Тәуелсіздік құрдастары бүгінде орда бұзар жасқа да жетті. Елдік істерге араласып та үлгерді. Сондай азаматтардың бірі — тереңкөлдік жігіт Нұрлан Сейітов. Ұрпақ тәрбиелеу жолын, ұстаздық етуді таңдаған ол бүгінде ел тарихын егемен елдің өрендеріне оқытуда.
Тереңкөл ауданында тоқсаныншы жылдың басында дүниеге келген біздің кейіпкеріміз тәуелсіз елдің білім саласына барынша үлес қосуға білек сыбана кірісіп кеткен. Аудан орталығындағы А.Елгин атындағы №1 мектепте тарих пен құқық негіздерінен сабақ береді. Ол 2016 жылы Павлодар мемлекеттік университетін «Ғылыми тарих» мамандығы бойынша бітіреді. Бірден қазір еңбек етіп жатқан білім ордасына еңбекке араласады. Ұстаздық қызметпен қатар алған білімін тереңдетуді де жөн көреді. Сөйтіп, бакалаврлық білімнен кейін «Археология және этнология» мамандығы бойынша магистратураға түсіп, ойдағыдай тәмамдайды.
— Саяси және экономикалық тұрғыдан дербес әрі әлем мойындаған елде өмір сүре отырып, өзімнің сүйікті ісім – педагогикалық қызметпен айналыса алатынымды мақтан тұтамын. Мұның бәрі – Тәуелсіздіктің жемісі. Егемендікті әркім әртүрлі ұғынатын болар. Біреу үшін бұл — тәуелсіз болу ниеті. Біреулер үшін саяси дербестік. Тағы біреулер үшін тәуелсіздік – адамның бір бөлшегі іспеттес, сөзбен жеткізуге келмейтін сезім. Дәл осы сезім оны елі үшін, халқы үшін және өзі үшін ерліктерге жетелейді. Мен үшін «Тәуелсіздік» сөзі «Қазақстан» сөзінің баламасына айналды. Иә, Қазақстан — менің кіндік қаным тамған тәуелсіз елім, — дейді еліне деген ерекше ықыласын танытқан тәуелсіздік құрдасы. Нұрлан Мендешұлы Тәуелсіздік оңайлықпен келмегенін тарих мұғалімі ретінде жақсы біледі. Бұл – ата-бабамыздың ғасырлар бойғы арманы, қазақ халқының сан жылғы күресінің жемісі, дейді ол. Еркіндік үшін елім деген ерлердің жарқын болашаққа ұмтылысы жолында талай тауқыметті бастан өткергенін де әрдайым жадында ұстайды. Батыр бабаларымыздың ұрпағына жасаған сыйын қастерлеп өтуді өзінің азаматтық борышы санайды. Ұстаз ретінде елдің болашағы білімді ұрпақ тәрбиелеуге ерекше көңіл бөледі. Бұл жолдағы еңбегі де еленуде. Облыс әкімінің орынбасарынан білім саласын дамытқаны және қоғамдық істерге белсене қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталған. Түрлі білім жарыстарында жеңімпаздар қатарынан көрінуде. Мәселен, 2017 жылы Қазақстан тарихынан интернет олимпиадада II дәрежелі дипломмен, «Адам. Қоғам. Құқық» пәні бойынша облыста 1-орын дипломымен марапатталған. «Дарынды балаларға – дарынды ұстаз» атты жас мұғалімдерге арналған облыстық педагогикалық олимпиадада екінші орын, дәл осындай республикалық олимпиадада үшінші орынға ие болған. Облыстық «Білім берудегі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» байқауында да топ жарып, екінші орыннан көрінген. 2018-2019 жылдары да жеңіс жолы жалғасын тапты. Қашықтан қатысқан республикалық олимпиадада тағы да екінші орын алды. Бұл жетістіктері үшін аудан басшылығы тарапынан лайықты алғысын алды. Ұстаздық қызметтен бөлек Нұрлан қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысады. Павлодар география үйінің аудандық филиалына жетекшілік етеді. Мұнда ол ұрпақтың дүниетанымын кеңейтуге, туған өлкесінің тарихын тануына бағытталған шаралар ұйымдастыруға ұйытқы болады. Белсенділігі бәсеңдеткен емес. 2020 жылы облыстың ауылдарындағы үкіметтік емес ұйымдар мен бастамашыл топтар арасында өткен байқауда Н.Сейітовтің авторлығымен екі жоба мақұлданды. Ол — «Күнделікті өміріміздің батырлары» атты кітаптардың авторы. «Кәсіподақ репортері» облыстық байқауында да екінші орынға ие болған. Республикалық облыстық деңгейдегі білім додаларында жеңімпаздар қатарынан көрініп жүр. 2021 жылы «Қазақстан мұғалімі-National Teacher Prize Kazakstan» ұлттық сыйлығына қатысып, ауылдық мектептер арасындағы шағын грантына ие болған жеңімпаз 30 ұстаздың қатарына ілікті. Жеңімпаздың еңбегінің арқасында әрбір мектеп бір миллион теңге көлемінде әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға грант алды. Нұрлан Сейітовтің жеңіп алған қаржысы тарих пәнінің кабинетін жабдықтауға жұмсалған. Нақтысы, кабинетке кең форматты экранды проектор құралы, ноутбук, акустикалық жүйе, ролл-перделер сатып алынды. Ауданның жастар өміріне белсене қатысады. Бұл еңбегін елеген аудан әкімі Алғыс хатпен марапаттаған. Айта кету керек, Тереңкөл ауданы әкімінің «Рух» жастар сыйлығының «Үздік мүғалім» аталымында жеңімпаз атанды. Былтыр Петропавл қаласында өткен тарих пәні мұғалімдерінің республикалық съезіне қатысып келген. Бұл да жас ұстаздың табанды еңбегінің бір көрінісі екені анық. Кәсіподақ ұйымдары да ұрпаққа білім беруде аянбайтын азаматқа әрдайым қолдау көрсетуде. Өткен жылы Қазақстан оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы атынан Алғыс хат алды. Біз жас ұстаздың аз уақыт аралығында қол жеткізген жетістіктерінің бір парасына ғана тоқталдық. Бұл дегеніңіз тәуелсіздікпен бірге ержетіп, есейген, бүгінде ағалық ақыл айтар жасқа жеткен азаматтың елі үшін, ұрпақ үшін еңбек етуден аянбайтынын аңғартса керек. Осы ретте Нұрлан Меңдешұлының өмірлік жары Сара да ұстаздық етіп, тәуелсіз елдің өскелең ұрпағын білім нәрімен сусындатып жатқанын атап өту керек. Ұстаздардың шаңырағы — өз елінің патриоты.
— Тәуелсіздік – мен үшін жай ғана сөз емес. Бұл — дербес ететін, жеке жері бар, әлемге егемен ел деп танытатын ата-бабаларымыздың бізге мирас еткен тартуы. Сондықтан, ұлттық құндылығымызды, бар байлығымызды сақтау, қорғау, келесі ұрпаққа жеткізу – бізге жүктелген жауапкершілік деп білемін, — дейді тәуелсіздік құрдасы.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.