Қазақ халқы ежелден жер-су атауларына ерекше мән беріп, жердің бедеріне, судың қасиетіне қарай, тарихи оқиғалардың тізбегіне сәйкес атау берген. Қалмақ қырылған тауы, Шойынкөл көлі, Ертіс өзені сияқты атаулар сөзіміздің дәлелі болмақ. Тарихтың сан қатпарында қалып, жадымызда сақталған сол атаулар кейін ресейлік отаршылдықтың тұсында ерекше сипатқа ие болды. Қазақтың кең сахарасын Ащы көлдер мен Ертіс шекара бекіністерімен қоршап, қазақ руларына Жайықтың сол жағалауы мен Ертістің оң жағалауына көшуіне тыйым салып, жер-су атауларын өз ыңғайына қарай өзгерте бастады.

ХХ ғасырдың басында орыс империясының министрлер кеңесінің төрағасы Петр Столыпиннің аграрлық реформасы бойынша қазақ жеріне Ресейдің ішкі облыстарынан қоныс аударған орыс шаруалары өздері көшіп келген уездер мен деревнялардың атауын ауылдарға қойып, жергілікті жер-су аттарын ұмыттыра бастады. Ал, қазақ ауылдары өз атауынан айырылып, тарихи құжаттарда нөмірге ғана ие болды. Қазан революциясынан кейінгі аштық жылдары қазақтың үштен бірін қырып салған Ф.И. Голощекиннің құйтұрқы саясатынан кейінгі ұжымдастыру, индустрияландыру да жер-су атауларының өзгеруіне себеп болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі тың көтеру жылдары да қазақы атауларды жойып, оның орнына кеңестік «дұрыс» атауларды қою науқанын бастауға себеп болды. Түптеп келгенде мұның бәрі көнекөз қариялардың өмірден өтуімен бірге қазақтардың өзі өмір сүрген, ата-бабасы қызыл қанын шашып жүріп қорғаған жер-су атауларының түп-төркінін ұмытуына әкеліп соқтырды.

Тәуелсіздіктің 30 жылдан астам уақыты өтсе де жер-су атауларына келгенде билік басындағы азаматтардың тоқталып қалатыны бәрімізге белгілі. Бес-алты жыл бұрын сол кездегі мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың нұсқауымен жер-су атауларын қайта атауға негізсіз тыйым да салынған еді. Мұның бәрі ономас-тика саласындағы жұмыстың тоқтап қалуына әкелді. Дегенмен де, қазіргі кезде тарихи әділдікті орнатып, жер-су атауларын қазақыландыру жұмысы жүріп жатыр.

Қаланың оңтүстік аумағындағы бұрынғы Совхоз-техникум, қазіргі Кенжекөл ауылының құрамындағы Долгое ауылының атауы да көрер көзге түрпідей тиіп, естір құлаққа жағымсыз болып отыр. Бұрындары жанындағы Байдала ауылымен бірге Кенжекөлдің сәйкесінше №2 және №3 бөлімшесі болған шағын ауылдарда тұратын халықтың саны қазір едәуір өсті. Әрі байырғы тұрғындарының өзі Долгое ауылының атауы жақын маңдағы Ертіс өзенінің суы жайылғаннан кейін осы жерде қалатын көлшікке байланысты Далакөл болуы тиіс дегенді айтады. Тарихи әділдікті орнатып, ауылдың атауын өзгертсек қана жас
ұрпақтың бойында ұлтжандылық, елжандылық қасиеттерін дамытуға болар еді.

Тарихтың безбенінен өтіп, ел жадында жатталып қалған атаулар мәңгі сақталары даусыз. Ендеше, осы ауылдың тұрғындары да өздерін «Далакөл ауылынанмын» дейтін күн де алыс емес болар. Ол үшін осы ономастика мәселесімен айналысатын ел азаматтарының, мемлекеттік қызметшілердің еңбек етіп, ауыл тұрғындарының қалауын орындауы ғана қалып отыр.

Мәліметке сүйенсек, «Кенжекөл» кеңшары 1928 жылы құрылды. 1937 жылы арнайы  қой өсірушілік трестер ұйымдастырылды, оларға бағыныштағы ауыл шаруашылықтары нөмірлендіруге жатып, «№ 499 Павлодар қой шаруашылығы» боп аталды. 1971 жылы оның базасында Павлодар – ауыл шаруашылығының техникумы құрылды.

Ауылдың жанында  Кенжекөл өзені орналасқан (аудармасы – Кенже өзені). Аңызда оған атауын бір қайыршы берген, кенже ұлының бағы жанып, өзенге түсетін жұлдыздардың бірін ұстап алуға үміттенген, сол жұлдыз оған бақыт әкеледі деп сенген.

Кенжекөл – Павлодар қалалық әкімшілікке бағынышты. Кенжекөл ауылдық округінің әкімшілік орталығы. 2018 жылдың  1 қаңтарға халық санағы бойынша  9749 адам тұрады. Әлеуметтік объектілерден әкім аппараты, дәрігерлік амбулатория, КЖОМ, балабақша, кітапхана, музыкалық мектеп, пошта. 2017 жылдың желтоқсан айынан Мәдениет үйінің құрылысын бастады. Сонымен қатар 18 дүкен, шаштараз қызмет жасайды.

Кенжекөл ауылдық округінің құрамына кіретін Байдала ауылы 1937 жылы құрылған. Кеңес заманында №2 бөлімшесі болып аталған. 2018 жылдың
1 қаңтарына халық санағы бойынша аталмыш ауылда 780 адам тұрады. Әлеуметтік объектілерден 1968 жылы салынған ауыл клубы бар, оған 2017 жылы күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар «Жас қанат» балалар-жасөспірімдер клубы, ФАП орналасқан. Қазіргі уақытта 6 дүкен қызмет жасайды.

Долгое елді мекені де Павлодар қалалық әкімдігіне бағынышты Кенжекөл ауылдық округінің құрамына кіреді. Ресми түрде ауыл 1937 жылы құрылған. 3-інші бөлімше болып аталған. 2018 жылдың 1 қаңтарына  халық санағы бойынша ауылда 341 адам тұрады. Ауылда клуб, медициналық пункт, күрес залы, 3 дүкен қызмет жасайды.

 

Өз тілшіміз.