Өткен аптада Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесу өтті. Жиын барысында жергілікті фермерлер жер салығының еселеніп салыну мәселесін көтерді. Заңдағы нормативтік-құқықтық актілердің өзгеруіне байланысты шаруалар енді ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын жерлердің салығы жер салмағындай ауыр екенін айтады.

Павлодар облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбеновтің айтуынша, бүгінгі таңда салық мәселесіне қатысты фермерлерден түсіп жатқан шағымдар көп. Өңірлік палатаға ұжымдық өтініш те жазылды. Жергілікті аграрийлер жер учаскелеріне базалық салық мөлшерлемесінің өзгеруімен келіспейді.

— 2012 жылдан 2019 жылға дейін жергілікті атқарушы билік органдарының бірлескен қаулысымен және өкілді органдардың шешімімен Павлодар облысында 58 ауылдық елді мекен жойылды. Олардың облыс бойынша таратылуына байланысты кейбір келешегі жоқ ауылдар жақын маңға қосылды, ал шаруа және фермер қожалықтарына тиесілі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер елді мекендердің жерлері санатына жатқызылды. Бұл жағдай жер салығы сомасының өсуіне алып келді. Өйткені есептеу бұрынғыдай емес, бір шаршы метрге – бір гектарға есептелген. Мысалы, бұған дейін Ақсу қаласының М.Омаров ауылдық округінде шаруа қожалығы ауданы 2079 гектар болатын төрт жер учаскесіне 28 мың теңге салық төлеген, ал бүгінде оған 17 миллион теңге көлемінде салық есептелген. Дәл осындай жағдай Ақсу қаласының Евгеньев ауылдық округіне қарасты шаруа қожалығында да өтті. Шаруа қожалығының басшысы төрт жер учаскесі үшін бұрын 69 мың теңге төлесе, бүгінде 13 миллион теңге төлеуде. Бұл жағдаймен көптеген жеке кәсіпкерлер, аграрлық саланың мамандары келіспейтінін айтты. Басқосуымыздың басты себебі де осы. Аталмыш мәселені шешіп, жергілікті шаруагерлерге қолдау көрсету, – деді Ерқанат Әбенов. Павлодар облысының жер қатынастары басқармасының бөлім бастығы Нұржан Мұқанов 2018 жылы Салық кодексіне өзгерістер енгізілген кезде, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге бонитет балы бойынша, яғни гектар үшін салықты есептеуге көмектесетін бап алынып тасталғанын түсіндірді. Сондықтан шаруа қожалықтарына тиесілі жерлер елді мекендерде орналасқан жағдайда, атаулы шаруашылықтың басшылары салықты бір шаршы метрге төлеуі тиіс.

— Шартты түрде айтқанда, бір гектарға – он мың шаршы метрге шаруа қожалықтарының иесі бұрын 50 мың теңге төлесе, қазір 10-15 миллион теңге төлейді. Қазір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер Салық кодексіне сәйкес арнайы салық режимін қолдана алады. Яғни, олар арнайы салық режимін өзгерту үшін уәкілетті органға (өз ауданы немесе қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына) жүгіне алады. Бұл — ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін үлкен жеңілдік. Онда, егер олар арнайы салық режимін қолданатын болса, оларға салықтың басқа түрлері қолданылмайды. Мәселен, көлікке, қоршаған ортаға эмиссияға, жер салығына және басқа төлемдер. Бұдан басқа, бұрын жойылған немесе біріктірілген ауылдардың шекарасынан тыс жерлерді белгілеу керек. Елді мекеннен тыс жерлерде орналасқан мұндай аумақтар ауыл шаруашылығы мақсатындағы санатқа жатады. Сондай-ақ, Салық кодексіне өзгерістер енгізіп, елді мекендердегі жерлер төлемі, бұрынғыдай, бонитет балымен есептелу керек, — деді Н.Мұқанов. «Атамекен» палатасы өңірлік филиалының директоры жер теліміне қатысты бұл түйткілдің шешімі – шекараны белгілеу мен заңнаманы өзгертуде жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, алдымен жұмыс алгоритмін құрып, шаруалармен бірлесе жоспар әзірлеу қажет. Сондай-ақ, барлық құзыретті органдар осы маңызды мәселе төңірегінде жан-жақты әрі салмақты шешім қабылдауы тиіс.

А.МҰҚЫШЕВ.