Павлодар облыстық кардиология орталығы — жүрек ауруларын емдейтін еліміздегі үздік мекемелердің бірі.  Бірегей мекеменің білікті мамандары күрделі операцияларды демалыссыз, тәулік бойы жасап, талай адамның жанына араша түсті. Тіпті, Қазақстан бойынша кеуде қуысы аортасы мен өкпе артериясының тромбоэмболиясы сырқаттары осы орталықта ғана емделеді. Алайда, науқастарды аяққа тік тұрғызған мекеменің өз жағдайы көңіл көншітерліктей емес.

Дәрігерлер демалмайды

Облыстық кардиологиялық орталық өз қызметін 2013 жылы бастаған. Содан бері 11 жылдың ішінде 52 мыңнан астам адамды емдеген. 21 мың науқас шұғыл ем қабылдап, оларға күрделі ота жасалған. 7 мыңнан астам адамға ашық жүрек хирургиясы жүргізіліп, 202 мың клиникалық зерттеу жасалған. Яғни, науқастардың қан тамырлары жүйесі толық тексерістен өткен.
Мекеме басшысы Гүлжанат Джакова орталық ашылған алғашқы күннен бастап мамандар заманауи құрылғыларды қолданып, диагностикалық ем жүргізіп келе жатқанын айтады. Бірінші кезекте жүрек-қан тамырлары жүйесімен ауыратын науқастарға кардиологиялық және кардио-
хирургиялық көмек көрсетіледі. Көп жағдайда науқастарға ашық жүрек хирургиясы жүргізіледі. Орталық облысымыздың жұртшы-лығымен қатар Өскемен, Семей қалаларындағы тұрғындарға қызмет көрсететіндіктен, тәулігіне 24 сағат, аптасына 7, жылына 365 күн демалыссыз жұмыс істейді.
— Дәрігерлеріміз күні-түні жұмыс істеуге үйренген. Әсіресе, күрделі ота жасайтын мамандарда жүктеме көп. Олар тәуліктің кез келген уақытында, ұйқыдан оянып та операция жасауға бейімделген. Себебі ауруы асқынған науқастың жанын аман алып қалу үшін уақыт жоғалтпау маңызды. Бір отаға кем дегенде 3 дәрігер қатысады. Мекеме орташа, өте ауыр жағдайдағы адамдарды күн сайын қабылдайды. Бір күнде ең аз дегенде 3 ота жүргізіледі. Операция күрделілігіне қарай 4,5-5 сағатқа созылады, — дейді Гүлжанат Ертайқызы.

Трансплантология да енгізіледі

2021 жылы мекеме базасында нейрохирургиялық көмек көрсетілетін инсульт орталығы ашылған. Реабилитолог мамандар дертке шалдыққан адамдарға аз уақыттың ішінде көмек көрсетіп үлгеруі керек. Дер кезінде жүргізілген ем адамның мүгедек болып қалмауына, жағдайының толық қалпына келуіне әсер етеді. Сондықтан емді жүйелі қабылдаудың маңызы зор. Өткен жылы нейрохирургтар 791 науқасқа көмек көрсеткен. 74 адамға күрделі ота жасалған. Шұғыл ем қабылдаған азаматтар Усолка көшесі, 60-үй мекенжайында орналасқан кардиология орталығында оңалтудан өтеді. Шипажай типіндегі мекемеде былтыр инфаркт, инсульт алған 991 адам ем қабылдаған.
— Медицина саласы күн сайын дамып келе жатыр десем, қателеспеймін. Бұл ретте дәрігерлердің біліктілігін арттыру, озық технологиялардың тілін меңгеру, күрделі отаны жасауда тәжірибе алмасу маңызды. Сондықтан шетелдің мамандарымен шеберлік сағаттарын жиі ұйымдастыруға тырысамыз. Сәуір айында еліміздегі өзге облыстың кардиологтары өңірге келіп, біздің мамандардан қажетті оталардың жасалу жолын үйреніп, тәжірибе алмаспақ. Қазіргі уақытта кардиологиялық орталықта 661 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 98 дәрігер, 138 орта санаттағы медициналық қызметкер бар, — дейді Г.Джакова.
Жалпы, кардиология саласында жүрекке жасалатын ең күрделі 7 ота болса, соның алтауын павлодарлық орталық дәрігерлері жасай алатынын ерекше атап өту керек. Мұнда жүрек алмастыру, яғни трансплантология ғана жүргізілмейді. Оған орталық өңірлік деңгейде ғана қызмет көрсететіні себеп. Гүлжанат Ертайқызы алдағы 4-5 жылдың ішінде трансплантология әдісі де енгізілетініне сенімді.
— Елімізде кеуде қуысы аортасы диагнозына тек біздің ғана орталықта ем жүргізіледі. Аорта – қанды жүректен ағзаның барлық бөліктеріне тасымалдайтын қан тамыры. Егер кеуде қуысында қан ұйылып, тромб пайда болғанда өмірге қауіп төнеді. Сондықтан оның жарылып кетпеуі үшін күрделі ота жасау қажет. Сонымен қатар, өкпе артериясының тромбоэмболиясы диагнозына да осы орталықта ғана ем жүргізіледі. Аталмыш дерт жүрек-қан тамырлары жүйесі сырқаты бойынша үшінші орынды алады. Өкпе эмболиясы – өкпедегі артериялардың бітелуінен пайда болады. Аурудың негізгі себебі – тромбылар. Өкпе эмболиясы көктамырдың тромбымен бітелуінен туындайды. Бұған дейін осы індетке шалдыққандарды өлім аузынан аман алып қалу мүмкін болмайтын. Ал қазір дәрігерлердің біліктілігінің арқасында науқастарымыз дерттен айығып жатыр. Соңғы екі жылдың ішінде мамандар аталмыш індетпен ауыратын 35 адамға ота жүргізіп, өмірін құтқарды. Оның ішінде өткен айда ғана 5 адамға, осы айда 2 адамға операция жасалып, науқастардың бәрі аман қалды. Осының барлығы алтын қолды дәрігерлердің білік-
тілігін көрсетеді, — дейді Г.Джакова.
Гүлжанат Ертайқызының айтуынша, кардиологиялық орталық өз тәжірибелерінде тұңғыш рет симультантты ота жасауды енгізген. Яғни, екі бригада — кардиологтар онколог мамандарымен бірлесіп ота жүргізуде. Сонымен қатар, орталықта ашық жүрекке ота жиі жасалады. Бұл да — күрделі операциялардың бірі. Ашық жүрек хирургиясы – жүректің бұлшық еттеріне, клапандарына, негізгі артерияларға жасалатын ота. Жүрек қуысы ашылып, қан тамырларына хирургиялық ем жүргізіледі. Бұдан бөлек, мамандар аз инвазивті әдісті де енгізуде. Яғни, медициналық құрылғының көмегімен ота жасалатын орынға бірнеше тілік жасалады. Бұл әдіс операцияның аз уақытта жасалуына мүмкіндік береді.

Технология тозып тұр

Байқағанымыздай, орталықта атқарылып жатқан жұмыс ауқымды. Десе де, адам денесінің патшасы – жүректі емдейтін мекемедегі медициналық құрылғылардың тозығы жетіп тұр. Мұндағы технологиялардың барлығы осыдан 11 жыл бұрын орталықтың ашылуы кезінде сатып алынған. 2013 жылдан бері бірде-бір құрылғы жаңартылмаған. Осы уақытқа дейін бірқатары істен шығып үлгерген.
Қазіргі уақытта ультрадыбыстық зерттеу, компьтерлік томография, магнитті–резонанстық томография сынды қажетті құрылғылар 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп тұр. Инженерлер жақында ғана МРТ құрылғысын жөндеуден өткізіп, қайта іске қосқан.
— МРТ құрылғысына қажетті құрал-жабдықтар өте қымбат тұрады. Демеушілердің көмегімен аталмыш аппарат жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар, 3 ангиограф бар. Бұл құрылғы жүрек-қан тамырларын рентген сәулелері арқылы тексеруге мүмкіндік береді. Инсульт алған адамдарға осы аппараттың көмегімен ота жүргізіледі. Бір ангиограф 2-3 жыл істен шығып қалған еді. Өткен жылы ғана демеушілердің көмегімен жөндеуден өтті. Кейбір ультра-дыбыстық зерттеу құрылғылары да кәдеге жарамай отыр.
11 жылдың ішінде орталықтағы аппарат-тардың барлығы қажетті қызметті атқарды. Енді оларды жаңарту керек болып тұр. Біз демеушілердің көмегімен ғана істен шыққан құрылғылардың белгілі бір бөліктерін сатып алып жатырмыз. Одан басқа амалымыз жоқ. Себебі бізге қажетті ультра-дыбыстық зерттеу 180 млн теңге тұрады. Сапалы МРТ құрылғысы 1 млрд теңге, КТ аппараты 800-900 млн теңге тұрады. Оны қалтамыз көтермейді. Сондықтан мемлекеттен бөлінетін қаржыны күтуден басқа амалымыз жоқ, — дейді Г.Джакова.
Мекеме басшысы биыл орталық ішінен кеңес беру-диагностикалық бөлімше ашу да жоспарланғанын айтты. Бірақ белгілі бір себептерге байланысты бұл жұмыс келесі жылы қолға алынбақ. Әу баста орталық ашылғанда емханадағы стационар 60 адамға ғана шақталған. Жыл сайын науқастардың саны артып келеді. Қазіргі уақытта стационардағы бір ауысымдағы адамдардың саны 450-ге жетіп отыр. Кезек өте көп. Бұл ретте бірінші кезекте шалғай ауылдан келген науқастар дәрігерге қаралады. Сондықтан бөлімше ашылса тағы да озық технологиялардың қатарын толықтыру қажет болады.
— Емханалар тіркеуге алынған тұрғындарға қызмет көрсететіні белгілі. Яғни, оларда белгілі бір адам санының бекітілген көлемі болады. Мысалы, емдеу мекемесінде 21 мың адам тіркелсе, тек соларға ғана медициналық көмек жасалады. Ал біздің орталықта ешкім тіркеуге алынбайды. Мамандар ересектерге де, балаларға да қызмет көрсетеді. Сол себепті ем алушылардың саны өте көп. Күн сайын кем дегенде 300 адамға қызмет көрсетеміз. Тәулігіне 900 жүрекке ультрадыбыстық зерттеу, электрокардиограмма (ЭКГ) холтер, қан қысымына мониторинг жасалып, компьютерлік томография, магнитті–резонанстық томография сынды көптеген зерттеулер жүргізіледі. Кардиолог, кардиохирург, аритмолог мамандары тынымсыз науқастарды қабылдап, қажетті ем тағайындайды. Сондықтан да сапалы қызмет көрсету үшін құрылғыларды жаңартудың маңызы зор, — дейді Г.Джакова.
Мекеме басшысы өткір мәселені өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Мәжіліс депутаттары алдында көтергенін айтады. Күрмеулі мәселе мемлекет тарапынан шешімін табатынынан үмітті. Осы орайда, Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантаймен тілдескен болатынбыз.
— Кардиологиялық орталықтың мәселесімен толық таныстым. МРТ, КТ аппараттарының жұмыс істеу уақыты белгілі межеден асып кеткен. Оның кейбір бөлшектерінің өзі бірнеше миллион теңге тұрады. Аталмыш құрылғылар қаншама адамның өмірін сақтап қалып отыр. Әсіресе, коронавирустан кейін халықтың иммунитеті әлсіреп, жүрек ауруларының саны артты. Мекеме басшылығы жаңа құрылғыларға өтінім берген. Енді жауабын күтіп отыр. Егер биыл және келер жылы қаржы бөлінуде қандай да бір кедергі туындаса, мәселені Үкімет деңгейінде көтеретін боламыз. Мәселе бақылауымда, —
дейді Ж.Амантай.

Түйін:

Облыс бойынша жүрекке магнитті–резонанстық томография мен компьютерлік томография тек кардиологиялық орталықта ғана жасалады. Бұл санатқа Өскемен, Семей қалаларының тұрғындарын да қосу қажет. Өткен айда МРТ аппараты істен шыққан кезде кезек саны едәуір көбейіп кеткен. Орталықты қазіргі озық технологиялармен жабдықтаса, мамандар күрделі оталарды жасауда талай жетістікке жетері сөзсіз. Сондықтан адам жүрегінің соғысы тоқтамауы үшін күрмеулі мәселенің уақыт оздырмай шешілуін тілейміз.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.