«2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына сәйкес, Қазақстанда ең төменгі жалақы, АЕК, зейнетақы және ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері жоғарылауға тиіс.
Жаңа есептік көрсеткіштер «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңмен белгіленеді. Бұл жоба мәжілісте мақұл-данып, қазір парламент сенатында қаралып жатыр. Құжатқа сәйкес, 2024 жылы ең төменгі жалақы мөлшерін 70 мыңнан 85 мың теңгеге дейін жоғарылату жоспарлануда. Яғни, 2024 жылы бұдан аз төлеу заңға қайшы болып саналады. Ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері 28 215 теңге, ал ортақ зейнетақы кемінде 57 853 теңге болуы мүмкін. Еске салайық, базалық зейнетақы барлық қазақстандыққа зей-
неткерлік жасқа толған кезде беріледі, ал ортақ зейнетақыны 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін кемінде 6 ай еңбек өтілі бар азаматтарға төленеді. Ерлерде 25 жылдық еңбек өтілі болуы керек, ал әйелдерде – 20 жыл. Бұл ретте айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3450 теңгеден 3692 теңгеге дейін өседі. Заң жобасы бойынша, базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеуге арналған ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 407 теңгеге жетеді. Бұл көрсеткіштер өссе, қазақстандықтардың зейнетақысы, жәрдемақысы және берілетін әлеуметтік төлемдері де өседі. Бірақ АЕК мөлшері де қатар өскендіктен, айыппұлдар, салықтар және т.б. төлемдердің мөлшері артады. Мысалы, 2023 жылы бұл есептік көрсеткіш бойынша ақылы жолдардың құны өзгерген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік әлеуметтік төлемдердің барлық түрі 2024 жылы 7 пайызға өседі. Атап айтқанда, мүгедектiгi бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мүгедектiгi бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер, №1 және №2 тізімдер бойынша мемлекеттік арнаулы жәрдемақылар, жерлеуге арналған біржолғы төлем, бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айрылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлемдерді алушыларға міндетті зейнетақы жарналарын ай сайынғы бюджеттік субсидиялау, арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар, бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған және І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наград-талған көпбалалы аналарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) жәрдемақы тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы және бірінші топтағы мүгедекті күтетін адамға мемлекеттік жәрдемақы көлемі артады.
Өз тілшіміз.