Сүйінші, құрметті оқырман! Павлодар облыстық  «Saryarqa samaly» газетінің шеф-редакторы Құндыз Қабылденова Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында ұйымдастырылған «Еркін сөз-2023» байқауының бас жүлдесін жеңіп алды!

Айта кетелік, Қазақстанда қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында отандық БАҚ өкілдері арасында өтетін бұл байқауды «Түркітілдес  журналистер қоры» ұйымдастырады. Біздің Құндыз осы мәртебелі байқаудың «Үздік мақала» номинациясында топ жарып, қатарластарынан оза шауып, арнайы диплом мен 500 мың теңге мөлшерінде қаржылай сыйлыққа ие болды! Бұл облыстық газет үшін шығар-машылық бағытын дәлелдеген тағы бір маңызды белес деп білеміз! Алматыда өткен марапаттау рәсіміне республикалық және жергілікті БАҚ басшылары, елімізге танымал журналистер мен халықаралық БАҚ өкілдері қатысты. «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қоры ұйымдастырған байқауға 170-тен астам материал келіп түскен. Жыл өткен сайын байқауға қатысуға ниет білдірушілер қатары артып келеді. Қазақстандағы қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында ұйымдастырылатын байқау жыл сайын «Халық банк» АҚ демеушілігімен өтіп келеді. Әріптесіміз Құндыз Қабылденованы шығармашылықтағы айқын жеңісімен құттықтап, алдағы уақытта бұдан да үлкен табыстар тілейміз!

Редакция.