Жақында елімізде халық санының 20 миллионға жеткені жайлы жағымды жаңалық естідік. Ел Президенті де бұл қуанышпен қазақстандықтарды құттықтап, мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға баса мән беретінін алға тартты.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде кейінгі 5 жылдың ішінде халық саны 8,8 пайызға өсіп, бала саны 6,6 миллионға жеткен. Тек биыл жыл басынан бері 339 650 нәресте жарық дүние есігін ашқан. Олардың қатарында 8 мыңнан астам павлодарлық сәби бар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұсынған мәлімет бойынша, 2023 жылдың алғашқы 11 айында өңірімізде 84 егіз бала өмірге келген.   Жалпы, республика бойынша бүгінде 25 жасқа дейінгі тұрғындар саны 8 381 036 адамды, 25-65 жас аралығындағылар саны 9 707 203 адамды құрайды. Демограф мамандар 2050 жылға қарай қазақстандықтардың саны 26 миллионға жетеді деп болжап отыр. Министрлік өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда елімізде әйелдерді босандыруға арналған 250 емдеу мекемесі, оның ішінде 39 перинаталдық орталық жұмыс істейді. Онда ана болу қауіпсіздігінің барлық қағидаттары енгізіліп, салмағы 500 грамнан асатын сәбилерді күту үшін терапия мен реанимацияның заманауи технологиялары қолданылуда. Сонымен қатар, сәбилер арасында кездесетін ауруларды ерте анықтау және уақтылы емдеу мақсатында скринингтік бағдарламаларды жетілдіруге бағытталған жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Осы мақсатта тек неонаталдық скринингпен 400 мыңнан астам жаңа туған нәресте, психофизикалық скринингпен  3 жасқа дейінгі 1,5 миллион бала және аудиологиялық скринингпен 6 жасқа дейінгі 2 миллион бала қамтылған. Сондай-ақ, биыл перзентханада 7,5 мың шала туған нәресте ретинопатия скринингінен өтті. Жалпы, балалардың денсаулығын нығайту мақсатында жыл сайын профилактикалық тексерулер жүргізілуде. Мәселен, осы жылдың алғашқы 9 айында 4,3 миллион бала профилактикалық тексеруден өткен. Нәтижесінде, сәби өлімі 1,5 есе төмендеді дейді, мамандар.  Қуантарлығы, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде елімізде ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған «Әрбір әйел-әрбір бала» тұжырымдамасының жобасы әзірленуде екен. Сол бойынша алдағы уақытта ана мен бала денсаулығын жақсартуға бағытталған жұмыстар бұрынғыдан да ширай түспек. Айта кетерлігі, бүгінде қазақстандық балаларға медициналық көмек әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы тегін көрсетіліп келеді. Яғни, балалар 100 пайыз мемлекет есебінен сақтандырылған. Бұл жағдай елдегі демографиялық көрсеткіштің жақсаруына оң әсерін тигізбек. Десе де, ана мен балаға қатысты әлі де мәселелер жоқ емес екенін ескерген жөн.

 

Н.АҚЫТЕГІ.