Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музей-інің қоры ақын Иса Байзақовтың домбырасымен  толықты. Дауылпаз ақынның өз қолымен ұстаған мұндай жәдігер аймағымызда алғаш рет табылып отыр. Жуырда ұлттық аспаптың таныстырылымы өтті.

 

Салтанатты шарада алғаш болып сөз алған музей басшысы Ербол Қайыров бұл аспап аталмыш музейге табысталған Иса ақынның алғашқы домбырасы екенін алға
тартты.

— Алғашқы домбыра Шымкент қаласының музейінде, екіншісі ақын Қалижан Бекхожиннің қолында болған екен. Кейін белгісіз себептерге байланысты жоғалып кеткен. Ескі аспап «Тұмар домбыра» немесе «Қалақ домбыра» үлгісінде жасалған. Ішегі, тиегі сақталмаған.  Домбыраның табылуына Ертіс аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Гүлдана Сәрсембинова мен Иса ақынның немере қарындасы Күләш Әбиеваның үлесі зор. Музейде домбырадан бөлек, ақынның шапаны, еңбектері сақталған, — дейді ол.

Бір ғасырға жуық тарихы бар жәдігер келесі жылы сала мамандарының қатысуымен ақынның 125 жылдығына орай қайта қалпына келтіріледі.

Ұлттық аспаптың табылуына себепкер болған Күләш Әбиева мен Иса Байзақов аталас
туыс.

— Біз Исамен бірнеше атадан қосыламыз. Арғы атамыз Меңдібай осы аймаққа белгілі би болған. Өкінішке қарай, ол кісі жайында ел аузында мәліметтер аз. Меңдібайдан Оразбай туады. Оразбайдың төрт ұлы болған екен. Сол төртеудің үлкені Еркебайдан менің атам Қуантай туса, тағы бір ұлы Өтегеннен Исаның әкесі Байзақ дүниеге келген, — деді ол.

Күләш Әбиеваның сөзінше, Иса ақын 1942 жылы Павлодарға келіп, аудандарды соңғы рет аралайды. Ертіс ауданына ат басын тірегенде осы елді мекеннің азаматы Мүпти Ахметов пен бірнеше өнерпазды жанына ертіп, елді араламақ болады. Кейін сапар соңында ақын Мүпти Ахметовтың өнеріне риза болып, өзінің домбырасын тарту еткен.

— Елде Исаның домбырасы бар екенін осыдан білемін. Содан сол домбыраны көп іздедім. Мүфтидің жолдасы ма екен, балалары ма екен домбыраны Ертістегі музейге тапсырыпты. Бірақ домбыраның тарихын жазып, белгілеп бермеген. Музейде де ешкім құнттамаған. Міне, лайықты орынын тауып, Бұқар жырау музейіне қойылғанына қуаныштымын, — деп тілге тиек етті ол.

Айта кетейік, Иса ақынның шапаны, еңбектері мен қолжазбалары Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде болса, күнделікті өмірде қолданған заттары Ертіс мультимедиялық музейінде сақталған.

Айдана Боранбаева