар. Үшеуі халық саны 3 мыңнан 10 мың адамға дейінгі елді мекендерде орналасса, 26 бөлімше 1000-3000 адам тұратын ауылдарда жұмыс істейді. 50 бөлімше тұрғындар саны 500-ден 1000-ға дейінгі елді мекенде орналасқан. Тағы 32 бөлімшеміз 500 адамнан аз тұрғыны бар ауылдарда жұмыс істейді. Ауылдағы пошташыларды керек-жарағымен қамтимыз. Сырт киім, аяқ киім алуға ақша бөлінеді. Тіпті, аяққа тайғызбайтын табан да алу қарастырылған. Бүгінде облысымыздың 28 мың зейнеткері біз арқылы зейнетақы алады. Жасы 80-нен асқан зейнеткерлерге, 1-ші және 2-ші топ мүгедектеріне зейнетақысын үйіне жеткізіп береді. Адам саны 500-ден кем ауылдарда басшы-пошташы қызметін қатар атқарады. Олар 0,5 жарты еңбек мөлшерлемесімен жұмыс істейді. Яғни, бірнеше сағатта бірнеше көшеге хат-хабар, газет-журналды таратып шығады да, үйіне қайтады. Бүгінде толық еңбек мөлшерлемесі 103 мың теңге болса, жарты мөлшерлемемен жұмыс істейтіндер 51 500 теңге алады. Облысымызда пошташылардың 85 пайызы – әйелдер. Оңтүстікте, керісінше, ер азаматтар көбірек. Көп жыл жұмыс істейтіндердің еңбектерін ескереміз. Оларға 10-нан 60 пайызға дейін мөлшерде қосымша ақы қосылады.

— Мамандармен қамту мәселесі қалай шешілуде?

— Бізге көбінде қаржы мамандары қажет. Ауылдарда ақшамен жұмыс болғандықтан қаржы мамандықтарын меңгергендерге басымдық береміз. Дегенмен, тапшылық кездеседі. Мұндайда тығырықтан шығу жолдарын іздейміз. Яғни, ауылдардың әкімдері ұсынған сенімді адамды алуға тырысамыз. Себебі, мұнда хат алмасу құпиясы, банктік құпия деген мәселе жатыр. Ал қалаларда курьерлік қызметте маман тапшылығы жоқ. Бұрын «Операторлар мектебі» болды. Қазіргі таңда тәжірибелі қызметкерлеріміз жаңадан келген маманға тәлім-
герлік етеді. Тәлімгеріне ол үшін ынталандыру ақысы қарастырылған. Бізде бүгінде ынталандыру бағдарламасы мықтап қолға алынуда. Мәселен, жүк тиеуші немесе хаттар мен сәлемдемелерді сұрыптайтын адам клиенттермен тікелей жұмыс істемегендіктен, ол өз ісінің тиімділігін көрсете алмайды. Осыны ескеріп, басқаша бағалауға мән беріледі. Мысалы, қабылдаған әр хатына бонус түседі. Жалпы, әрбір қызметкердің еңбегін ынталандыру тетігі қарастырылған.

— Демек, табысты барынша қызметкерлеріңіздің игілігіне жұмсауға басымдық берілген ғой…

— Шыны керек, соңғы жылдары «Қазпошта»ның жағдайы күрделі еді. Қызметкерлерге сыйақы беру, ынталандыру мүмкін болмай кеткен. Бұрын Пошта күні, мемлекеттік, кәсіби мерекелерде берілетін сыйақыдан қағылды. Ал қазір жағдай жақсарды. Былтыр айлық 25 пайызға, биыл да 25 пайызға көтерілді. Басымдық ауылдағы қызметкерлерімізге жасалды. Осылайша, «Қазпошта» қызметі жанданды деуге болады. Компа-ниямыздың төрағасы алдымен табысты молайтып, одан кейін өндірістік персоналға айлық көтеруді, қызметкерлерге жайлы жұмыс ортасын қалыптастыруға ниетті. Сұрыптау, автокөлік орталықтарында жұмыс істейтін азаматтарымыздың жиі шаңнан тазарып, жуынып-шайынып отыруы үшін жуынатын бөлмелер қарастырылды. Табысымыз еселеніп келеді. Бірақ, біздің компания желісі еліміздің шалғай ауылдарына дейін тарайтындықтан, жұмыс істейтін адамдарымыздың саны да көп. Сәйкесінше, кірістің көп бөлігі айлыққа, хат-хабарды, сәлемдемелерді тасымалдауға жұмсалады. Жалпы алғанда, 30 жылдыққа жақсы көңіл-күймен жеттік деп айта аламын.

— Сұхбатыңызға рақмет! Мерейтойларыңыз құтты болсын!

 

Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.