Қылышын сүйретіп жеткен биылғы қыс қаһарына әлі де болса міне қойған жоқ. Дегенмен, алдымызда қабағын шытқан қаңтар мен арқыраған ақпан бар. Мұндай қыстың қақаған аязында жұртшылықтың уайымы — көше мен жол тазалығы. Бұл мақсатта Павлодарда қардан тазалау жұмыстарына күнделікті 228 бірлік техника мен 200-ге жуық жұмысшы жұмылдырылады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруа-шылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұрбек Қоңыратбаев биыл қаланы қардан тазарту жұмыстарына коммуналдық қызмет саласымен қатар, жауапты екі мердігер компания анықталып, олар өздеріне қарасты аумақтарды тазарту бойынша жоспарға сәйкес жұмыстар атқаратынын атап өтті.
— Қардан тазарту жұмыстарына екі мердігер ұйым жауапты. Мәселен, «Горкомхоз-Павлодар» ЖШС қаланың батыс ауданы, Жаңаауыл және Теміржолшылар ықшам аудандарын қардан тазаласа, «Холдинг-Трансс-Павлодар» ЖШС қаланың шығыс ауданы, айналма жолдарға жауапты. Мекеме қарамағында автогрейдер, 20 бірлік Зил, Камаз базасындағы құмшашыратқыштар, 45 бірлік МТЗ (щеткалар, аудару), 40 бірлік түрлі нұсқадағы жүк артқыштар және 100-ден астам түрлі нұсқадағы самосвал көліктері бар, — деді басқарма басшысы. Сонымен қатар, Нұрбек Қоңыратбаев қазіргі уақытта мезгілсіз жауған жауын-шашыннан соң қаладағы негізгі көшелер мен жолдарға құм себу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, спикердің сөзінше, автобус және трамвай аялдамаларының алаңдары тазартылып, жаяу жүргіншілер жолдары қар мен мұздан арылуда.
— Тұрақты негізде қала көшелеріне тайғанаққа қарсы инертті материал себу (құм) жұмыстары жүргізілуде. 2023-2024 жылдардың қысқы мезгіліне шамамен 28 мың тонна құм әзірленді. Құм себу және қаланы қардан тазалау жұмыстары екі ауысыммен жүргізіледі. Күндізгі уақыт таңғы сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін жалғасса, тәуліктің түнгі мезгілінде барлық жұмыстар кешкі сағат 21.00-ден 6.00-ге дейін жүзеге асады. Қарды үю Успен жолайрығында орналасқан тұрмыстық қалдықтар полигоны аумағында арнайы бөлінген алаңдарда жүргізіледі. Шығарылған қарды есептеу тұрмыстық қалдықтар полигонының тәулік бойғы диспетчерлік қызметі арқылы жүзеге асырылады, — деді ол.
А.МҰҚЫШЕВ.