Өңірдегі қант зауытының құрылысы бірнеше жылдан бері қоғамда қызу талқыланып келеді. Тіпті бұл ойымыз жүзеге аспас жобалардың біріне айналып үлгерді. Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін ресейлік инвесторлар Павлодар облысында қант зауытын салуға дайын екендігін айтқан. Алайда жобаның жоспарлары мен құны айтарлықтай өзгеріске ұшырап, зауыт құрылысы тағы кейінге шегерілді.
Өткен жылдары жергілікті шенеуніктер республикадағы бесінші қант зауытының өндірісін 2023 жылы Павлодар облысында іске қосуға болатынын айтқаны есімізде. Алайда 2024 жылдың күнтізбесінде зауыттың ашылу салтанаты көрінбейді. Биыл құрылыс басталғанның өзіңде кәсіпорынның толық іске қосылуы 2025-2026 жылдарда көрініс табатыны белгілі.
«Павлодар» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бек Оразғұлов былтыр көктемде Франциядан келген инвесторлар аймақта қант зауытын салуы мүмкін екенін хабарлап, құрылысты түрік компаниясы қолға алатынын жеткізді. Айта кетейік, бұған дейін өңірде қант зауытын салуға Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері және Түркияның инвесторлары қызығушылық танытқан болатын. Жоспар бойынша, өндіріс қуаты тәулігіне сегіз мың тоннаны құрайтын қант зауыты Ақсу қаласына жақын жерде орналасуы тиіс.
— 2023 жылы Ресейлік «Феникс сауда үйі» ЖШС мүддесін қорғайтын «NurKAZ PV» ЖШС «ErtisQant» бірлескен кәсіпорнын құру арқылы Ақсу қаласында жылына 96 мың тонна қант өндіретін зауыт салуды жоспарлаған болатын. Жобаның құны 43,5 млрд теңгені құрады. Кәсіпорын қуаттылығы тәулігіне 1500 тонна қант қызылшасын және 300 тонна қант шикізатын өндіруге мүмкіндік береді. Алайда жобаның жоспарлары мен құны өзгеріске ұшырап, құрылыс уақыты кейінге шегерілді. Нәтижесінде 2023 жылы түркиялық «Trade House Phoenix» ЖШС мен «Павлодар ӘКК» АҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалып, «ErtisQant» ЖШС бірлескен кәсіпорны тіркелді. Сонымен қатар, меморандум бойынша міндеттемелерді орындау шеңберінде «Павлодар ӘКК» АҚ жер-кадастрлық жоспарын алды. Инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін 40 гектарды құрайтын жер телімін беру туралы Ақсу қаласы әкімдігінің қаулысы және жалға беру шарты қабылданды. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама сараптамадан өтуде. Инвесторлар мен мүдделі тараптар —
Иордания азаматтары, бірақ компания Түркияда орналасқан. Нақты келісімге келмейінше, жобаны қайта есептеу жүргізілуде», — деді Б.Оразғұлов.
Әзірге инвесторлармен келісім болмағанымен, жауапты мекеме басшылары тым болмағанда шикізат мәселесіне қатысты мәселе туындамайды деп сендіруде. Өйткені Павлодар облысында тәжірибе жүзінде егілген қызылшаның қанттылығы оңтүстік өңірлерге қарағанда жоғары.
— Біз қазір қант қызылшасын өсірмейміз. Бірақ облыстың бес ауданында тәжірибелік алқаптар егіп, жақсы өнім ала алдық. Облыста егілген қызылшадағы қант мөлшері 17,8, ал оңтүстікте 12-14 пайызды құрайды. Әр гектарынан 50 тоннадан астам өнім жинадық. Бұған дейін, есімде, облыс диқандары сонау өткен ғасырдың 80-90-ыншы жылдары жақсы өнім өсірді. Тәжірибе бар, өнімді тиімді бағаға өткізетін орын болса, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қиындық тумайды. Жеріміз жеткілікті, суармалы алқаптар бар», — деді Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Төлеген Көшербаев.
Биыл жыл соңына дейін жергілікті шенеуніктер зауыт құрылысына қатысты нақты шешім қабылдап, кәсіпорынның жоба-жоспарына толықтырулар мен өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Әзірге әлеуетті инвесторлар болғанымен, зауыт құрылысының қашан басталатыны әлі белгісіз. Қос тарап арасында келіссөздер
жүргізілуде.