2001 жылы Павлодар облыстық радиосын қабылдап алдым. Ол жылдары республиканың барлық облысында радионың жабылып жатқан кезі болатын. Дегенмен, сол кездегі облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен Павлодар облыстық радиосын сақтап қалдым. Ол — жеке әңгіме. Мен радиоға келгенде бар-жоғы 7-8 адам, алатын жалақылары 4 мың теңге мен 8 мың теңгенің көлемінде болатын. Мекемеде бір ғана автокөлік, оның өзі ескі, әрі несиеге алыныпты.
Өткен жылдардағы осы жұмысыма қазір қарап отырсам, радионы қайткенде де сақтап қалып, FM жиілігіне шығарып, бүкіл облыс тұрғындарына радионың үнін жеткізсем деген арманымды жүзеге асырғаныма қасымдағы әріптестерім мен облыс әкімінің қолдауы деп білемін. Әрине, қандай жұмыс болсын қаржыға байланысты ғой. Оны басшылардан сұрап алу, дәлелдеу қиынның қиыны. Бұл асқан қажырлылықты талап етеді. Дегенмен, осы істе сол кездегі әкім Даниал Ахметовтің көмегі ерен дер едім. Радионы ҒМ жиілігіне шығарғаннан кейін эфирдің уақыты өзгеріп, 3 сағаттан 16 сағатқа көшіруіміз керек болды. Таңғы сағат 7-ден түнгі 12-ге дейін эфирді толтыру оңай емес. Әрі радионың тілін білетін мамандар қажет. ҒМ радиосына шығу үшін жаңа аппаратуралар мен компьютерлер қажет болды. Бұрын «Қазтелекомның» көмегімен жүзеге асқан сыммен қосылған радио болатын. Операторлар мен инженер-техниктер, редакторлар мен диджейлер керек. Қаражат көзін табу бір мәселе болса, дайын журналистерді табу — екінші проблема. Бір күні радиоға атажұртына Моңғолия елінен көшіп келіп, осында білім алған жас азамат Есенбек Санатұлы жұмыс сұрап келді. Біраз отырып сөйлестім. Сөз саптауына, өмірге деген көзқарасына, дауысы мен сөйлеу мәнеріне көңіл аудардым. Бірден ескерткенім, радиохабарлар тыңдарманның ойынан шығатын, халықтың талап-тілегін орындайтын хабар болуы керек. Өзекті мәселелерді тыңдарман ұнатады. Және шешімін таппай жатқан мәселе жайлы сын айтудан гөрі, соның жолын айту керек деп оған ой салдым. Содан кейін оны режиссер Алтын Омароваға жібердім. Режиссер жан-жақты тексеріп, қызметке алуға болады, дауысы жақсы, тек жазу-редакторлық жағынан алып кетсе болды деп қолдау білдірді. Қысқасын айтқанда, Есенбек елгезек екен. Әдебиетке жақын, қазақтың тарихын, ата-баба салт-дәстүрін білетін тәрбиелі азамат екен. Қазақ тілінде таза сөйлейді. Журналист мамандығы болмаса да, өзіндік жазу стилі бар, түбі журналист мамандығын игеріп кетеді деп ойладым. Бір ай уақыт өтер-өтпесте Моңғолиядан көшіп келген, Павлодар педагогикалық университетінің филология факультетін бітірген Бекболат Сауырбайды алып келді. Онымен де сөйлесіп, бар жағдайын біліп, бас режиссерге жібердім. Режиссер дауысы мен үні жақсы, сөзге шешен, қызметке алуға болады деп өз ойын айтты. Біздің радиоға да қажеті сол емес пе, дайын журналистика факультетін бітіргендер әзірге жоқ, ал бар болса айлығы жоғары деп газет пен телевидениеге кетеді. Алғашқы кезде мен Бекболатты дыбыс қадағалаушы ретінде қызметке қабылдадым. Оған қоса алтын қорды жинақтау жұмысын да тапсырдым. Ара-арасында хабар да дайындап жүрді. Дегенмен, Бекболат Сауырбай радионың тілін тез меңгеріп алды. Репортерге хабарды жазып алып келеді де, бірден компьютерге отырып, өзі монтаждай бастайды. Міне қызық, енді бір күні Бекболат менің алдыма Махаббат Кәмесхан деген азаматты алып келді. Мінезі тұйықтау. Көп сөйлемейтін болып көрінді. Бірақ білім түйсігінің көкжиегі маған анадайдан көрініп тұрғандай болды. Ақыл-кеңес беріп, эфирді бірден жүргізіп алып кетсе, тақырыбы бойынша тыңдарманын қызықтырып отырса, нағыз радиожурналист болып шықпай ма деп ойладым. Есенбек Санатұлы бізден тәжірибе жинақтаған соң Астана телевидениесіне тілші болып кетті. Ал 2014-2017 жылдары Қазақ радиосының Павлодар облысы бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарды. Редакцияның берген тапсырмасын тиянақты орындайтын, ол негізінен жаңалықтарға хабарларды дер кезінде жеткізіп, күнделікті өмірде болып жатқан оқиғаларды жедел баяндайтын. 2020 жылдың жазынан бастап «Atameken Business» телеарнасының Павлодардағы меншікті тілшісі қызметіне ауысты. Бүгінде сол журналистиканың қара қазанында қайнап, жалындаған отты әр тақырыпқа сай өткір пікірлерімен тыңдармандарын қанағаттандырып жүрген менің шәкіртім — осы Есенбек Санатұлы. Өңірде болып жатқан проблеманы көтеріп, келеңсіз жайдың жолын кесіп, шырылдап жүрген Есенбек інімнің сюжеттерін экраннан көріп, қуанып отырамын. Ол да өзі алғаш еңбек жолын бастаған радиосына жақсы тілегін білдіріп жүреді. Содан біраз үзінді келтіре кетсем. Есенбек Санатұлы: «Басқа аймақтарды қайдам, дәл Кереку өңірінен шыққан тележурналистердің көбі алғашқы қадамдарын радио- дан бастайды. Соған қарағанда, радионы журналистер қауымын шыңдайтын әрі жылдам ақпарат таратуға бейімдейтін орта деуге болады. Мен де көптің бірі секілді 2008 жылы ақпарат айдынындағы еңбек жолымды облыстық радиодан бастағанмын. Радионың таңертеңнен басталып, кешке аяқталғанға дейінгі бағдарламаларының 70 пайыздан астамы бүгінде мемлекеттік тілде жүргізілуде. Бұл да — мекеме басшысы болған Ғалия Балтабайдың ұлтқа, ана тілге деген жанашырлығының белгісі, соны қазіргі басшылар да жалғастыруда. Жастарға арналған рухани-танымдық хабарлар бүгінгі ұрпақты салт-дәстүрін үйренуге, тарихын тануға жетеледі. Бұл жерде радиодағы ізденімпаз журналистердің елеулі еңбектері бар. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дегендей, менің журналистік қадамыма жол салып берген радионың, әсіресе Павлодар облыстық радиосының мен үшін орны ерекше» деп бір мақаласында жылы тілегін білдірген екен. Бұл — әрине, мен үшін үлкен баға. Кез келген журналист нағыз журналист бола алмайды. Туа біткен қабілеті бар, ізденген, сөзге шешен, жігерлі, тыңдарманы мен көрерменін баурап алатындай мінезді, ісіне адал, әрі өткір болса ғана нағыз журналист бола алады. Есенбек Санатұлы — осындай шыншыл журналист. Есенбек Санатұлы — Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Көптеген БАҚ арасындағы байқаулардың жүлдегері. Соның ішінде 2015 жылғы «Үздік радиожурналист» байқауының гран-при иегері. 2020 жылы Президенттің «Халық алғысы» медалімен марапатталған. Ал енді Бекболат Сауырбай жайлы ойымды жалғастырсам. Біраз уақыт радиода ысылғанан кейін мен оған «Облыстық әкімдікте», «Прокурорлық қадағалау» «Өзекті мәселе», «Тіл және отбасы», «Ауылым — алтын бесігім» «Кәсібім – нәсібім», «Шағын және орта бизнес», «Атамекен», «Мен – елімнің патриотымын», «Үкіметтік емес ұйымдар мен партиялар» деген тақырыптық хабарларды тапсырдым. Ол осы хабарларымен тыңдармандарын бірден өзіне тартты. Хабарға тұрақты авторларды қатыстырып, бағдарламаларын одан әрі жандандыра түсті. Бекболаттың тағы бір қыры — тәжірибе алмасуға келген студенттерді және мектеп оқушыларын журналистика саласының қыры мен сырына баулып, ұстаздық етті. Бізге тәжірибе алмасуға келген студент Жанар Омарованы алғаш журналистикаға үйреткен де — осы Бекболат Сауырбай. Кейін біз Жанарды да уақытша қызметке алып, Алматыға ауысқанша ол облыстық радиода редактор болды. Бүгінгі таңда Бекболат Сауырбай Павлодар облыстық Халық радиосында әлі қызмет жасауда. Радио — оның туған ұжымы. Ол — өз ісінің шебері. Осы облыстық радио басшысының орынбасары. Адами қасиеті жоғары, мәдениетті азамат. Үлкенді сыйлайтын, жақсылықты ұмытпайтын парасатты жан. Оның мына бір жазған ойына қатты риза болдым. Бекболат Сауырбай: — Әрине, Ғалия Құсайынқызы радиода қандас азаматтардың жұмыс істейтіндігін, олардың өз істеріне тиянақты екендігін айта отыра маған да сенім білдіріп, әзірше дыбыс қадағалаушы ретінде қызметке қабылдайтынын жеткізді. Бұл да болса, Ғалия Құсайынқызының адамды алаламай, бәріне бірдей қарайтын басшы екен деген ой түйдім. Кей кездері «шеткері» тебіліп жүретін қандастарымызға басқадай қарайтындар да бар емес пе? Ал Ғалия Құсайынқызының қандас бауырларына ерекше ілтипатпен қарайтынын мен сол кезде іштей сезіндім, осындай адамдардың жанымызда жүргеніне қуандым». Бекболат бауырым өте дұрыс айтады. Ол кезде жұмыссыз жүргендер көп болатын. Бірақ мен елім, жерім, қазағым деп шеттен келген бауырларыма сол кезде қолымнан келгенше жағдай жасауға тырыстым. Мұндай қасиет менің әкемнен дарыған болар деп ойлаймын. Кезінде әкем Құсайын Сарым 1958-1960 жылдары Железин ауданы орталығындағы ауылдық кеңестің төрағасы болып жүргенде Омбы мен Новосібір облысынан 100 қазақ отбасын көшіріп әкеліп, олардың жағдайын жасаған екен. Соны ауылдағылар жиі айтып отыратын. Олар орыстанып кете жаздады ғой деп жиі айтатын. Міне, сондықтан да болар, шеттегі қазақ бауырларыма жақын қарағаным. Ал енді Махаббат Кәмесхан жайлы айтсақ. Облыстық радио ҒМ жиілігіне шыққан тұста бірден редактор болып қабылданған қызметкерлердің бірі. Радиоға іс- тәжірибе сынағынан өткізіп барып қабылдадық. Режиссеріміз Алтын Омарова мен дыбыс режиссері Әлия Нұрмағанбетоваға Махаббаттың дауысы мен үнін қоюға әрі бірден монтаж жасауды үйретуді де тапсырдым. Біраз уақыт өткеннен кейін хабар дайындауды тапсырып, қандай хабарлар дайындайтынын белгіледім. Негізінен, «Басты міндеттер», «Жаңа әлемдегі – жаңа Қазақстан», «Аймақтың инновациялық дамуы», «Облыстық әкімдікте», «Бүгінгі күн тақырыбы», «Менің сүйікті қалам — Павлодар», «Спорт деген — бір сиқыр», «Облыс тынысы», «Тұрғын үй» деген тақырыптар бойынша 10-15 минуттық хабарлар дайындайтын болды. Туған қаламыз Павлодар жайлы беріліп жатқан бағдарламаларында ол қала әкімінің жүргізіп жатқан іс–шаралары жайында және Павлодардың экономикасының өсіп-өркендеуі мен мәдениетінің қалыптасуы туралы кеңірек баяндап, қала құрылысы мен жастар өмірі, тұрғындардың ұсыныс-тілектерін кеңінен қамтып, қаланың гүлденуі мен көріктенуіне өзіндік үлес қосатын хабарларға көңіл бөлді. Көбіне оған ұстаздық еткен жаңалықтардың бас редакторы Сәлімбай Ермұратов болды. Мен Сәлімбайға: «жаңалықтарды қалай дайындау керек, соны Махаббат Кәмесхан мен Гүлайым Тасоваға үйрет» деп тапсырма бердім. «Ертең сен зейнетке кеткенде жаңалықтардың тұтқасын осы екеуі ұстайды» деп, оларға үміт арттым. Кейін солай болды да. Көп ұзамай Сәлімбай өмірден өтті, мен оның алдында құрметті демалысқа шықтым. Сөйтіп жаңалықтарға екеуі ие болды. Жалпы, кез келген журналист жаңалық дайындай алмайды. Оның да өз ерекшелігі бар. Жаңалықтар – бұл күнделікті өмірімізде болып жатқан оқиғалар. Қоғамда болып жатқан оқиғаның өзі — ақпарат жаңалығы. Саяси мінберден айтылған хабарландырулар да — ақпарат. Ал сол жаңалықты тыңдарманға жеткізуші – журналистер. Берілген ақпарат барынша нақты, шынайы әрі жедел таратылуы керек. Міне, осыны біздің Махаббат Кәмесхан Сәлімбайдан алған тәжірибесінің арқасында бірден алып кетті. Ол жаңалықты тарату қызметінде осы күнге дейін радиода редактор болып қызмет атқаруда. Ал радиодағы ұстазы болған Сәлімбай Ермұратовты еске алу мақсатында жыл сайын облыстық теннисшілердің жарысын өткізіп, өзі де соған қатысып, жас журналистерге үлгі болуда. Міне, біздің Махаббат Кәмесхан осындай азамат. Осы үш азамат — Есенбек Санатұлы, Бекболат Сауырбай мен Махаббат Кәмесхан Павлодар облыстық радиосын сақтап қалу кезеңінде менімен бірге қызмет жасап, бүгінгі таңда маған деген ерекше құрметтерін көрсетіп жатқанда төбем көкке бір елі жетпей қалады. Адамның еңбегі еленді деген осы болар! Үш азаматыма да алынбайтын қамалды алып, халық игілігіне қызмет жасай беріңдер деп тілек айтамын!
Ғалия Құсайынқызы Балтабай,
«Құрмет» орденді журналист, Павлодар облысының Құрметті азаматы.