Қазақстандық жалынды жастардың егемен ел дамуына өз үлестерін қосуы үшін жан-жақты қолдау көрсетілуде. Соның дәлеліндей, жуырда республика көлемінде «ÖzgerTeam» ұлттық бастамасы өз жобасын іске қосты. Аталмыш әлеуметтік жобаның алғашқы серіктестерінің қатарында павлодарлық жастар да бар екенін мақтанышпен атап өткен жөн.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, әлеуметтік жобаның басты мақсаты – қабілетті, іскер, білімді және тәуелсіз мемлекетіміздің болашағына бей-жай қарамайтын жастардың басын қосып, ойға алған бастамаларына қолдау көрсету. Осы мақсатта өткен «ÖzgerTeam» жобасының өңірлік серіктестерін  іріктеу конкурсына еліміздің түкпір-түкпірінен 18-40 жас аралығындағы 532 үміткер қатысып, арнайы комиссияның шешімімен 30-ы ғана сыннан сүрінбей өткен екен. Олардың қатарында Павлодар облысынан 2 серіктес бар. Атап айтар болсақ, бірі – Павлодар қаласындағы көпбалалы ана, Торайғыров университетінің студенті Жұлдыз Хавдраш, ал екіншісі — Екібастұз қалалық мәслихат депутаты Еркін Құсманұлы. Олар таяуда Астана қаласындағы «ÖzgerTeam» ұлттық бастамасының жобалық кеңсесінде аймақтық серіктестерге арналып ұйымдастырылған оқыту бағдарламасына қатысып, 4-5 күн бойы қоғамдағы оң өзгерістерге бағытталған жобаларды әзірлеу және оны тиімді іске асыру бойынша қосымша білім алып келді. Енді бұл қатысушылар ойға алған жоба-жоспарларын өз өңірлерінде жүзеге асыру арқылы қоғам дамуына үлестерін қосатын болады.

— Мен бұл жобаның Павлодар облысындағы серіктесі атанғаныма өте қуаныштымын. Алдыма үлкен мақсат-міндеттер қойдым. Соның бірі – «ÖzgerTeam» жобасы арқылы көпбалалы және әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларының балаларына арналған тегін әрі сапалы білім беретін оқу орталығын ашу. Шыны керек, бүгінде қосымша ақылы оқу орталықтарында баласын оқытуға кез келген ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Әсіресе, аз қамтылған отбасының балалары үшін мұндай курстарға бару қол жетпес арманға айналған десем, қателеспеспін.  Ал мен өз жобам арқылы әлеуметтік теңсіздікті жойып, ақылы білім алуға жағдайы келмейтін барлық отбасының балаларына, «оқимын, өсіп-өнемін» деген білімге құштар жеткіншектерге қолдан келгенше көмектескім келеді, — дейді павлодарлық Жұлдыз Хавдраш. Сондай-ақ, ол Астана қаласында өткен өңірлік серіктестерге арналған курстан үлкен тәжірибе алып келгенін айтып, өз әсерімен де бөлісті.

— Аталмыш курс барысында өте пайдалы білім алдым. Көзім ашылды десем де болады. Ел жастарын патриотизмге, береке-бірлікке шақырып, шығармашылық дамуға және қоғамдағы оң өзгерістерге ұмтылуға бағытталған бағдарламаларды іске асыруға жол көрсететін тренингтерге, шеберлік сыныптарына қатыстым. Бәрі жоғары деңгейде өтті. Сондай-ақ, еліміздегі белгілі адамдар, әр саланың көшбасшылары және ең үздік сарапшылармен танысып, пікір алмасып, жұмыс тәжірибелерінен сабақ алдым. Мәселен, «НИКА» коммуникативтік даму орталығының негізін қалаушы Меруерт Жүнісбек, белгілі экономист және DESHT ITG жетекшісі Қуаныш Жайықов, Teach for Kazakhstan жобасының педагог-жаттықтырушысы және амбассадоры Ескендір Бестай, бизнес-жаттықтырушы, Mini-MBA бағдарламасының авторы және кураторы Айжан Хамитова, саясат және мемлекеттік басқару саласындағы коммуникатор, PR-технолог Ақерке Берлібай, Назарбаев Университетінің аспиранты Сабина Садиева, «Sana» Holding Ltd бас директоры Дәурен Қайсаров, «Жайдарман» қозғалысының негізін қалаушы Есен Елеукен, «Қонаев дәуірі» фильмінің режиссері Сәуле Темірбаева және өзге де белгілі отандастарымызбен кездесіп, көп ақыл-кеңес алдық. Сол үшін де «ÖzgerTeam» жобалық кеңсесінің басшысы Мұрат Жұманбай мырзаға, өзге де өкілдеріне Павлодар облысындағы серіктестер атынан шексіз алғыс білдіреміз, — дейді Жұлдыз Хавдраш. Атап өтерлігі, «ÖzgerTeam» ұлттық бастамасының келесі кезеңі ағымдағы жылдың 20-25 желтоқсаны аралығында ұйымдастырылып, өңірлік серіктестер өздерінің әлеуметтік жобаларын қорғайтын болады. Яғни, осы кезеңде серіктестер тарапынан ең үздік атанып, сәтті қорғалған 20 жобаны іске асыру үшін шағын гранттар тағайындалмақ. Ал арнайы гранттарға ие болған жобалар 2024 жылдың қаңтар айынан бастап іске асырылады деп жоспарлануда. Елі үшін ерінбей еңбек етуді, өзін де, өзгелердің де өмірін өзгертіп, жақсы іс жасауды мақсат еткен қос жерлесімізге алдағы сында сәттілік тілейміз.

 

Н.АҚЫТЕГІ.