1 ақпаннан бастап Павлодар қаласындағы қоғамдық көліктермен қатынайтын зейнеткерлер мен оқушылар көлік картасын 600 теңгеге сатып алатын болады. Қазір карталар 450 теңге тұрады.
Еске сала кетсек, осыдан бірнеше жыл бұрын алғаш болып трамвайлар электронды билетке көшкен еді. Кейін шағын және үлкен автобустарда көлік карталарымен, банктердің мобильді қосымшалары арқылы төлеу тетігі пайда болды. Сол арқылы жергілікті билік жолаушылар тасымалындағы қаржы айналымын ашық әрі әділ етуді көздеді. Бастапқыда қоғамдық көліктердің кей жүргізушілері мен кондукторлар бұл бастамаға қарсы шыққанымен, жолаушылар электронды төлем жүйесіне үйреніп кетті. Бұл тиын-тебен санап жүргенге қарағанда әлдеқайда тиімді.
Биыл 1 қаңтардан бастап жолақы көлемі де өсті. Бұған дейін көлік картасымен жол ақысын өтеген тұрғындар 80 теңге, қолма-қол ақшамен есеп айырысқан азаматтар 130 теңге төлейтін еді. Жаңа жылдан бастап дифференциалды тариф өзгерді. Қазір электронды жолмен ақы аударатын адамдардан 100 теңге ұсталады. Ал қолма-қол ақшамен жол ақысын төлеу бағасы – 200 теңге.
Ендігі ретте 1 ақпаннан бастап зейнеткерлер мен оқушыларға арналған көлік картасының бағасы 450 теңгеден 600 теңгеге дейін өспек. Яғни, жолақысының жартысын ғана төлейтін қарттар мен қоғамдық көліктерде тегін қатынай-
тын шәкірттер енді карталарды қазіргіден қымбатқа алатын болады. Ал 100 теңгелік төлемге арналған стандартты карталардың бағасы сол 600 теңге көлемінде сақталады.
Бұл ретте «Smart Avtobys PV» ЖШС басшысы Талғат Тоқтағановтың айтуынша, бүгінде жолау-шылардың 90 пайызы электронды төлем жүйесіне көшті. Атап айтқанда, олардың 55 пайызы көлік картасын құп көрсе, тағы 35 пайызы мобильді қосымшалардың QR-кодын сканерлеу арқылы жол жүру ақысын төлеуді ыңғайлы деп санайды. Ал 10 пайызы әлі де қолма-қол ақшамен өтейді. Яғни, діттеген жерге жетуі үшін электронды жолды таңдаған тұрғындардан екі есе көп, 200 теңге төлейді.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.