Майқайың кентін суық сумен қамтитын құбырда орын алған ақау қалпына келтірілді. Мамандар тоғыз күнде Екібастұздан кентке дейін тартылған құбыр желісіндегі жөндеу жұмыстарын толық аяқтап, елді мекенге суық су қалыпты деңгейде жетіп тұр.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жөндеу жұмыстарына 240-тан астам адам және 70 бірлік мамандандырылған техника жұмылдырылды. Мамандар су құбырының әрбір учаскесінде кезең-кезеңімен құбырдың қатып қалуы мен ауаның болуы мүмкін тұстарын тексеріп шыққан. Мұндай учаскелер анықталған кезде құбырды бу генераторларымен жылытып отырды. Жекелеген учаскелерде құбырдың айналасындағы топырақ көмір және ағаш шпалдарды жағу арқылы жылытылған.
— Осындай атқарылған жұмыстар нәтижесінде 13,4 шақырымдық құбыр жылытылған. Барлық анықталған ақаулар жойылды, желіні сумен толтыру жұмыстары жүргізілді. Мамандар гидравликалық режимді реттеген соң, Майқайың кентін сумен жабдықтау құбырының жұмыс қысымы артады және штаттық режимде қамтамасыз етіледі, — делінген облыс әкімдігінің өткен сенбі күні берген мәлімдемесінде.
Кеше Майқайың кентінің әкіміне хабарласып, қазіргі ахуалды сұрадық. Кенттің әкімі Ербатыр Молдатаевтың айтуынша, елді мекенге су қалыпты деңгейде жетіп тұр. Өткен жұма түнде құбыр толық жөнделіп, судың қысымы біртіндеп көтеріле бастаған. Қазіргі таңда қысым 2,5-ке жетіпті. Нәтижесінде көпқабатты үйлердің соңғы қабатына дейін су жоғары қысыммен қалыпты деңгейде жетуде.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.